Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Арыстанбабқа бардың ба, жолын істедің бе?»

«Арыстанбабқа бардың ба, жолын істедің бе?»

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев туралы замандастарының естеліктерін оқысаңыз Димекеңнің, жалпы әулетінің ислам дініне, әулиелерге деген көзқарасы  анық байқалады. Бір әңгімесінде Димекең: «Менің әкем діндар адам емес. Дінді уағыздамайды. Бірақ қатты құрметтейді. Оған тіл тигізбейді. Оның көптеген артықшылығын мойындайды. Барлық заманның талаптарына тұп-тура келетін қағидалары көп-ақ дейді. Өткен пайғамбарлардың өмірі туралы қиссаларды оқып таңданады. Оларға бас иеді. Менің оңтүстік өңірлерге барып қайтқанымды білсе, «Арыстанбабқа, Әзірет Сұлтанға бардың ба, жолын істедің бе?» деп сұрайтын» депті.

Ал Димекеңнің өзі ше? Арыстанбаб кесенесі орналасқан Қызылқұм ауданын 1969-1970 жылдардың қысының аяғында елді мекендерді су басып, халықты әбігерге салды. Сол кезде ауданның бірінші хатшысы Т.Тайбековке Димекең өзі тікелей телефон соғып, ел-жұрт амандығын білген соң, «Жерді топан су алып кетті деп есітіп жатырмын. Арыстанбаб аман ба, судың астында қалған жоқ па?» деп сұрайды. Одан әрі кесененің іргесіне су кетпесін, қабырғасы жарылса немесе құласа екеумізді әруақ ұрады. Жазаның ең үлкені – әруақ қой. Әруақ ұрған оңбайды. Сондықтан бір көзің сонда болсын. Бүгін түнделетіп ТУРВО-дан (Түркістандық әскери округінен) генерал бастаған саперлер барып, вагонымен темір стансасында тұрады. Өзен мен көлдердегі мұз буады деген жерлерді жарғызыңдар. Дұрыстап пайдаланып, менің көмегім керек болса «телефон шал» деп тапсырыпты.
1961 жылдың басында Н.Хрущевқа Түркістан стансасынан өтіп бара жатып алыстан көрінген күмбезді құрылыс жөнінде – бұл Ислам дінін таратушы, философ, ақын Қожа Ахмет Ясауидің мазары, ол осы аймақ үшін «Екінші Мекке», зират орны екенін, ХIV ғасырда жаңа кесенені Әмір Темір тұрғызғанын, қазақ хандары осы жерде жерленгенін, кесенеде қазақтың атақты ханы Абылайдың жатқанын, оның қазақ халқын біріктірудегі қызметін сипаттап, ұрпақтары Шоқан мен Кенесары екенін айтып береді. Демек бұдан біз Д.Қонаевтың мұнда ертеректе болғанын, Түркістан тарихына қанық екенін білеміз.
Димекең 1968 жылдың қысында Қырымда демалыста болғанда Тегераннан келген діни қоғам мүшелерімен кездеседі. Сонда бір кісі «Сіздің Раббыңыз кім, дініңіз қандай, пайғамбарыңыз кім, құбылаң қайда, кімнің ұрпағысыз, миллетің кім?» деп сұрағанын және оған «Алла тағала, Ислам, Мұхаммед, қағба, Муаззамда, Алаш ата, Ибрагим» деп жауап қайырғанын бір сөзінде келтіріпті. Сондай-ақ: Онтүстікке барған сайын, – депті Димекең тағы бір әңгімесінде, – жасы да, жолы да үлкен, Пайғамбардың көзін көрген деп алдымен Арыстанбабқа, содан кейін Қожа Ахмет Ясауиге кіріп шығушы едім. Артық айтқан жерім болса, істеген оғаш қиянатым болса, кешіре гөр деп іштей тілеуші едім. Өзімді рухани жеңілдеп, әрі жетіліп қалғандай сезім билейтін, депті.
Арыстанбабты ерекше қастерлеуінің және бір айғағы – Кеңестік кезде Қызылқұм (қазіргі Отырар) ауданы басшылары Арыстанбабқа таяу жердегі жайқалған жүгері алқапты Д.Қонаевқа көрсетпек болып, ағаш бөренелерден мұнара іспетті биік мінбер жасатып, мәртебелі қонақты осы орынға алып келген. Бірақ көліктен түскен Димекең мінбеге көтерілсе, мұнараның Арыстанбаб кесенесінен биіктеп кеткенін байқап: «Бабадан жоғары болмай-ақ қояйық» деп жерге түсіпті. Ол кісінің Бәйдібек ата, Домалақ ана, Төле би кесенелеріне, қазақтың басқа да киелі орындарына барғанын да оқырмандар жақсы білсе керек. (ЕҚ, 4.02.2022 жыл)***

Кезінде қазақ КСР мемлекеттік Кинематография комитетінің төрағасы қызметін атқарған Қанат Саудабаевтың жазбасында мынадай жолдар бар екен: 1985 жылы наурызда  КСРО басшылығына М.С.Горбачев келгеннен кейін Д.А.Қонаевқа Кремльдің суық қарағанын сездік. Сол жылдың қыркүйегінде Горбачев жұбайымен және өзімен еріп келген қалың топпен Целиноградқа ұшып келіп, ауыл шаруашылығы мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Ол жерде «Горбачев Қазақстанда» деген деректі фильм он екі сағат түсірілді. Соны қарап отырып, Кеңес Одағының жаңа басшысының Қазақстанды және Қонаевты менсінбейтініне, дөрекі мінез-құлқына таңғалдым және ренжідім. Сөйтіп он екі сағаттық түсірілімнің ішінен Горбачевтың дөрекі әрекеттері мен әдепсіз мінез-құлқын мүмкіндігінше алып тастап, отыз минуттық фильмді әрең жинадық.
– Жүрегім ауырып, фильмді Димаш Ахметұлының өзіне көрсетуге бардым, – депті одан әрі Қ.Саудабаев, – қарап болған соң кешірім сұрап, Димаш Ахметұлына фильмнің қаһарманы және оның Целиноградта болғаны туралы не ойлайтынымды айтып бердім. Бұған жауап ретінде Димаш Ахметұлы маған былай деді: «Горбачев ел басындағы қызметін Хрущев сияқты бастады, бірақ оның ақыры Хрущевтан да нашар болады. Мен өзімді сындырмаймын және Горбачевпен жұмыс істеспеймін. Жақында Мәскеуге барып, оған зейнеткерлікке шығуға өтініш беремін», – деді.
Д.Ахметұлы әулие адам ғой, бәрі де айтқандай болды емес пе?!

«Қамықпа, Байке, бәрі жақсы болады...»
Тарих куә. Орталық комитеттің Бас хатшысы Михайл Горбачев ең алдымен Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаровты «Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырды, қаражат жинап, студенттерді алаңға жинап шықты» деп айыптады. Оны дәлелдей алмаған соң «Ішіп қойды, жеп қойды» деп кінә таққан. Тергеушілер жалған куәлар тауып, негізсіз жала жапты. Асқаровтың Мәскеудегі тергеу ісі табандатқан төрт жыл бойына жүргізілді. Ал Бішкектегі сот қарау ісі 17 айға созылды. Мұндай сорақылық әлемдік сот тарихында бұрын-соңды болмаған екен.
Мәскеуліктер қолқа салған қырғыз ағайындардың судьялары: «Біздің Асқаровтай жазықсыз бауырымызды соттауға ар-ұятымыз бармайды» деп жөн арқасын көрсетіпті. Одақтық бас прокуратураның қызметкерлері Қырғыз Республикасы жоғарғы сотының мүшесі, судья Найла Ибрагимоваға «Саяжай, жеке пәтер, жеңіл көлік алып береміз» деп өз дегендеріне  көндіреді. Көздегендері – Асқаровты және оның серіктерін қалайда қылмысты етіп соттау. Бірақ олар үшін бұл іс «Узбекское дело» тәрізді оңай шағылатын жаңғақ болмаған. Жан беріп, жан алысқан сотта бәрі де өз құқықтарын қорғап, Мәскеуден келген мемлекеттік айыптаушылардың адымын аштырмай, жапқан жала қылмыстарын әшкерелеп, мойындаудан бас тартқан. Асқаровтың төрт қорғаушысы болған. Солардың өзі Асқаровтың білім-біліктілік деңгейіне жете алмады. Тек сот төрағасы мен мәскеулік прокуратура қызметкерлерінің сұрақтарына Асекеңнің жауаптарын қайталаумен шектелді. Асекең өзін-өзі қорғады. Алайда Компартия билеген диктаторлық-авторитарлық жүйенің сотына ешқандай уәж, айғақ пен дәлел қажет емес еді.
Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, генерал Әлімжан Ахмадиннің 2013 жылы «Мерей» баспасынан «Бақыт—сенің қолыңда» атты кітабы жарық көрген-ді. Сонда Ә.Ахмадин: «Мен Қазақстанда Колбиннің билігі жүріп тұрғанын біле тұра, Бішкекке бел буып барған едім. Асанбай Асқаровты қорғап сөйлегенім үшін көп болса қызметтен босатар, бірақ генералдық шенімді ала алмайды. Асқаровтың көз алдымда ел үшін істеген ізгі жұмыстарын айтпасам, менің ар алдындағы адамгершілігім қайсы?! Сот алдында Асқаровтың ақ екенін айтып, сыртқа беттегенімде Асекеңнің әйелі Фатима жеңгей дәлізге жүгіріп шықты. «Әлімжан, шырағым, ағаң адам таниды. Сен туралы «Осы жігіт дұрыс маман. Ісіне адал азамат» деуші еді. Сол айтқаны айдай келді. Шындықты жайып салғаның үшін өзіңе деген разылығым шексіз. Рақмет, айналайын!» деп жанарына жас толып, иегі кемсеңдей берді» депті.
А.Асқаровтың сотта қойылған сұрақтарға жауабы, өзін еркін ұстауы, өзіне деген сенімділік – бәрі-бәрі мәскеулік жазалаушылардың дегбірін қашырса керек. Әсіресе соңғы сөз берілгенде алпыстың жетеуіндегі Асекең тебіреніп, төрт сағат бойы  тапжылмай тұрып сөйлепті ғой!
Сот процесіне сол кездегі Қырғызстан Президенті Асқар Ақаевтың келгені неге тұрады? Кетерінде Асекеңнің жанына барып: «Қамықпа, Байке, бәрі жақсы болады» деп күш-жігер бергенін айтсайшы! Сот төрағасы Ибрагимова мәскеуліктердің ықпалынан шыға алмай, жазаға тартылғандардың алдына он екі, кейінгілеріне сегіз жылдан үкім шығарған. Сонда Ақаев өзіне берілген жалғыз жеңілдікті пайдаланып, Асанбай Асқаровтың ісіне «Кешірім жасап», түрме қапасынан босатқанын жұрт біледі. Ал өзгелері жазасын өтеуге Қазақстан түрмесіне ауыстырылады. Республикамыз Тәуелсіздік алғаннан кейін, оларға өз елімізде қайта сот болып, ақталды.
Бұл арада Асқар Ақаевтың бауырмалдық, адамгершілік ұстанымынақалайша разы болмайсың?!

Дайындаған: Захир ЖҰППАМБЕТ
Арал қаласы
15 наурыз 2022 ж. 834 0