Жаңа қоныстағы Жаңа жыл
Халық «Суворов ипотека» атап кеткен қаланың №2 мөлтек ауданында тұтас бір ауылдың халқындай тұрғын бар. Қаз-қатар тізілген қызылды-жасылды үйлердің барлығында қазір бір-бір отбасыдан жайғасқан. Барлығы да баспанаға мұқтаж көп балалы отбасылар, асыраушынан айрылған отбасы, тұлдыр жетімдер және бұған дейін тұрған баспаналары апатты деп танылған тұрғындар. Бір атаның балаларындай болып, біріге қалатын бұл шағын ауданда батыр ана мен белсенді де, асаба мен ұстаз да, дәрігер мен журналист те тұрады. Құтты қоныстарына биыл жайғасқан жандар Алла жазса Ұлыстың Ұлы күні мерекесін жаңа үйлерінде алғаш атап өтпекші.
Жұмыста түскі асқа келіп, аяқ созып жатқан бойым еді, есік қағылды.
– Ассалаумағалейкүм, бұл үйде ер адам бар ма?
– Бар, айта беріңіз.
– Бір ойластық бар еді, сыртқа шықсақ.
– Жарайды, – деп есік алдына аялдадық.
– Есімім Жаңалық, сіздің үйден екі үй ары тұрамын. Көршілерімді әлі толық танымаймын, сіз де солай шығар.
– Дұрыс айтасыз, оң мен сол жақтағы және қарсы беттегі көршілер болмаса басқаларын толық біле бермеймін.
– Соңғы берілген көк үйлерде де қаншама жанұя бар. Сол қатардан Мархабат деген асаба жігітті білуші едім. Сол жігіттермен ойласып өзімізге ортақ ватцаптан арнайы чат (топ) ашсақ деген ойға тоқтағанбыз. Алдымызда Наурыз мейрамы келе жатыр дегендей. Бәлкім, ақылдаса келе осы мерекені өз көшемізде атап өтерміз. Қайткенмен жаны аралас, қойы қоралас көршілерміз ғой. Айналып келгенде, бәріміз де бір шаңырақтың астындамыз – деп жақсы ой тастады Жаңалық көршім.
– Дұрыс бастама, мен қос қолдап қолдаймын. «Ағайыннан көрші артық» деген. Өмір болған соң түрлі жағдай болады. Бір-бірімізді көршіден артық сыйлап, бауырдай болып аралассақ оның несі жаман.
Осылайша байланыс нөмір алысып болған соң, өзге көршілерді аралап Жаңалық кетті. Арада көп уақыт өтпей-ақ «Жаңа көршілер» деген ортақ топ (чат группа) ашылды. Бас-аяғы бірнеше күнде қатары толығып шыға келген топ үлкен мен кішінің басы қосылған ойластық алаңына айналды. Жаңа көршілер бір-бірін енді тауып жатқандай. Есен-саулық пен ортақ таныстық. Жаңа қонысқа құтты болсын айтып, жақсы сөзді жарым ырысқа балап жатқан жандар қаншама?!
Арада көп уақыт өтпей-ақ көршілер болып бүгінгі «22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні» мерекесін атап өту бастамасы қозғалды. Көбі мақұлдап, бастаманың дұрыс екенін айтып жатыр. Әрине көңіл болғанмен, көп дүние қаржыға келіп тірелері анық қой. Мұндайда бас көтеретін белсенді көршілер ортақ мерекені қалай атап өту керектігі жөнінде ой тастады. Әрине бәрін сол күнгі ауа райы шешеді. Күн жылы болып, шуағы төңіректі нұрландырып тұрса, мерекені көше бойында атап өткен жөн. Ал қыстың табы осылай әлі қытымырлық танытып тұрса ортақ үй шығарып, сонда атап өткен ләзім.
Сонымен, бүгін 22 наурыз – Ұлыстың Ұлы күні наурыз мерекесін жаңа қоныстағы жаңа көршілер болып атап өтеді. Ниеттеп құрбан шалынды. Қазан көтеріліп, ас та төк ырыстың бастауы болған Наурыз көже дайындалды. Көршілер бір-бірін бауырына басып, күн мен түннің теңелер шағында сағына қауышып жатқандай. Ешкімнің ешкімге өкпе-реніші жоқ. Барлығы да бір-бірін енді көріп жатса да, бұрыннан араласатын жандардай ортақ тіл табысып жатыр. Жастар жағы жарасымды тірлік көрсетіп, қызмет барысында жүр. Үлкендер жағы жақсы әңгіме өрбітіп, мәні зор мерекенің маңыздылығына тоқталуда. Бұл мерекеде ұлттық ойындарға да уақыт табылады. Арқан тарту, асық ату немесе ләңгі тебу сынды ойындарды өткізу жоспарда бар.
Бата-тілектің тиегі ағытылған сәтте Қызыр бабадан тату көршілік пен ырыс, ынтымақ тілескен жұрттың ендігі тілегі көшеге жаңа атау беріліп, тас жол төселіп, самаладай жарық шамдар жүргізілсе деген. Қайткенмен, жаңа мөлтек аудан болып қалыптасқан бұл жаққа да басшылықтың назары ауып қалар. Кезінде бұл жақты жаңа аудан ету жоспары күн тәртібінде тұрған тұғын. Демек көтерілген бастамалардың толық нұсқасы әлі аяқталған жоқ. Соның аяқсыз қалмауын тілейді тұрғындар.Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, жаңа қоныстағы жаңа көршілер.
А. БИСЕНОВ