Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Наурызға тілек, ақ бата!

Наурызға тілек, ақ бата!

Биссмилләһир рахманир-рахим
Ете гөр, Тәңірім рахым!
Уа, аралдық бауырлар,
Үлкен-кішің, бәрің бар.
Арманы асқақ ағайын,
Сөзіме құлақ салыңдар!
Наурыз күні шаттанып,
Сендерді көріп рухтанып.
Ақ батамды берейін,
Ақ көңілден ақтарып!
Жүздеріңнен нұр кетпесін,
Жүректеріңнен жыр кетпесін.
Теңіз-анам толысып,
Жерлеріңе дән көктесін!
Жақын болып алысың,
Толымды болып табысың,
Баянды байлық кетпесін.
Соғыс құмар озбырлар,
Жамандық қуған азғындар,
Дегеніне жетпесін!
Нұрлы күнім кемелді
Шаттыққа бөлеп әлемді,                  
«Достық» күйі тербесін!
Тәуелсіз елім жыр-әнім
Бірлігім болып ұраным,
Қазағым биік өрлесін!
Барыс жылым құт болып,
Қазаныма ақ толып,
Төрт-түлігім семізден
Тусын түгел егізден!
Ұлыс күні оң болсын,
Ақ тілегім жол болсын!
Қыдыр дарып,бақ қонып
Дастарханымыз мол болсын!
Елге арнаған еңбегін
Аман болсын ерлерім!
Бірлік туын нық ұстап
Түгел болсын төрдегім!
Осы батам бар болып,
Жаратқан Аллам жар болып,
Қолдасын баба пірлерім!
             Әумин!
Мұрат Сыдықұлы Сыдықов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері, күйші-композитор, ақын-жырау
27 наурыз 2022 ж. 1 001 0