Әнімен әлемді тербеткен
Құлақтан кіріп, бойды алар, – деп Ұлы Абай атамыз айтқандай, «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың әсем әндері елімізді ғана емес, әлемді тербеткен. «Келесі кезекте Шәмшінің әні...» деген хабарлама айтылса болды тыңдармандар құлақтарының құрыштары қанғанша сілтідей тынып, тыңдаушы еді.
Шәмшінің көзін көргендердің айтуларына құлақ салып, өз жазбаларына көз жүгіртер болсақ, оның бітім-болмысының қарапайымдылығына қайран қаласың. Менмендікке салынып, атақ-даңқ қуалаған емес. «Менің басты байлығым – денсаулығым» деп, өзі өлсе де артында өлмейтұғын ән қалдырған. Айтар ойымыз орнықты болуы үшін Шәмшінің өзі айтқан бір әңгімесін оқырмандар назарына қаз-қалпында ұсыналық.
***
Бір күні, – дейді Шәмші, – маған Нұрғиса Тілендиев хабарласып, Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауына шақырып жатқандығын айтты. Күтпеген хабарлама, қуанышта шек жоқ. Ал, дайындалайын. Үйімде киіп көрмеген жақсы кастюм мен голландиялық күрең қызыл туфли бар болатын. Шынымды айтсам, әлгі кастюм және мен бір-бірімізге жараспайтынбыз (күлкі).
Сонымен таңғы сағат сегізде Нұрғиса үйіне бардым. Ол орталық партия комитетінің бір қызметкеріне (ұмытпасам есімі Дүйсетай) телефон шалды. «Дүйсетай кім?» дегенмін. Сөйтсем ол Д.Қонаевтың көмекшісі екен. Ұзын сөздің қысқасы сол, патша (Д.Қонаев) бізді сағат 4-те қабылдайтын болыпты. Не істеу керек? Басы құрғыр жазылмаған, (күлкі) тозаққа түскендей күй кештім.
Түске таяу Нұрғиса үйіне Ыдырыс Ноғайбаев бастандырған шығармашылар, ішінде әншісі бар, ақын-жазушы, сазгері бар 10-15 азамат келді.
Әңгіме дүкенін арқа-жарқа ашып отырғанда Аллаға рахмет, сағат үш болыпты (күлкі). Үйден шығып Үкімет үйіне жаяулап келеміз. Жолдағы «Қаракөз» деген азық-түлік дүкеніне көзім түсті. Барғым-ақ келеді, бірақ болмайды (күлкі).
Ой үстіндемін. Патша шақырса жай шақырмайды, міндетті түрде сый-сыяпат жасайды деген ойдамын. Айтар өтінішің болса, сол сәтте шешіп те жібереді. Шынымды айтсам, ештеме сұрағым жоқ. Өйткені үш бөлмелі үйім бар, ол бір қатын мен екі балама жетеді. Ал, өзім болса да көбіне-көп далада жүремін (күлкі).
Үкімет үйіне де келдік. Нұрғиса екеуміз Дінмұхамед көмекшісі Дүйсетай (ата-тегі есімде жоқ) кабинетіне кірдік. Қалғандары сыртта қалды. Дүйсетай бізді Қонаевтың қабылдау бөлмесіне алып барды. Ірі денелі сары қатын отыр екен, шамасы татар болуы керек. Қабылдау бөлмесіндегі темір жол сағатындай үлкен сағат пен әлгі қатын алдындағы 12 телефонды санамалап, көз салдым.
Қойшы, сонымен Дінмұхамед Қонаевтың кабинетіне кіруге бет алдық. Қос есікті екен. Есікті Нұрғиса ашады, соңында келе жатырған мен жабамын. Кірдік. Кабинетінде қызыл масатымен көмкерілген ұзындығы шамамен 10-15 метрлік стол бар екен. Айнала 50-60 орындық қойылған. Ұзын стол үстінде шылым салғыш бар екен. Бір темекі тартқым-ақ келмесі бар ма? (күлкі). Патша төрде отыр. Нұрғиса Дінмұхаңның оң жағына жайғасты, ал мен болсам сасқалақтап қалдым. Өйткені, патшаның алдымен кесе өтуге болмайды, ол күнә болады. Сонымен әлгі ұзын столды айнала жүріп, сол жағына барып жайғастым-ау. Аман-саулық сұрасқан соң әңгіме де басталды.
– Шәмші, мен еліміздің түкпір-түкпіріне барумен жүремін. Барған жерде шай ішіледі, ән салынады. Көбіне-көп сенің әнің шырқалады. Мен де қосылып отырамын. Содан да сені шақырып, көзбе-көз танысайын деп едім, – деген Дінмұхаң Қазақстан елінің тыныс-тірлігі жөнінде кеңірек әңгіме қозғады да «Шәмші, балаң бар ма?» деген сауалын тастады. Сасқалақтай отыра «екі балам, келінім бар» дегенмін. Келесі сауалын тастады.
«Шәмші, сен шалғайдағы шағын ауданда тұрады екенсің? – деген-ді. «Иә, үш бөлмелі үйім бар, бізге жетеді» дедім. «Жақында орталықтан тұрғын үй алып беремін» деді. Қуанышымда шек жоқ. «Кітаптарың шықты ма?» деген сауалын да тастады. «Бір кітабым шыққан» дегенім сол еді «Тағы да бір кітабыңды шығарып беремін» деген жауабын алдым. Енді-енді рахат сезіміне бөлене бастағанда Дінмұхаң «Шәмші, сен ана нәрсені доғаруың керек» дегенде әлдекім тас төбемнен ұрғандай күй кештім. «Арақ» деп айтқан жоқ, бірақ мен сол екенін сезіп отырмын. «Мақұл, аға» деп мойындадым, бұлай айтпасқа лажым жоқ (күлкі).
Келесі кезекте Дінмұхаң «Шәмші, арызың бар ма?» деді. «Жоқ» дедім. «Өтінішің бар ма?» деді. Тағы да «жоқ» дедім. Егер сұрар болсам, мен бүгінде Қазақ ССР-інің ғана емес, «Кеңестер Одағының халық әртісі» болар едім ғой. Маған әлдекімдер тәрізді атақ-даңқты сұрап алудың қажеті жоқ болатын. Айтқандай, менің алдымда Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі сазгер Әбілахат Еспаев ағам бар. Ол кісімен ағалы-інілі сыйластығында болатынбыз. Әбекең тірі тұрғанда оның алдын мен қалайша орап кетпекпін. Қойшы, сонымен «Дінмұхаң, ештеме қажеті жоқ, қайта қабылдағаныңызға мың да бір рахмет» деп бір-ақ қайырдым ғой.
Ендігі әңгіме желісі Нұрғисаға ауысты. Нұрекең Дінмұхаңа өз кітабын тарту етті. Алды да кітаптың қақ ортасын ашып, қайта жауып, өзіне қайтарды. Мұнан соң Нұрғиса «Дінмұхаңа Ыдырыс Ноғайбаевтың әлгінде беріп жіберген арызын ұсынды. Ол кісі арызды алды да оқымастан «Бұл арызда не дейді екен?» деген сауалын тастады, Нұрғиса: «Ыдекеңнің бір бөлмелі үйі бар екен, кеңірек үй сұрайды» деді. Дінмұхаң ойланбастан «Үй беріледі» деді де арызды қайтарып берді. Не деген азаматтық десеңізші!
Әңгіме соңында Дінмұхаң телефон тұтқасын алып: «Әй, Саттар, менің алдымда Шәмші мен Нұрғиса болып кетті (біз отырмыз), өткендегі менің тапсырмам аяқсыз қалып жүрмесін» деді. Не мәселе екенін білмейміз, шамасы «Тұрғын үй мәселесі болар» деген ой түйгенбіз.
Бір таңғаларлығы, Дінмұхаң әңгіме үстінде бірде-бір орыс сөзін қолданған емес, таза қазақ тілінде сөйледі. Жасыратыны жоқ, біздер болсақ әңгіме барысында орыстың «Но» болмаса «и» деген тіркестерін қолданамыз ғой. Айтпағым, бүгінгі билік басындағылар Дінмұхаңның ана тіліне деген осындай аса құрметінен сабақ алса, нұр үстіне нұр жауар еді.
Үкімет басшысы Д.Қонаевтың қабылдауында болуым маған Алланың басыма берген бағы болатын. Шапағатын көрдім. Көп ұзамай Алматының қақ ортасынан В.И.Лениннің 100 жылдығына орай салынған тұрғын үйден төрт бөлмелі пәтер иелендім. Осы үйден Асанәлі Әшімов, Сабира Майқанова, Ыдырыс Ноғайбаев, тағы басқа ондаған шығармашылық топ пәтер алып, көрші қоныс тептік.
Сөз соңында ел-халыққа айтарым, дүние-мүлік пен атақ-даңқты сұрап алудың көк тиынға қажеті жоқ. Мұндай байлық та, билік те уақытша. Басты байлығымыз – денсаушылығымыз. Денсаушылықтарың болса, бәрі болады. Жоғарыда айтқандай, маған атақ-даңқтың қажеті жоқ. Егер Дінмұхаңнан сол жолы сұрағанда машина да алар едім, атақ-даңқ та алар едім. Аларсың-ау, бірақ бәрі де өледі. Өшпейтұғын ізің мен өлмейтұғын ісің қалса, қанекей. Менің өлмейтұғын әнім қалса, мәңгілікке тірімін.
Еркін ӘБІЛ,
жазушы-журналист,
Қазақ журналистикасының қайраткері