Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » 40 санының киесі қандай?

40 санының киесі қандай?

Қазақ үшін әр жылдың, әр мезгілдің киесі бар. Тіпті апта мен күннің ара-жігіне анағұрлым баға беріп, сол кезеңдердегі жаратылыстың тылсым құбылысына қарай ертеңгі күнге баға беріп отырған. Әрине мұндай кемеңгерлік пен ерекше қасиет қазақтай халықтың бойынан табылуы ең алдымен уақытпен үндесіп тіршілік етуінде деп ойлаймын. Сол уақыттың өлшем бірлігі болып саналатын санда да қазақ үшін кие бар деп айтуға толық негіз бар.
Айталық, 40 саны. Осы санның киесін Құраннан бастайық. Мұнда адамның жаратылыс кезеңі 40 күн өлшемімен айтылады. Яғни 40 күнде бір тамшы ұрық су-қанға айналады, 40 күннен кейін етке, тағы 40 күннен кейін сүйекке, одан 40 күннен кейін ет пен сүйекке жан бітеді және 40 күн өткен соң жан ет пен сүйекті адам пішініне айналдырады. Содан 40 күн ішінде шақалаққа сезім мүшелері дамиды, тағы қырық күнде бала толысады, сонымен 280 күнде толық жетіліп, дамыған бала өмірге келеді. Яғни 40 апта, сол 40 аптада 9 ай, 9 күн бар. Арыға бармай-ақ 40 санының киесін осыдан байқауға болады. Одан кейінгі өмір сүру кезеңін алатын болсақ, халқымыздың салты бойынша дүниеге келген нәрестені арада 40 күн өтпейінше күн сайын шомылдырып, оның денесіне түрлі массаждар жасап, буындарының толық жұмыс жасауы үшін маймен ысқылайды. Бірақ бұл аралықта шашын немесе тырнағын алмайды. Осылайша баланы 40 күн бойы шомылдырып, буыны қатайғанша түрлі тәсілдер арқылы оны алдағы өмірінде кездесуі мүмкін әртүрлі ауру-сырқаулардан сақтандырған. Осылай бала өмірге келгеніне 40 күн толған сәтте оны қырқынан шығарып, ағайын-туыстың басын қосады. Себебі табиғи заңдылық бойынша нәрестенің сүйегі мен еті қосылады, адам болды деген тұжырым бар. Сол сәтте баланы 40 қасық суға шомылдырады және 40 тілеу тілейді. Шашы мен тырнақтарын алады.
Адам баласының өмір сүру салтында да 40 санының киесін ерекше аңғаруға болады. Мәселен, 40 жасқа келген адам туған күнін тойламайды, керісінше садақа береді. Адам өз өмірінің қаншалықты деңгейде екенін көрсетуге де 40 жыл уақыт жеткілікті. Өйткені сол аралықта адам баласының белгілі бір деңгейі қалыптасады. Мейлі ол ақын болсын, батыр болсын. Бай немесе кедей болып өмір кешуге де осы уақыт өлшемі жеткілікті. Қазақ «Қырықта қия шапқан қылыштайсың немесе отызында орда бұзбаған қырқында қамал алмайды» деп бекер айтпаса керек-ті.
Ал бала тәрбиесінде «Қызға қырық үйден тыйым» деген бар. Олай деуінің де астарында үлкен мағына жатыр. Неге десеңіз, қазақтар кезінде киіз үй тіккенде, үй арасы 40 қадам болған. Демек қыз баланы жат жұрттық болған соң оның өмірін түзде емес, үйде өткізгенді жөн санаған. Арасы 40 қадамдық қырық қоныстан ары асырмай, оның еркіндікке тән әр қылығын 40 тыйыммен тыйып отырған. Сондықтан болса керек, халқымыз «Ұлыңды басқа үйден тойдырма, қызыңды басқа үйге қондырма» деп айтқаны.
Қазақ тұрмысына тән мал шаруашылығында да 40 санының киесі айрықша байқалады. Мысалы, малды бордақылағанда, жылқыны жемдегенде 40 күнге жеткізген. Өйткені сол аралықта малдың күтімінен белгілі бір нәтиже шыққан. Ал одан артық мерзімде бабы келіспесе, оны тұқымы аздыға санып, сойып ет қылған немесе өзгеге сатып жіберген.
Міне, адам баласының тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмыры 40 санымен тұтас байланысты болса, оның бақиға аттанғаннан кейінгі сәті де 40 санымен шектеседі. Айталық, адам дүние салғаннан кейін мәйітті жерлегенде, адам 40 қадам бейіттен кеткеннен кейін, сұрақ-жауап басталады. Адам бақиға аттанғаннан кейін оның қырқын өткізеді. Өйткені осы уақыт аралығында мүрденің еті мен сүйегі ажырайды.
Расында да ата-бабаларымыз табиғатпен байланысып, тылсым әлемнің қыр-сырын жақсы білген. Көзге көрінбейтін тылсым дүниенің жұмбағының шешімін ашып, ұрпаққа жалғастырып отырған. Мұндайда біз сөз еткен әрбір санның, әрбір өлшемнің көмектескені ақиқат.
А. ҚАРАСАЙ
02 сәуір 2022 ж. 1 916 0