Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сөздің де киесі бар

Сөздің де киесі бар

Адам баласының жанын жадыратып жаз қылатын да, құлдыратып қыс қылатын да – бір ауыз сөз. Ауыздағы сөз жақсы болатын болса, адамға рақат сыйлап, көңілін көтеріп, жабырқаған жанын жайлатып, тіпті дертіне шипа береді.
Сөз құдіреттілігі шексіз. Адам қуанышына ортақтаса білу немесе қайғырғанда жұбата білу де сөзді дұрыс қолдана білуге байланысты. Дұрыс сөйлеу мəдениеті адамның ойлау қабілетінен, оның бейтаныс əлемінен хабар береді. Адамның сөйлеген сөздері, оған деген сенімді ұялатады немесе жоғалтады. Кісінің жақсылығы жомарттығы, жамандыққа төзімді болуы және сөзі жақсы болуынан білінеді. Содан да болар, Жаратушы ие айтқан сөзінен гөрі естігені көбірек болсын деп, адамға бір тіл, ал көз бен құлақты қос-қос етіп берген.
Əр адам өз алдына жеке тұлға жəне әркімнің сөйлеу мəнері де өзгеше. Кедей адамға ақша туралы немесе жетім адамға ата-ана туралы əңгіме айтылмауы қажет. Былайынша айтқанда, адамның жүрегін жібітетін де – сөз, тату жандарды араздастыратын да – сөз. Сондықтан аузымыздан шыққан əрбір сөзге абай болғанымыз жөн. "Сөздің киесі бар" дейді қазақ. Бірақ соған мән бере бермейміз. Орнымен қолданылмаған сөз түбінде қырсыққа ұшыратады. Лұқпан Хәкім: «Түскен жеріне тастан ауыр бататын, инеден де үшкір боп тесіп өтетін, сабырдан да ауыр тиетін һәм шоқтан да ыстық күйдіретін сөздің де сөзі бар» деген екен.
Иә, сөздің киесі бар. Ауыздан шыққан сөз адамның болмысын айқындайды һәм тағдырына да елеулі әсерін тигізеді. Жүректегі ой мен ниет тіл арқылы білінеді. «Расында пенде, ешбір мән бермей, Алла тағаланы риза ететін бір сөз айтады, сол сөзімен Алла оның дәрежесін көтереді. Сондай-ақ пенде ешбір парқына бармай, Алла тағаланы ашуландыратын бір сөз айтады. Сол сөзі адамды тозақ түбіне түсіреді», – делінген.
Жақында әлеуметтік желідегі бір жазбаларға көзім түсті. Кешегі қапыда қыршын кеткен мәнерлеп сырғанаудың шебері Денис Теннен: «Спортта қай жасқа дейін жүресің»  деп сұрағанда, «25 жасқа дейін»,– деп жауап берген екен.
Айтыскер ақын Оразалы Досбосынов көбінесе сөзді:
Атым Ораз болғанмен,
Отыздан жасым аспаған,
Иегін сақал жаппаған.
Сүйінбаймын, Жамбылмын,
Таңжырықпын, Шарғынмын , – деп бастайды екен. Шынында жасы отыздан аспады, небары 29 жасында бұл фәнимен қош айтысып кете барды.
Кейін Оралдан шыққан Асылбек Исщанов деген ақын бала өзінің ең соңғы айтысында:
Бір күнде бес ақынмен,
Айтысып бәрін жеңетін,
Оразалының жолын бер ,– деп жырлапты. Арада көп уақыт өтпей жап-жас Асылбек тура Оразалы ағасына ұқсап жол апатынан қаза тапты.
Атақты Жәнібек Кәрменовтің термесінде: «Жалғыз шықпа сапарға, өкініште қаларсың» деген жолдар бар. Сол Жәнібек ағамыздын жолға жалғыз шығып кетіп, жүрегі тоқтап қалып қайтыс болғанын біреу білсе, біреу білмейді.
Атақты Мұқағалидың да:
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,
Қырықтың бесеуінде,– деген өлеңі бар.
         Ақиық ақын шынында 45 жасында дүниеден өткен еді.
Қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың «ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам» дейтін xит әні болды. Ол да шынында ұйықтап кетіп оянбады. Шығармашылық мүмкіндігі мол, табиғи таланты мен дарыны тұрғыластарын қайран қалдырған, бар-жоғы 21 жасында жарық жұлдыздай ағып түскен Артығали Ыбыраев та: «Күлімдеп тұрып, қиылып түссем қыршындай» деп жырлаған екен. Шынымен де солай болды.
Біз көбінесе сөзге мән бермейміз. Әсіресе балаларға ұрыссақ, артық кетіп қаламыз. Кейде бір істің реті келмей, бір адамға ренжіп жатсақ қапаланып ашуға беріліп, тіпті кейде қарғап-сілеп жататындар да аз емес. Пенде болған соң өкінішке орай сабырсыздыққа бой алдырып, бір-бірімізге ауыр сөздер айтып, көңілімізді қалдырып жатамыз. Алайда, ашуды ақылға жеңдіруге әбден болады. Ол үшін адам алдымен өзін-өзі тәрбиелеуден бастау керек. Алдымен айтар сөз бен ойды түзеген абзал. Қарғыс айтпау  керек, жаман тілек айтылса қабыл болып кетуі мүмкін. Мысалы, "әне, ананы көре қал, ертең ана бала шпана болып кетеді, бандит, ұры болып шыға келеді" немесе шешесі шаршаған кезде баласына біздің ауылдық жерде "жетпегір, көгермегір", тағы басқа жаман сөздер көп айтылып жатады. Оның бәрі баланың болашағына кері әсерін тигізеді. Қырсық, тәртіпсіз болады. Ал егер "мына бала көре қал, ғалым болады данышпан болады, ел басқарады" деп мақтасақ, бала еңбекқор, ақылды, сүйкімді болады. Ендеше жақсы ойлап, тек қана жақсы сөз сөйлеп үйренейік.
Осы турасында жақсы сөз бен жаман сөздің адамға тигізетін әсері жөнінде мына бір оқиғаны тілге тиек етпекпін.  Жапон елінде бір ғұлама адам екі ыдысқа толтыра су құйып, оның біріне тек жақсы сөздер айтып, ауруына ем сұрап, жанына шипа дұға тілеп суға дем салыпты. Ал екінші ыдыстағы су адамға кері әсер ететін, яғни қарғыс сөздермен үшкіріліпті. Әлгі екі ыдыстағы суларды екі адамға бірдей ішкізеді. Біраз уақыттан соң қарғыс айтылып оқылған суды ішкен адам өз-өзінен түсініксіз ауруларға шалдығып, күннен-күнге нашарлай беретін көрінеді. Жақсы ниетпен оқылған суды ішкен адам күннен-күнге жүзі бал-бұл жайнап, қуаттанып, сұлуланып кеткен екен. Міне, осыдан кейін, жақсы сөз бен жаман сөздің адам ағзасына тигізер пайдасы мен зиянын байыптай беруге болады. «Жақсы сөз — жарым ырыс» дегендей, жақсы сөздер айтып жүрейік. «Жақсы сөз – жан азығы»  деген ғой. Исламда «жақсы сөз сөйле, болмаса үндеме»  деген xадис бар.
Меніңше, ең дұрысы не айтсаң да пайымды, парасатты, мағыналы, тәрбиелі, ойлы сөз айтқан абзал. Қазақ бар­да қазақ тілі, сөзі, салт-дәстүрі өшпейді. Қазақпен бірге мәңгі жасай бер­мек. Олай болмаса Дінмұхамед Қонаев: «Сөз киесі – иесінде» демес еді. Ендеше біз де жүйелі сөздің киесін кетірмейік. Қамшының сабындай бұл фәни дүниеде бір-бірімізге жақсы сөз сөйлеп, жылы сөз айтып жүрейікші, ағайын!
Мариям НҰРМАНҚЫЗЫ
05 маусым 2021 ж. 1 566 0