Келін не үшін сәлем салады?
Дастарқан басы тек ас ішу орны ғана емес сияқты көрінеді маған. Үлкенді-кіші меймандар жиыла қалса, әңгіме дүкеннің ортасына айналып, талай таластың түйіні тарқатыла кетеді. Сондықтан болар қандай да бір жиынға жолыға қалсақ, үлкендерден пәтуәлі әңгіме күтіп, өмірден көргені мен түйгенін, жас шағында үлкендерден естігенін айта ма деп елеңдеп отырамыз. Өйткені кешегі өткен кезең мен бүгінгі шақты, болашақты жалғаушы жандар сол қариялар. Ал олардан үйренгенімізді кейінгі ұрпаққа жеткізетін – біз.
Осындай бір жиында мына оқиғаға жолыға кеттім. Дастарқан басына жаңа жайғасқан меймандар бір-бірінен ауыл-аймақтың, отбасының амандығын сұрасып, енді жайғаса берген кез болатын. Әңгіменің шыжымын қайдан тартарын білмей отырса керек, бөлмеге шәйін ала келген мейман күтіп жатқан шаңырақтың келіні кірді де "сәлембердік!" деп сәлем сала кетті. Мұны көрген үлкендер "бақытты бол, айналайын!", "көп жаса, қосағыңмен қоса ағар!" деген сынды ақ батасын жаудыра түсті. Бата берілді. Сәл ғана үнсіздік орын алды да, топтағылардың бірі "Сәлем салған жақсы ғой. Бірақ осыны дұрыс емес дегенді естідім" деп бастады сөзінің басын. Енді бірі "Әй, қойшы, оның несі дұрыс емес. Ризашылығымызды алды. Келіндік міндетін өтеді. Батамызды бердік. Дұрыс болмаса әжелеріміз, аналарымыз, тіпті үйдегі бәйбішеміздің өзі әлі күнге дейін сәлем салады. Сол сауатсыздығынан ба?" деп дайын жауап қайтарды. Міне, талқы басталды. Сөздің талқысы қысқа шектелген бе?! Жоқ, ұзаққа созылды. Бұл жердегі көпшіліктің таласы емес, шындығында сәлем салу "ширк (Аллаға серік қосу) пе" дегенді айтқым келеді.
Бағзыдан бері келіннің сәлем салып, қайын жұртына көрсетіп келген құрметі бүгінде қылжаққа айналса, кейбір әсіредіншілдер мұны «Аллаға серік қосу» деп ұғынып жүр.
Осы бір тұста үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен дана халқымыздың кешегі өткен тарихы мен салт-дәстүрін зерттеп, тереңінен түсініп, бүгінде олардың артықшылықтарын жас ұрпаққа жиі айтып жүрген белгісі этнограф Досымбек Қатранның ықылым заманнан бері келе жатқан салт жайлы мына бір айтқаны еске орала кетеді.
– Қазақ қоғамында әйел затына қатысты ырым-тыйым, шектеу өте көп. Себебі әйел – өмірге ұрпақ әкелетін, оны өсіріп, тәрбиелейтін бірден бір адам. Сондықтан оның дені сау, көрегенді, тәрбиелі болуы керек. Отбасының кіші ұл-қыздары үйдегі шаруашылықтың бел ортасында жүрген келінге қарап бой түзеп, соған қарап өсетін болған. Ұрпақ өсіретін бірден бір адам әйел болғандықтан, ырым-шектеу де көбейе түскен. Сәлем салу жай ғана иіле салу емес, оның ар жағында үлкен тәрбие, сыйластық жатыр. Келінге үлкендер де "Өркенің өссін", "бақытты бол", "көп жаса" деп жауап қайтарып, ризашылығын білдіріп жатады. Сәлем салғаннан ешкім қорланып, кем болып қалмайды. Керісінше, бұл отбасындағы сыйластыққа жол ашып, оны одан әрі күшейте түсетін үрдіс, – деген екен sputnik.kz ақпараттық блогына берген сұхбатында.
Расында сәлем салудың астарында үлкен тәрбие бар. Тіпті осы үрдіске қызығатын әжелерімізді де көретінбіз. "Сәлем салатын қандай бақытты келінсіңдер" деп қызыға айтқанын да естіп жүрміз.
Байқасаңыз, сәлем салу сөзімен келін атауы қатар айтылып келеді. Неге тек қана келіндер сәлем салу керек?
Әуелі мынаны білген дұрыс. Шаңырақтың берекесін күзетіп, түтінін түзу шығарып отырған әйелге ең алдымен ерінің амандығы маңызды. Үлкендердің айтуынша, келін босаға аттаған соң ерінің амандығын тілеу мақсатында сәлем салады. Елдің алғысы мен ықыласына бөленеді. Тілеушісі көбейеді. Өзінің тілеуіне қоса көптің тілегі қосылса, оның орындалатыны анық. Алла сұрағанға береді. Пірінің амандығын тілеген әйелге одан артық не керек? Осыдан барып, «ері қайтқан әйел сәлем салмайды» дегеннің қайдан шыққанын түсінуге болады.
Біз дәстүрімізден бері тартып, білгенімізше болжадық. Ал дәстүрімізді дінмен егіз деп келген халқымыз үшін асыл дініміздің "сәлем салу" жайлы үкімін белгілі исламтанушы-ғалым Қайрат Жолдыбайұлының мынау сөзінен аңғарсақ болады.
– Әрбір амал ниетке байланысты. Жалпы құрмет ниетімен сәлем салу ширк амалына жатпайды. Сәлем салу атауының өзі біреуге табыну немесе құлшылықты емес, амандасуды білдіріп тұр. Иіліп сәлемдесуге ешбір танымал ислам ғалымы "ширк" деп үкім шығармаған, Құрмет ниетімен иілудің Аллаға серік қосу яки харам емес екендігін сахих хадистермен дәлелдеуге де болады. Мәселен, Исламда тақуа яки сыйлы, қарт кісіге құрмет көрсету ниетімен қолын сүюге рұқсат бар. Сахабалардың пайғамбарымыздың, тіпті бір-бірінің қолдарын сүйгендігі жайлы көптеген сахих хадистер бар. Қол сүйетін адамның кісі алдында бел бүгіп, иілетіні сөзсіз. Ал мұндай иілуге ешбір ислам ғұламасы "ширк" яки "харам" демеген. Егер жалпы иілу харам болғанда қол сүю арқылы құрмет көрсету де харам болар еді. Сөз түйіні, сәлем салу исламда Алла Тағалаға серік қосуға жатпайды. Бұл – қазақтың әдет-ғұрпы. Діни міндет те емес, – дейді.
Міне, ақ-қарасы осыдан-ақ анықталған шығар. Бірақ өкініштісі "Мейлі, көнеден келе жатқан дәстүр болсын. Олай болса қазақтың лиро-эпостық жырларынан, не болмаса тарихи шығармаларында сәлем салу неге айтылмаған. Сондықтан мұның біздің халықтың дәстүрі екеніне де күмәнім бар. Көбіне оңтүстікте, батыста жақсы сақталғандықтан мүмкін сол өңірлердің өздеріне тән ғұрып па деп білемін. Әдет-ғұрыптың кез-келгені шын ниетпен жасалуы керек. Сонда ғана оның маңызы артып, құнды бола түседі. Көзбояушылық құрметке есептелмейді. Сондықтан иілмей-ақ құрметтеуге болатын шығар" деген пікірдегі жандар да жолығып жатады.
Түйін: Егемендік алғалы етек-жеңімізді жинап, дәстүрлеріміз қайта жаңғырып келе жатқан мынау уақытта соңғы айтқанымыздай өзі үрке қарайтындарға дем беріп, бұл үрдісті ширкке балап, сананы өзгерту елдің шырқын бұзу деп білемін. Жалпы келіннің сәлем салуы – сыйластық ортаны қалыптастыратын, өзгелердің субординация сияқты дүниелерді қатаң сақтауына, өзін дұрыс ұстауына жетелейтін керемет бір этикалық мәні бар ереже, тәртіп ретінде орныққан дүние. Сондықтан дәстүрімізді ұлықтай білейік.
Оңталап ЖОЛДАСОВ