Еламан сүйектен туған хикая
Бұл әпсана да журналистік жортуылда жүріп естігеніміз. Теңізге қарай сапарлатқан кез болатын. Мұндайда шеткі аудан – Аралда екі-үш күндеп жүруге тура келеді.
Қаратерең – Арал ауданына қарасты елді мекен. Теңізге құяр дарияның тура сағасында отыр. Тілшілік тіршілікпен жүрген бізге кешкі ас осында бұйырғаны бар. Ілгеріден таныс Ерболат құрдастың ауыл әкімінің қызметтік көлігін тізгіндегелі біраз болған. Одан бөлек, әкесі Бақтыгерейден көрген балықшылық өнері де бар. Бала күннен сіңген әдет оны сенбі-жексенбіде үйде жатқызбайды. Енді міне, «қонақ келді» деп қара қазанға балық қуыртып, екі кештің ортасында күтіп жатыр.
– Теңіздің тыраны майлы. Сонысына қарамай қылтығы көп. Майда тікенін абайларсың, – дедім қуырылған балық дастарханға келгенде. Бұны әріптесім фототілші Нұрболатқа айтқанмын.
– Бүгін жеп жүрген жоқпыз ғой. Осылай деді де, семіз шабақтың басын омырған күйі алдына қарай алды.
– «Еламан» сүйекті байқа…
– Ол не еді?!
Расымен, ол не еді? Қандай сүйек? Ойыма балықшы ауылдан естіген әңгіме келе берген…
Әңгіменің әлқиссасы балықтан басталды емес пе? Балықта «еламан» деген сүйек бар. Сағалдырық тұсында болады. Ортасы жалпақ, екі жағы үшкір, ұзындығы екі-үш елідей, жалпы балық көлеміне қарай өлшене береді. Сіз тікені бар деп тыжырынып жемейтін балықтың басқа сүйегі тамаққа кетсе, не әрі, не бері, әйтеуір, шығарып аламыз. Ал, мына еламан сүйек кетті дегенше… Еліңе сәлем айта бер! Беті аулақ, бірақ бұл бәле өңешіңізге байқамай кетсе, жұтынған сайын тамаққа қадала беретін көрінеді. Түбі ажалға әкелетін осы сүйекке бола халық арасында балықтан тағам істесе, қонаққа шақырмайтыны сондықтан.
Бұл – өткен дәуірдің әңгімесі. Тыңдаңыз. Теңізге жақын орналасқан балықшы ауылға қыз айттырып, алыстан құдалар келіпті дейді. Келген қонақтарға таңсық ас – балық дайындалған көрінеді. Дәмді балыққа құдалар сүйсіне қол созып, ет жегендей еңсере бастайды ғой баяғы. Сол кезде әлгі қызға келген күйеудің тамағына балықтың сүйегі байқаусызда кетіп қалыпты. Ол байғұс қақалып-шашалып қинала бастаған. Мұны көрген ел әбігерге түсіп, улап-шулап, істемеген амалы қалмайды. Сол кезде ұзатылғалы отырған балықшының қызы, қалыңдық келіп, күйеудің алдындағы жеген балығының сүйегін аударыстырса керек. Сөйтсе, әлгі еламан сүйек жоқ. Бағы ашылмаған қыз сол жерде сылқ етіп отыра кетіпті. Қадалған жерінен шықпайтын сүйектің жайын білетін балықшы ауылдың қызы болашақ күйеуден күдер үзіп, «Еламан сүйек кетіпті, еліне сәлем айта бер» деп көз жасын төге берген көрінеді. Міне, бір ауыз сөздің тарихы осы.
Айтпақшы, үлкендерден мынадай бір естіген дерегім бар. Ілгері уақытта бір ағамыздың тамағына осы сүйек кетсе керек. Аласұрып жатқан кісіге көпті көрген бір ақсақал ауыл ішінен бауырын жаңа көтерген иттің күшігін алдырыпты. Сөйтіп, тез арада әкелген күшіктің тұмсығын әлгі қақалған кісінің аузына әлсін-әлсін тығып алатын көрінеді. Сәлден соң сол ағам қан аралас сүйекті жерге түкіре салыпты. Солай жаны қалған. Сонда қалай дейсіз бе?! Бабаң «жеті қазынаның» біріне қосатын ит шіркіннің демі мен сілекейінде сүйекті ерітіп жіберетін әлденесі барға ұқсайды. Ғажап, ә?! Бала күнімде естігенім ғой.
Ел аман болсыншы!
Ержан ҚОЖАС
syrboyi.kz