Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда 2 159 тонна балық экспортқа шығарылды

Аралда 2 159 тонна балық экспортқа шығарылды

tolqyn.kz Ауданда жылдық қуаттылығы 23 900 тоннадан асатын 9 балық өңдеу зауыттары жұмыс істейді. Оның 5-еуі балықты тереңінен өңдейтін болса, қалған 4-еуі балықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты өңдеумен айналысады. Қазіргі күнгі балық шаруашылығының жағдай туралы аудан әкімі М.Оразбаев есепті баяндамасында айтып берді.
Аудан басшысының айтуынша Қосжар елді мекенінде орналасқан «Қамыстыбас балық питомнигі» РМКҚ арқылы жылына 14,8 млн дана майда бір жылғы шабақтар және 420 мың екі жылғы шабақтар Кіші Арал теңізіне және көлдер жүйесіне жіберіліп өсірілуде.
– Бұдан бөлек, «Жамбыл» өндірістік кооперативі 2015 жылдан бастап Аманөткел ауылдық округіндегі «Ақшатау-Сорғақ» тауарлы көліне майда шабақтар жіберіп, күтіп-баптау жұмыстарын жүргізіп келеді. Шаруашылықты кеңейту мақсатында 21,0 млн. теңгеге «Ғаламдық экологиялық қоры» арқылы инкубациялық балық өсіру цехының жобасын іске қосып, 10 млн дана майда шабақтарды өсіріп, аудандағы табиғат пайдаланушыларға беруде, - деді М.Оразбаев. 
Бұдан басқа, Ақбасты елді мекенінде екі бірдей балық цехы іске қосылды. Оның бірі ауланған балық қорын 100 тоннаға дейін сақтаса, екінші цех күніне 40-қа жуық балық консервісін шығаруда. 2020 жылдың 1 желтоқсанына ауланған балық  6 214 тонна болса, өңделген балық 5 388 тоннаны құрады.
Оның ішінде 2 159 тоннасы Ресей, Қытай, Германия, Польша, Грузия мемлекеттеріне экспортқа шығарылды. 
Сонымен қатар, Кіші Арал теңізіндегі балық қорын сақтап қалу мақсатында Аралды құтқару қоры арқылы «Көкарал» су тоспасына гидроакустикалық құрылғы орнатылды. Арнайы жобаның құрылысына 150 млн - ға жуық қаржы тартылған.
Н. Марат
26 қаңтар 2021 ж. 651 0