Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ата кәсіп алға басып келеді

Ата кәсіп алға басып келеді

Бүгінгі күні ауданда балық шаруашылығы саласын қарқынды дамыды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені балық шаруашылығы өңір экономикасының дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, оларды жұмыспен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр. Себебі Арал теңізі мен Сырдария өзенінің жағасында тұратын жергілікті халықтың  өмірі мен тұрмысы балық аулаумен тығыз байланысты.
Бәрімізге белгілі, өткен ғасырдың 60-жылдары Сыр өңірі балық шаруашылығының дамуы бойынша республикада алдыңғы қатарында болды. Жылына 55-60 мың тоннаға дейін балық ауланды. Алайда Арал теңізінің тартылуы 80-жылдардан бастап балық шаруашылығы саласын тоқырауға ұшыратты. Теңіз суының тұздылығы 30 мгр/л дейін өсіп, балық аулау мүлдем тоқтайтын деңгейге жетті. Ондаған балық өңдейтін кәсіпорындар мен балық аулайтын шаруашылықтар жабылды. Осының салдарынан балықшылар басқа өңірлерге көшуге мәжбүр болды. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2000 жылы Солтүстік Арал теңізінен бар-жоғы 400 тонна балықтың бір-ақ түрі – камбала-глосса балығы ауланған.
Дер кезінде қабылданған шешімнің арқасында «САРАТС» жобасы саланың дамуына серпін берді. Қазірде Арал халқының ата кәсібіне айналған балық шаруашылығы жыл санап дамып келеді. Балық шаруашылығының өркен жаюы халық тұрмысының да түзелуіне оң ықпалын тигізуде. Ауданда жылдық қуаттылығы 23 900 тоннадан асатын 9 балық өңдеу зауыттары жұмыс істейді. Оның 5-еуі балықты тереңінен өңдейтін болса, қалған 4-еуі балықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты өңдеумен айналысады.
Қазіргі таңда Арал ауданы Қосжар елді мекенінде орналасқан «Қамыстыбас балық питомнигі» РМКҚ арқылы жылына 14,8 млн данаға  жуық майда бір жылғы шабақтар және 420 мыңнан астам екі жылғы шабақтар Кіші Арал теңізіне және көлдер жүйесіне жіберіліп өсірілуде. Бұдан бөлек, «Жамбыл» өндірістік кооперативі 2015 жылдан бастап Аманөткел ауылдық округіндегі «Ақшатау-Сорғақ» тауарлы көліне майда шабақтар жіберіп, күтіп-баптау жұмыстарын жүргізіп келеді. Шаруашылықты кеңейту мақсатында 2020 жылы 21,0 млн теңгеге «Қазалы Уазис» қоғамдық бірлестігімен «Ғаламдық экологиялық қоры» арқылы инкубациялық балық өсіру цехының жобасын іске қосып, 10 млн дана майда шабақтарды өсіріп, аудандағы табиғат пайдаланушыларға беруде.
Сонымен қатар «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС және «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС балық өңдеу зауыттарыЕуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Еурокод»  белгісіне ие болды.
Өткен жылы 6 214 тонна балық ауланған болса, 5 388 тонна балық өңделген. Бүгінде Арал айдынының балығы сыртқы нарықты жаулаған. Жыл сайын сұраныс та артып келеді.  2020 жылы ауланған балықтың 2 159 тоннаға жуығы  Ресей, Қытай, Германия, Польша, Грузия мемлекеттеріне экспортқа шығарылған. Сонымен қатар Кіші Арал теңізіндегі балық қорын сақтап қалу мақсатында Аралды құтқару қоры арқылы «Көкарал» су тоспасына гидроакустикалық құрылғы орнатылды.
         Балық шаруашылығының дамуы теңіз маржанын сүзіп, нәпақа тауып отырған жандардың несібесін молайтып, ырысын өсіруде. Жастардың балық өнімдерін алуан түрі етіп өңдеп, өз кәсіптерін дамытуына да септігін тигізіп отыр.
К.Көздібаева
Арал қаласы 
12 қаңтар 2021 ж. 605 0