"Несібең қашпасын десең, ысырапқа жол берме"
27 наурыз күні Жаңақұрылыс ауылының орталық «Өтеш ахун» мешітінің жанындағы жергілікті халықтың ұйымдасуымен жаңадан ашылған ас беретін асханада ауыл тұрғындарының қасиетті Рамазан айында биылғы жыл жауын-шашынды болып, жеріміз көктеп-көгеріп, ырзық-несібеміз тасып, мал басымыз тоқшылықта болып, ауру-сырқаудан аман болайық деген тілекпен қазақта бұрыннан келе жатқан тасаттық беріп, Алладан тілек тіледі. Әрине бұл – елдің, ағайынның татулығы, ауызбіршілігі.
Осы орайда ауыл ардагерлері кейінгі уақытта толғандырып жүрген дүниеден өткен адамды жайлау, мәңгілік орынға шығарып салу жөнінде пікірлерін көпшілікке айтып, ортақ келісімге келу жайлы ой салды. Мешіт имамы Бектас Жөлкенов:
– Рамазан айы – барлық айлардың сұлтаны. Бүгінгі Алланың жолында тілеп жатқан тілектеріңіз қабыл болсын. Сіздердің бүгінгі басқосуларыңызды пайдаланып, бұрында айтып жүрміз ғой, біріншіден, қаза болған адамды жайлау дастарқаны тойдың дастарқанындай болып кетті. Дастарқанға түрлі салаттар, алма, банан, жүзім, қазы-қарта сияқты әртүрлі тағамдар қойылады. Әрине мұның барлығы желінбейді. Дастарқанды жинағанда бауырсақ, кәмпиттермен бірге салаттар араласып бірге жиналып, үлкен ысырапшылдыққа жол беріледі. Мұндайды Алла тағала кешірмейді. Әр нәрсенің кепиеті болады. Сондықтан дастарқанды ықшамдап, ысырапшылдыққа жол бермейік. Екіншіден, қаралы үйде дастарқан жаймай, садақаға барған ағайындарды көрші үйлерге жайлаған дұрыс. Сонда да шайға бір дастарқан, етке бір дастарқан жаймай-ақ, садақаға берілген еттен жеп, өмірден өткен адамға дұғасын оқы, сол сауап болады. Үшіншіден, қаза болған үйге ауыр тиетін жағдай қазаға көңіл айта келген ағайын-туыс, жекжаттарды қайтару мәселесі. "Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады" деген. Осы жерде жоқ адамдар кредит алады, ағайыннан қарыз ақша алады кейін қайтаратын болып. Мұны неге айтып отырмын? Жоғарыда айтқандай, ағайынның әкелгеніне қарай кілемдер, көрпеше, жастықтар беріп жатады. Әрине бұл үй иесіне де, өмірден озған адамға да ауыр тиеді. Осыны доғарайық. Алла тағала мұндай істерді кешірмейді. Ағайынға "әкелгендерің тойда қайтсын" деңдер,– деді.
Осы жайларды ойланып, ортақ шешімге келу жөніндегі пікірін ауыл тұрғындары бірауыздан мақұлдады. Әрине өлім болмасын, ағайын. Әр нәрсе өз жолымен болғаны дұрыс деген пікірде болдық. Осы тақырыпты көтеруіме ауданымыздың айнасы «Толқын» газетінің 29 наурызда жарияланған К.Махсұттың аудандық мешіттің бас имамы Қайырхан Табысұлымен сұхбаттасқандағы «Ысырапшылдыққа жол бермейік» атты мақаласын оқып, мақалада көтерілген тақырып осы күнгі өзекті мәселелердің бірі екендігі белгілі. Өмірден өткен адамды жайлау, ақтық сапарға шығарып салу, сапта тұру жөнінде толық айтылған. Әрине көпке ақыл айтудан аулақпын. Бұл заманда әр адамның өз ақылы өзіне жетеді. Сонда да өз пікірімді көпшілік оқырман қауымға жеткізуді жөн көрдім. Осы деректерге байланысты ауыл тұрғындары мешіт имамының ұсынысына келісіп, бірауыздан мақұлдады. "Келісіп пішкен тон келте болмас" деген емес пе?! Қасиетті Рамазан айында тілеген тілектеріңіз бен ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын. Несібеміз мол болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Сердалы ШАЛБАЕВ,
Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер
кеңесінің төрағасы, КСРО денсаулық сақтау
саласының үздігі