Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ауылдың айтқыштары

Ауылдың айтқыштары

Сөгісіңді    алмаймын....
         1967 жыл. Аудандық  мәдениет   директоры, кейін  ұзақ жылдар  бойы  «Сыр  бойы»  газетінде  фототілші  болған  композитор  Арзымбек  Мәдединов  ағамыз  автоклуб  машинасын  сұраусыз  мініп кеткені  үшін   ұжымның   жалпы   жиналысына  түседі. Мәдениет бөлімінің  меңгерушісі  Құдайберген  Жасекенов   Арзымбекке:
–  Осындай  кінәлерің   үшін  қатаң   сөгіс  жариялаймын, – дейді.
– Сөйлеуге  бола ма, Құдеке, –дейді  сонда  Арзымбек.
–  Иә,сөйле, – дейді   Құдекең.
– Сөгісіңізді   алмаймын, оны  үйдегі  жеңгеме берерсіз, – деп   қарап  тұр. Жұрт  қыран-топан  күлкі. Құдекең  не  дерін  білмей, күліп  жіберді.
                          
Арғы    жағы  осы....
                   Дастарқан  басында   жиналып  қалған  кейбір  сәттерде   белгілі   термеші   Қиян  Ибраевқа:
  – Қиеке, бір термелетіп  жіберші, – деп  қолқа  салсақ, ол;
– Ай не болар  күннен  соң,
Күн не  болар  айдан  соң, – деп  осы  екі  жолды   қайталай  береді.
Шыдамымыз   таусылған   біз:
– Ау, Қиеке, бұның арғы  жағы  барма? – дейміз  ғой.
Қаншама  жақсы  болса   да,
Қыз  не  болар  байдан  соң...арғы  жағы  осы, – дейді  Қиекең.

Мінгені     мәстек   екен
Кейде Қиекеңе (Қибадулла Ибраевқа) бір  термелетіп жіберші  десек, Қиекең:
Қобыланды   келеді   сайменен...
Қобыланды келеді  жайменен, –  деп, бір  жырдың   мақамына   салып   алып, қайталайды  да  отырады, қайталайды да  отырады.
       – Оу, Қиеке, бұл   Қобыландының   сайдан   шығатын  күні бар ма? – дейміз, шыдамымыз  таусылғасын.
        Сонда  Қиекең: "Қобыландының  мінгені мәстек екен, сайдан  шығатын  түрі   жоқ", – деп термесін   тоқтатады.
                   
Зоя   кетті-ау Саратов
         Мәдениет бөліміндегі бас есепші Зояның (Көркемханым   Садуақасова)  төркін   жұрты  Ресейдің   Саратов  қаласында   болатын. Бірде  Зоя   ертең  айлық   беріледі  деген   күні  бір  тығыз шаруамен  Саратовқа   кетіп   қалады. Зояны  әрі  күттік, бері   күттік, келетін  Зоя  жоқ. Төзіміміз  әбден  таусылды. Сонда  Қиекең   Зояға  былай  деп  өлең  шығарған:
                            Зоя  кетті-ау, Саратов,
                              Бізді  жерге  қаратып.
                            Ең  болмаса кетпеді-ау,
                            Айлығымызды  таратып.

Апарып   жапсыр....
Бірде  атақты  сатирик  жазушы  Оспанхан  Әубәкіров  Аралға  жолы  түсіп, мәдениет үйінде  халықпен кездесу  кешін  өткізді. Жиналған   жұрт  жапатармағай қолтаңба  алып   жатыпты. Жиынға  қатысқан №83  мектептің   мұғалімі  Бимұрат  Үсенов  ағамыз да автордан  қолтаңба  алып қалғысы  келеді. Сөйтсе  Оспанханның  кітабы түгелдей  сатылып  кетіпті. Не істерін  білмеген Биекең  жалма-жан  төс  қалтасындағы   блокнотының   бір бетін  жыртып  алып, Оспанханға ұсынып: «Кітабыңыз қолыма  тимей қалды, қағазға қолтаңбаңызды   қойып  беріңізші. Кейін   міндетті  түрде  кітабыңызды  тауып   алып бетіне   жапсырып  қоямын» – дейді. Оспанхан  қағазды   алады  да:
        –Атың   кім? –дейді.
         – Бимұрат...
         Ол  қағаздың  бетіне бірдеңелерді  шимайлай   салады  да, ортасынан  бір  бүктеп  Биекеңе  қайтып береді. Бимұрат  аға  қағазды  қалтасына  сүңгітіп    үйіне келгесін жазбасын  ашып  қараса:
         Бимұрат  тақсыр,
         Осыны   кітабыңа  апарып  жапсыр, – деп  жазылған  екен.

   Филкина  грамота
         80-жылдардың наурызы. Ол  кезде  аупарткомның  идеология   секретары Л.Г.Ковыга. Құдекең  аурыңқырап, демалыста   жүрген. Орнында  мен. Мені  мал  төлдету  науқанына  байланысты  Ковыга  шақырды. Бардым. Ол  іс-шараны   қарап  шықты  да, ал  кеп  ұрыссын. "Дармоеды, бездельники» тағы басқа мен   түсінбейтін  небір  сөздер   кетіп   жатыр. Сілейіп мен  тұрмын. Қойған  кінәсі «Неге  мал  төлдетуге  автопойыз   кетпей  жатыр?».
 – Автопойыз   жіберуге  әлі  ертелеу  ғой, үгіт-насихат   бөлімінен  нұсқау   болған  жоқ. Автопойыз  дайын, – деп  өзімше  түсіндірген  болдым. Ковыга   біраз  бұрқырап   басылды  да:
– Жасекенов қайда? –деді.
Ол  кісінің   науқастанып   жатқанын  айттым.
 –Бар, шақырып кел, өзі  келсін, – деді.
Мен  Құдекеңе  келіп: « Сізді  шақырып  жатыр» дедім.
         –Тұқымы  құрғыр, соншама  не болып  қалды  екен? –  деп  Құдекең   дедектей  жөнелді.
Екеуміз Ковыгаға  келдік. Кабинетіне кіргеннен  апам   қайта  айқайға   басты. Екеумізде  үн  жоқ. Бір  кезде  ол  іс-шараның  жоғарғы   бұрышына  бірдеңені  түртті  де, "Филкина   грамота"  деп  маған   лақтырып  жіберді. Сосын  «бара беріңдер» деді.
          Сүмірейіп райкомнан шықтық. Мен кәдімгідей ренжіп келе   жатырмын. "Құдеке, мына  кісіге  не  болған? Бәрі дұрыс қой, жазығымыз не?» дедім.
–Жазғытұрғы  уақыт  қой. Апаңа  бірдеңе  жетіспей  отырған  шығар, – деп  Құдекең күледі.
 Іс-шараға қарасам "Обслуживанию" деген  сөздегі "ю" әрпінің  орнына  «й»  түсіп кетіпті. Соны қызыл сиямен дөңгелетіп  қойыпты. "Филкина грамота" деген не екен деп іздеу салдым. Содан  анықтағаным, Филкин  деген   ертеректе  орыстарда колхоз председателі  болған  екен. Өзі  мүлде  сауатсыз, қол  қоюдың  орнына  бас бармағын басқан. Бірақ жұмысқа барынша адал, нағыз  принципшіл  адам болған  көрінеді. Сөйтіп «Филкина   грамота»  сөзі  орыстардың  мақалына  айналып кеткен  екен.

Ірі  денелі адам
Бірде  Құдекең   хатшы қыз  Қалдыгүлге:
– Мына қағазды  «Союзпечатьтың» бастығы Тышқанбай деген кісіге апарып  бер. Ол  кеңсенің   төрінде  отырады, ірі  денелі  адам, – деп  жұмсайды.                                            
Қалдыгүл « Союзпечатьқа» келеді. Үлкен  бөлмеге кірсе, екі  қапталды  жағалай  кілең  қыз-келіншектер, төрде бір кішкентай  адам  отыр  екен. Құдекең  айтқан  адамға мүлде ұқсамайды. Сұрауға  ұялады. "Тышқанбай  жоқ  екен"  деп  қайтып  келеді.
– Өзің "Союзпечатьқа" бардың ба? – дейді  Құдекең.
– Бардым.
– Ал, барсаң, кім  бар екен?
–Үлкен  залда  жағалай  әйелдер, төрде кішкентай  кісі  отыр.
–Тышқанбай  деген  сол еді  ғой.
– Ағай, Сіз  үлкен кісі дедіңіз  ғой, ал ол  кішкентай ғой, – деді Қалдыгүл ренжіген  болып  қабағын  түйіп.
         Біз  күліп  жатырмыз.
   
Мен  де    соғысқа  қатыстым...
          Кеңес  өкіметі құлауға жақындап, дүниенің бәрі  тапшы  бола  бастаған   кез. Оның  ішінде  ақша да  тапшы. Айлықты   6-7 айда  бір  аламыз, онда  да авансылап қана  береді. Сондай  күндердің  бірінде  кеңсегі   Аралдың  «Тамашасының»  тарланы   Мирон  Бәйімбетовтің  анасы  Нұр  апа  келіп, Миронның  айлығын  сұрады. Бас  есепші  Зоя  «ақша жоқ»  деді. Нұр  апа айқайға  басты. Оның   айқайын  естіп  Құдекең (аудандық  мәдениет бөлімінің  басшысы  Құдайберген  Жасекенов) біздің  кабинетке  жетіп  келді. Ашуланып  отырған  Нұр  апа  Құдекеңе тиісе  кетті.
 – «Тамаша» болғанда Мирон керек, ақшаға келгенде  керек  емес. Өздерің   ақша  алуды  білесіңдер, алмасаңдар, айтыңдаршы, кәне, алмадық  деп, –деді.
Шынында да  кеңседе  отырғасын  түгел  болмаса да, авансылап алып  отыратынымыз  рас.  Апаға  не  айтарымызды  білмей  сасып  қалдық. Әдепкіде  Құдекең  де  сасып  қалды. Бір  кезде:
– Мен алсам соғыс  ардагерімін. Ұлы  Отан  соғысына  қатыстым, құқығым  бар, – деді.
– Мен де соғысқа қатыстым, батырмын, ардагермін, – деді  Нұр апа   жұлып  алғандай.
– Сен  қандай  соғысқа  қатыстың?
– Сен  Ұлы  Отан  соғысына   қатысып  ардагер  болсаң, мен  он бала  туған  соғысқа  қатыстым, батыр  анамын, – деді  Нұр апа.
Расында да  Нұр  апа  он  баланың  анасы  еді. Құдекең  не  дерін   білмей:
– Саған  дауа жоқ  екен, Зоя, қалған-құтқан  бірдеңе  болса берші  мынаған, – деп  кабинетіне  қарай  жүре  берді.
Нұр апа  бір  жағынан  Құдекеңе жеңге  болып келетін. Екеуі  қатты  әзілдесетін. Біз  Құдекеңнің сөзден  жеңілген  жері  осы  болды-ау  деп   ойладық.

                                    Ұл  тап,  умывальник...
Бірде  Жасекен (Құдайберген Жасекеновтің әкесі) Сексеуілдегі  Жаңатайдың  үйіне  барады.Тамақ  жеп  болғасын  келіндері аталарының  қолына  су  құюды  ұмытып  кетеді. Жасекен  амалсыз   қолжуғышқа барып, қолын  жуып  тұрып;
– Рақмет, умывальник, көп  жаса,  умывальник, өркенің  өссін, ұл тап  умывальник, – деп  қолжуғышқа  үсті-үстіне  батасын береді. Бұны  естіп  тұрған   келіндер   үйден  зып  беріп  шыға жөнеледі. Жасекен  атасы  кеткенше  ұялып  үйге кіре алмайды.

Қан-жын  ғой   көтеріп   тұрған...
         Бірде  Құдекең Жанзақты (автомеханик, әрі жеке шопыры) шакырып         алып:
–Жанұзақ, Бекұзаққа  баршы, 10  шақты  кило  ет  берсін, мен  айтты  де, –дейді.
Бекұзақ  Рахов ол   кезде мал  сою пунктінің  директоры. Қаладағы  жалғыз  ет сататын  дүкеннен  ет  ала  алмаған беделі  барлар  Бекұзаққа  жағдай  айтады. «Тфу»  дегенде  түкірігі жерге  түспей  тұрған  кезі. Өзі де  тік  мінезді  адам.
Жанұзақ Бекұзаққа:
– Құдекең  жіберді, ет  берсін  деп жатыр, – дейді.
Жанұзақ  Бекұзақтың  бірдеңеге  ашуланып  тұрған үстіне  тап  болған  болу  керек. Жанұзақты бас салып  боқтай  бастайды.
         –Ой, әкеңнің... Сен  кімсің? Құдекең деген  кім? Мені ет таратып  отыр  дейсіңдер  ме? – деп  біраз  сыбап  алады. Бірақ  сұраған  етін  береді. Ашу   қысып  келген  Жанұзақ   Құдекеңе:
– Құдеке-ау, ана кісі  мені де, сізді де  әке-шешеден  дым  қалдырмай   боқтады, өйтіп  ет  бергенінен  бермегені жақсы еді, менің  жазығым  не? – дейді  жыларман   болып. Сонда  Құдекең:
–Әй, Жанұзақ-ай, ренжімей-ақ  қой, ағаңды  қан-жын  ғой  көтеріп  тұрған, – деп  басу  айтады.

Жетіп  келем...
Сонау жылдары нан зауыты, СПТУ-16  кәсіптік-техникалық училищесінің   директоры  болған Екентай Қорғанбаев  ағамыз  да сөзге   шешен, айтқыр адам  екен. Бірде  райкомның   екінші  хатшысы  шақырады. Бірақ  хабар   Екентай   ағамызға  жетпейді. Райком  хатшысы  үшінші шакырғанда  ғана  хабар  тиіп  барады.
– Сізді осымен  үшінші рет  шақырдым, неге бір  шақырғаннан   келмейсіз? Әлде бізді  менсінбейін дедіңіз бе? – деп сөге бастайды  екінші  хатшы. Сонда Иекең:
–Ойбай-ау, Сізді менсінбей не көрініпті, естімей  қалдым  ғой. Сіздің  кочегарыңыз  шақырса  да  жетіп  келем  ғой, –деген  екен.

Ауырмақ түгілі  өледі...
  Белгілі  дәрігер  Махашбай  Алмағамбетов  отыз  жылдан   аса  Қазанғап   оркестрінің әншісі болды. Бірде ол  концерттегі  нөміріне  келмей  қалады. Ал концерт  нөмірінің бұзылуы кешірілмес жағдай. Бір-жар  күннен   соң  Махашбай келді. Жігіттер:
– Мәке, неге  концертке  келмей   қалдыңыз? – дейді.
– Ауырып  қалдым, – дейді  Махашбай.
– Мәке, врач та ауыра ма  екен? – дейді  олар таңдана.
– Ауырмақ  түгілі өледі, –деп  қарап  тұр  ол.

Нашар  жігіт...
Ол кезде  мәдениет бөлімінің  кеңсесі  қазіргі  аудан  әкімшілігінің   үшінші  қабатының  күншығыс  жағында  болатын. Қатар тұрған   екі  бөлме. Бірі  бастық, бірі жалпы  бөлім. Жазғы  аптап   ыстықта  есіктер  үнемі  ашық  тұрады.
Бір күні ақсаңдаған бір кісі  Құдекеңнің  кабинетіне қарай өтіп  кетті. Бір  шамадан  соң  әлгі  кісі  қайта шығып, тура  маған  қарай:
– Айналайын,  Жақсыбай,
Есен-аман, хал қалай?
Ақтөкен  деген   ағаңмын,
Сөзім  бар  айтар  азғантай, – деп   бірнеше  шумақтарды  төгілте, мені  мақтай  жөнелді. Ол кісіні  сырттай танитынмын, ал ол мені танымайды. Өлеңнен ұққаным, Ақтөбеде «Культпросветте» (мәдени-ағарту  училищесі) оқитын  қызы бар екен. Сол  практикасын  бізде өткізу үшін  бізден  қатынас қағаз керек  екен. Кім  болса соған  жазып  беріп жатқан  қағаз ғой, аяйын  ба, сұраған  қағазын  сөзге  келмей  жазып   бердім. Ол  куанып, рақметін  айтып  шығып  кетті.
 «Бұл  кісі неге мені  өлеңдетіп  мақтай  жөнелді?»  деп  артынан  Құдекеңнен  сұрасам: «Мен  оған  мына бөлмеде  Жақсыбай  деген  жігіт  отыр. Қатынас  қағазды жазып  беретін сол. Нашар жігіт, менің айтқанымды  тыңдамайды. Өзің жағдай  айтып  көр. Берсе  алғаның, бермесе  ренжіме» деп  едім  ғой», – дейді.
Әттең, Ақтөкеңнің өлеңін  сол  жерде жазып алуым  керек  еді.

Балық  жас... екен
Аудандық  мәдениет  бөлімін  ширек  ғасырдан  аса  басқарған   Жасекенов  Құдайберген  ағамыздың  әкесі  Жасекен  табанда сөз  тауып   кететін  айтқыр  адам болған. Бұл  қасиет  баласы Құдайбергенге де, немересі  Қазиға  да жұққан.
 Бір  күні Жасекеннің  Әліп  деген  жаңа  түскен келіні  базардан жас балық   әкеліп, төрде  жатқан  атасынан:
         – Ата, мына   балық жас екен, асайын ба, әлде   қуырайын ба? –дейді. Бірақ   өзі  асқысы келіп  тұрады. Атасы  қуырсаң қуыра ғой, – дейді.
Бірақ Әліп "ата, мына  балық жас екен, асайын ба?" – деп  екі-үш  рет   қайталап  сұрайды. Атасы  әрі-бері  шыдап:
– Әй, қарағым-ай, немене, менен де жас па  екен, ассаң  аса  ғой, – депті.
Келіні  сөздің  төркінін  енді түсініп, атасына  біраз  уақыт  көріне   алмай   жүріпті.

Ж. ТӨРЕБЕКОВ,
мәдениет саласының  ардагері
26 сәуір 2022 ж. 1 134 0