Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Манап еске түскенде

Манап еске түскенде

Қазақстанның халық ақыны, бір өзі бір театр Манап Көкеновті Сыр өңірінде білмейтін адам кемде-кем шығар. Шынында да, Мәкең бір өзі бір театр, табанда суырып айтатын өткір сөзімен жүрген жерінде жұртты күлкіге батырып жүретін тума талант адам еді. Соған қарамастан, өзі аса кішіпейіл, адам жатырқамайтын, үлкенмен де, кішімен де тең сөйлесетін қарапайым болатын.
Бірде Мәкең, шамасы өткен ғасырдың 80-ші жылдардың іші, шығармашылық сапармен халықпен кездесу үшін Аралға келді. Ол кезде Мәкеңнің айтыскер ақын ретінде атағы аспандап тұрған. Кездесу аудандық мәдениет үйінде ертеңгі сағат 10-ға белгіленді. Аудандық мәдениет бөлімін Құдайберген Жасекенов басқаратын. Құдекең де табанда сөз тауып айтатын, әзіл-қалжыңға жақын адам еді.
Кездесу болатын күні кеңсеге ертелетіп келіп отырғанбыз. Бір кезде кеңсеге Құдекеңнің Ақбасты жақта тұратын Мамытжан деген нағашысы бар еді, сол кісі келе қалды. Құдекең Мамытжанмен аз-кем сөйлесті де, "менің қазір жиналысым бар еді, сіз үйге барып демала беріңіз", – деп шығарып салды.
Мамытжан етженді, ірі тұлғалы және не болса соған баладай сенгіш ақкөңіл адам болатын. Нағашы-жиенді болғасын, Құдекең онымен қатты әзілдесетін.
Түске дейін Манап халықпен кездесу жасап, түскі асқа Құдекеңдікіне баратын болды. Құдекеңнің үйі мәдениет үйіне (қазіргі Жыраулар үйі) жақын болғасын машинаға мінбей, үшеуміз жаяулап келе жаттық. Бір кезде Құдекең Манапқа қарап «Мәке, біздің үйде Ақбасты жақтан келген нағашым отыр, өзі аңқау кісі, қызық болсын, сіз сол кісімен орысша сөйлесіңіз, сізді орыс екен деп қалсын» деді. Мәкең күлді де қойды. Құдекең Манаптан 3-4 жас үлкен болса да, облыстың әртүрлі мәдени шараларында жиі кездесіп жүргендіктен құрдас адамдардай әзілдері жарасып жүретін. Ал Манап болса Хрущевтен аумайтын, таза орыс сияқты адам.
Үйге келсек, Мамытжан төрде құс жастықты қолтықтап, төбедей болып жатыр екен. Манап тілінің ұшымен «Здрасти» деді де, Мамытжанның қасына жантая кетті. Мамытжан қасындағы кісіге қарап:
– Құдайбергенжан-ау, мынауың орыс қой, қайдан тауып әкелдің, – деді.
– Мына ресторанды таба алмай сандалып жүр екен, өзін аяп сізбен бірге шай ішсін деп ертіп келгенім ғой, – деді Құдекең.
Мамытжан орысша білмегесін Манапқа ештеңе айта алмады. Манап болса Құдекең айтқан сценарий бойынша үндемей жата берді. Дастарқан жайылып, Сәлима апам шай әкелді. Алғашқы кесені ала бергенде Манап:
– Ал аға, дұрыстап амандасайық, «ассалаумағалайкум», қай туған боласыз деп қолын ұсынды. Мамытжан сасып қалып:
– Құдайбергенжан-ау, мынауың қазақша сайрап тұр ғой деп, аң-таң. Үйде отырғандар қыран-топаң күлкі. Кейін жағдайды түсінгесін, ,мен бағанадан бері орыс екен деп отырсам", – деп Мамытжанның өзі де күлсін.
Тағы бірде, шамасы 70-ші жылдар, обылыста термешілердің байқауы өтетін болып, соған біздің ауданнан Аққатша Құрманова деген термеші қыз баратын болды. Аққатша облыстық шығармашылық үйден бір домбыра табылыр деп, өз домбырасын алмай барған. Байқау басталып, Аққатшаның кезегі келгенде қапелімде домбыра табылмай қалыпты. Шығармашылық қызметкерлері қатты сасыпты. Сонда Мәкең:
Аралдан келген екен Аққатша Құрманова
Дом творчество
Бір домбыра таба алмай
Күнінің құрығаны ма, – депті.
Сонау бір жылдары орыстың Урин Виктор Аркадьевич деген әйгілі айтыскер ақыны болды. Сол ақын бір күні Асқар Тоқмағанбетовтің жыр жинағын орыс тіліне аудару үшін Қызылордаға келеді. Урин айтыскер ақын болғасын облыс басшылары қызық болсын деп, оның Манаппен айтысын ұйымдастырады. Айтыстары қызық. Урин орысша айтады, Манап қазақша айтады. Екеуінің айтысын сол кездегі Қызылорда телестудиясының бастығы Жақсылық Бекқожаев аударып беріп отырады. Урин талай айтысқа қатысып, жырынды болған бәле екен, неше түрлі кемшілікті тізіп, Мәкеңнің аузын аштырмайды. Мәкең шын жеңілетінін білгесін:
– Әй, Виктор, сен неше түрлі кемшілікті тізе бергенше, ана қатыныңа ие болсайшы, ол шопырыңмен әмпәй-жәмпәй депті. Уриннің бұрыннан да күдігі болу керек, әдепкіде сасып қалып:
– Әй, Манап, ақымақ, саған жолауға болмайды екен, сен құдіретті тасқынсың деп орнынан тұрып кетіпті. Сөйтсе Урин Волга машинасымен әйелін ертіп келген екен. Әйелі өзінен көп кіші жас келіншек, ал шофері жас жігіт екен. Мәкең айтысқа дейін бір қалтарыста екеуінің сүйісіп тұрғанын көріп қалыпты. Ау Мәке, басыңыз бәлеге қалса қайтесіз десек, Мәкең:
– Неге бәлеге қалам, көргенім рас, қатынына ие бола алмаған өзінен көрсін, – деп бізді күлдірген.
Мәкең айтысқан кезде көбіне қарсыласымның бас жағына барам, сол кезде анау да сен басың жалтырап орыс сияқтысың, Хрущевтен аумайсың деп менің басымды жамандай бастайды. Маған да керегі сол, «Сен ұлт араздығын қоздырып, қазақ пен орыстың арасына от салып отырсың» деп дүрсе қоя берем. Анау ақыр аяғында басын арашалай алмай, жеңілуге мәжбүр болады дейтін.
Бірде Мәкең жайлаудағы малшыларды аралауға жолға шығады. Астында ақ жабуы бар ақбоз ат, үстінде өрнекті ақ шапан, басында ақ бөрік кірпігі де ақ, қасы да ақ, дәп бір Қыдыр Ата сияқты. Бірақ Мәкеңнің өзі оны байқамайды. Бір биік төбенің басына шыға келсе, етекте бір отар қой жайылып жүр екен. Шопан жігіт атын жусауға бос жіберіп, өзі қалың шөптің үстінде, екі қолын басына жастанып шалқасынан демалып жатса керек. Мәкең жігіттің дәл төбесінен түсіпті. Жігіт бір кезде жоғары қараса, дәл төбесінде Қыдыр Ата тұр. Зәресі ұшып, тілін калимаға келтіріп, Мәкеңнің алдына құлай кетіпті. Мәкең де қанша айтқанмен әртістік қабілеті бар, сезімтал өнер адамы емес пе, жігіттің өзін басқаша түсінгенін бірден сезіп:
– Не тілегің бар, айт, – депті бірден. Жігіттің үйленгеніне біраз жыл болса да, балалы болмай жүр екен, қапелімде аузына сөз түспей, бала керек депті. Мәкең Алла бұйыртса балалы боласың, депті де, тоқтамастан ылдиға түсіп жүріп кетіпті. Аздан кейін жігіт есін жинап, жан-жағына қараса, ешкім жоқ. Әлгінің Қыдыр Ата екеніне енді шүбәсіз сенеді.
Содан не керек, көп ұзамай жігіттің әйелі жүкті болып, балалы болады. Арада бір-екі жыл өткенде, сол баяғы ақбоз атымен, сол баяғы қалпымен жолға шығады. Келе жатып жолда отырған бір үйге түседі. Бұл баяғы "балалы боласың" деген жігіттің үйі екен. Мәкең оны білмейді, баяғы жағдай мүлде есінен шығып кеткен. Жігіт үйге кірген Мәкеңді тағы да баяғыдай Қыдыр Ата келіп тұр екен деп, алдына жата кетіпті. Содан не керек, Мәкең өзінің ешқандай Қыдыр Ата емес екенін, қарапайым адам Манап Көкенов екенін үйдегілерге әзер түсіндіріпті. Жағдайды білгенде үйдегілер күлкіге батыпты. Қалай айтса да Мәкеңнің аузы дуалы болып айтқаны келіпті. Бұл өзі өмірде болған шындық оқиға. Кезінде Мәкеңнің өз аузынан естігенде көзімізден жас аққанша күлгенбіз.
Сол жылдарда облыста өтетін түрлі мәдени шараларда Мәкеңмен жиі кездесіп, қызықты әңгіме, сөздерін естіп күліп жүрдік. Әттең, не керек, қасымызда сондай өнер иесінің, зор тұлғаның жүргенін байқамадық па, әлде қарым-қабілетіміз жетпеді ме, әйтеуір Мәкеңнің асыл сөздерін қағазға түсіріп алуды білмеппіз. Мәкеңнен біреулер адресін сұраса:
Совхоз Талап,
Көкенов Манап
десең
Мені табад – дейді екен.
Міне, Мәкеңнен кішкене есте қалғандар еді, соны оқырманға ұсынуды жөн көрдім.

Жақсыбай ТӨРЕБЕКОВ,
мәдениет саласының ардагері
12 мамыр 2021 ж. 866 0