Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Еңбегі ерен, білімі терең, рухы биік азамат

Еңбегі ерен, білімі терең, рухы биік азамат

ҚР транспортына еңбегі сіңген қызметкер, Арал ауданының құрметті азаматы Қайролла Абылаев 85 жаста

Ата-ана үшін туған балаларының бәрі бірдей дегенмен майдангер, Шалғынбай әкеміз бен ертелі-кеш бел бүгіп, бір тыным таппайтын колхозшы Хасен шешемізге өзектерін жарып шыққан бес перзентінің төртеуі  бір төбе де, тұңғыш ұлы Қайролласы бір төбе еді. «Осы баламның табиғи жаратылысы, ішкі жан дүниесі өзінің қатарластарына қарағанда бөлектеу ме, қалай?!» деп, кейде ойланып, сүйсініп қалатын діндар отағасы. Мінезі томаға тұйық. Пейілі таза. Жаны нәзік. Қайырымды. Тілалғыштығы мен еңбекқорлығы кім-кімді де сүйсінткендей. Сабақтан соң әкесіне ілесіп, түйеге жегілген ескі косилкамен азын-аулақ мал-текесіне қырдан шөп шабуға барады. Дайын шөпті айыр, тырмауышпен жинап, арбаға тиеп, қораға тасуға жәрдемдеседі. Қой қоздап, қорада шу басталатын, оқушылардың көктемгі каникулымен қабаттаса келетін мал төлдету науқанында үнемі әкесінің қасынан табылатын да осы баласы. Реті келгенде көршілерге көмектесуден тартынбайды. Жазда әкесіне серік боп, қой бағып, қолғабысын тигізеді. Ауыл маңындағы өзектен қармақпен балық аулауды қызықтайды... Әйтеуір бір тыным таппайды. Бір ерекшелігі – бала болып ойынға көп зауқы жоқ. Ең бастысы – оқу-білімге өте ынталы. Қолы қалт етсе болды, кітапқа үңіледі.
...Иен далада отар-отар қой өргізіп, жаз жайлауды қыс қыстауды қоныс етіп, көшіп-қонып күн көрген Шалғынбай ақсақалдың қара домалағы анасы тігіп берген шүберек сөмкесін жерге сүйретіп, қайда оқымады дейсіз! «Алыс сапар алғашқы адымнан басталады» дегендей, оның білімге деген бірінші аяқ алысы Чкалов атындағы колхоздағы, Шижағаның ар жағындағы Дөңгелек сор аталатын шағын ауылдағы, Ақтөбе облысына қарасты «Тәуіп» деген жердегі аз комплектілі (небәрі әртүрлі жастағы 15 оқушы) бастауыш мектептерден бастау алды. Қысқы каникулдан кейін сабақ беретін мұғалімнің болмауына байланысты оқушылар үйлерінен 8-10 шақырым қашықтықтағы көрші ауылдағы бастауыш мектепке күн райына қарай кейде жаяулатып, кейде түйемен қатынап оқуға мәжбүр болды. Әрі қарай білімге құштар шәкірттің оқуы темір жол стансасындағы жетіжылдық мектепте жалғасты. Ал кәмелеттік аттестатты отбасылық жағдайына байланысты Қостанай қаласындағы мектеп-интернаттан алуға тура келді. Жастайынан оқуға зерек жеткіншек қатардағы көп оқушының бірі болған жоқ. Өзімен теңдес құрбы-құрдастарынан оза шауып, бәйге алды. Іргетасын 1882 жылы аса көрнекті ағартушы, жаңашыл педагог Ыбырай Алтынсарин қалаған білім ордасын алтын медальмен бітірді.
«Кедейдің кертіп жейтін жалы – білім» (Иүгінеки) екенін санасына мықтап сіңірген дала баласы жоғары білім алуды мақсат тұтты. Өзінің біліміне сенімді ол арман қуып, қиялының қанатын қияға тербетіп, Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласынан бір-ақ шықты. Талапкер жас мамандық таңдауда қателескен жоқ. Құжатын М.И.Калинин атындағы Бүкілодақтық жоғары дәрежелі политехникалық институтының энергомашина факультетіне тапсырды. Оқуға түсу медаль иегеріне көп қиындыққа түспеді. Сол кездегі Білім министрінің бұйрығына сәйкес бір сабақтан емтихан тапсырып, конкурстан тыс оқуға қабылданды. Алғашқы кезде орыс тіліне едәуір шорқақ болғанымен, ізденімпаз студент көп ұзамай үздіктер қатарына қосылды...
Диплом қорғаған кезде, оқу орнына арнайы келіп, Қазақ ССР-ы Академиясына қызметке шақырған өкілге ол келісімін бермейді. «Менің жұмыс орным – өндіріс, тек қана – өндіріс» деп жауап береді жас инженер. Егер сол жолы келісімін бергенде, бұл күндері республикадағы ғылым ордасының төрінде қасқабас академик болып отырар ма еді біздің кейіпкеріміз, кім білсін?!...
Жалпы, ғылымға да, білімге де бастап апаратын жолдың кітапта екенін Қайролла Абылаев ерте сезінді. Сезінді де әдебиетті, оның ішінде көркем әдебиетті өзінің айырылмас рухани серігі етіп алды. Қай жерде жүрсе де, парасаттылықтың ордасы саналатын кітапханадан кітапхана қоймай, қазақ, орыс, әлем әдебиеттерінің інжу-маржандарын іздеп жүріп оқитын болды. Бойына сіңген осы бір жақсы әдет оқушы кезінен қалыптасып, студенттік шақтар мен қызмет істеп зейнетке шыққан жылдары да оның өмірлік дағдысына айналды.
Рухтас ағамызбен сирек те болса кездесіп, өнер, білім, көркем әдебиет жайында әңгімелесіп, өзімізше пікір таластырып қалатын сәттеріміз де бар. Ондайда таразы басының салмақты жағы көбінесе оқығаны мен тоқығаны мол Қайрекең жағында болатыны анық еді. Кейде атақты ақын-жазушылардың шығармаларынан тосын сұрақтар қойып, оған сәл кібіртіктеп, жауап бере алмай қалсам «Слушай, классиктердің шығармаларын оқымаған сен қандай әдебиетшісің?» – деп, жымия көз тастап, сынай қарайтыны бар. Кейбір сәттерде, әңгіме ауанына қарай қазақ, орыс поэзия алыптарының бір- жар жыр шумақтарын жатқа айтып жіберетінін қайтерсің!
         Бірде, мамыр айының алғашқы күндерінің бірінде қызмет кабинетіме өзіне тән сыпайылықпен «Ассалаумағалейкум, Әнеке! (Оның өзінен жасы кішілерге де бірінші сәлем беріп, ілтипат көрсететінін жұрттың бәрі біледі) деп, Қайрекең кіріп келді. Амандық-саулық сұрасып болғаннан кейін терезе алдына келіп, сыртқа көз тастады. Осы кезде күн күркіреп, аспанда найзағай ойнап, далада жаңбыр құйып тұрған болатын. «Ну и погода?!» – деді ол, әдеттегідей орысша араластырып. «У природы нет плохой погоды.  Құдайдың күнінің бәрі жақсы ғой», – дедім мен ағамызды әңгімеге тартып. Сәл үнсіздіктен кейін, мына табиғаттың тамаша құбылысы мен ақын лирикасы бір-бірімен үйлесімді гармония (үндестік) тапты ма, әлде осы бір ғажайып сәтті көрініс ішкі сезіміне әсер етті ме, білмеймін, ол жай ғана дауыстап, өлең оқи бастады:
«Люблю грозу в конце мая,
Когда весенний, первый гром,
Как бы резвяся и играя,
Грохочет в небе голубом»,– деп бір тоқтады.
Мен: «Тютчев қой бұл. «Весенняя гроза», – дедім де ақын лирикасының қалған шумақтарын оқи жөнелдім:
«Гремят раскаты молодые,
Вот дождик брызнул, пыль летит,
Повисли перлы дождевые,
И солнце нити золотит...»
– Әнеке, бұл өлеңді сен  қайдан білесің? – деді ол маған аңтарыла қарап.
– Ау, ағасы! Бұл сұрақты қайта мен сізге қоюым керек қой. Мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ бердім. Бас-аяғы 3-4 шумақ өлеңді жатқа айтқаныма несіне таңғаласыз? – Бірақ – дедім мен ағамызға – сіз өлеңнің бірінші жолын «Люблю грозу в конце мая», – деп қате оқыдыңыз. Дұрысы: Люблю грозу в начале мая» болу керек , – дедім мен де қарап тұрмай.
 – Жоқ, в конце мая, – деді ол сенімді түрде.
– Кешірерсіз, көке, "в начале мая".
Сол кезде ол: – Қазір, жігітім, сәл тоқтай тұр,–деді де, өзімен бірге үнемі қолынан тастамай алып жүретін қара портфелінің ішінен бір кітапты суырып алып, оның беттерін асығыс парақтай бастады. Лезде аталмыш өлеңді тауып алып, бірінші шумағын дауыстап оқыды.
–Ты смотри!  Сенің айтқаның дұрыс екен, – деді ол, кітап бетін жауып жатып. Қолыма алып қарасам «Полное собрание стихотворений Ф.И. Тютчева» деген жинақ екен.
Осы арада тағы бір қызық болды. Ағамыз әлденеге сенбегендей портфельге қайта қол салып, оның ішінен белгілі жазушы  Медеу Сәрсекеевтің «Сәтпаев» атты ғұмырнамалық романын алып шықты. Автор бір оқиғаны баяндау барысында әлгі өлеңнің бірінші шумағын келтірген екен. Өлең мәтінінің дұрыстығына әбден көз жеткізген ол кітаптарын жинап, қайтуға ыңғайланды.
Мен оның портфеліне әдеби кітаптар салып жүретінін бұрыннан байқайтынмын. Бірақ дәл осындай сәйкестік болады деп кім ойлаған? «Зейнетке шыққаннан кейін қалыптасқан әдет қой. Қол босағанда бірнеше бет оқып тастасамда олжа емес пе?»– дейді ол біртүрлі қысылғандай.
Менің таңданысымда шек болмады. «Өмірге келген әрбір пенде өзінше бір әлем, шешілмеген жұмбақ десек, «Абылаевтың әлемі, жан-дүниесі, болмыс-бітімі тіпті мүлде бөлек екен-ау» деген ой келді маған. Құдайым-ау, кітап оқымақ түгілі мына бүгінгі күні нарық кемесінде тербетіліп, өмір толқынына малтығып, бір батып, бір шығып бірді-екі, екіні-төрт... етсем»- деп, баю жолын іздеп, шарқ ұрып, жандары байыз таппай жанұшырып, аласұрып, саусақтарының ұшымен ақшаны қыбырлатып санап, жер басып жүрген тойымсыз, рухани жұтаң пенделер қаншама десеңізші?! Ал қарапайым шопанның отбасында қазақы тәлімді тәрбиенің ынсап-қанағатын бойына сіңіріп өскен көкеміздің саусақтары ақша санау үшін емес, бейнебір кітап беттерін парақтау үшін жаралған ба, деп қаласың!
Әнес ӘУЕЗОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
(Жалғасы бар)
21 мамыр 2022 ж. 897 0