Балалығымның бір сәті (Кітап пен шәй)
–Балаларым, осы сендерге дастарқан басында кітап оқып отыруды қойыңдар,– деп едім деген әкемнің сөзін күнде естісек те, сол дастарқан басына келерде кітап ішіне еніп кетіп, шыға алмай қалатын кездер-ай. Анам шәй құйып отырған самаурыннан шыққан буға қарап шәй ішіп отырып кітаптың келесі бетінде не жазылды екен деген ойда отырасың. Асымызды апыл-ғұпыл ішіп, шаруаларды тезірек тындыруға асығамыз. Кітап оқу үшін. Кейде сол шаруалардың кейбірін ұмытып кетеміз. Анамның «таста кітапты» деген ашулы дауысын естігенде кітапты жаба салып, шаруаға кірісесің. Ол кездегі шаруалар қазіргідей емес. Дайын ешнәрсе жоқ. Суды құдықтан иін ағашпен тасисың. Су тасуға бірнеше қыз тізіліп барамыз. Қасымызда іні-сіңлілеріміз еріп жүреді. Құдықтан қауға шелекпен тартылған суды ішіп алып, әңгімемізді де айтамыз. Үйден ала шыққан құрттарымызды жейміз. Қасымызда еріп жүрген кішкентайлардың кейбірі біздің әңгімемізді тыңдаса, кейбірі ойнап жүреді жан-жағымызда. Сөйтіп тізіліп, иықтағы су толы шелегіміз ауыр болса да, көңіліміз көтеріңкі үйге қайтамыз. Осылай бірнеше рет қатынаймыз. Одан соң күбіге айран шайқау, құрт қайнату, оны сары суынан ажыратып жаю, қамыр илеп табаға нан салу, құрт қайнатып, нан салу үшін тезек теру, бұзауды жамырап кетпес үшін сиырдан бұрын іздеп тауып қораға қамау дегендей. Айта берсек шаруа көп. Бұзау жамырап кеткен күні ұрыс естіп, тамақ батпай уайымға салынатын кездерді айтсаңызшы. Біз сол кезде анамызды неге сонша ұрысады деп ойласақ өзіміз үшін екен. Бір күн сиыр сауылмаса, балаларына сүт, айран болмай қалады екен ғой. Күнара анамызға сол кездегі балалардың сүйікті асы қою көже жасатамыз. Даладағы ошаққа пісіреді. Астына от жағылып, қазанға піскен астың дәмі де басқа ғой, шіркін. Ұмытылмайтын дәм. Көжені ыдысқа салып, ортасына қолдың сары майын салып дастарқанға әкелгендегі бұрқыраған иісінің өзі біз үшін шат-шадыман қуаныш еді. Бұл ауылдағы жаз кезіндегі қызықтардың аз ғана бөлігі (алдағы уақытта ауыл қызықтары туралы әлі де айтылатын болады).
Әңгімем кітап оқудан басталып еді негізі. Қайта оралайын. Біз кітапқа және кітап оқуға ғашық боп өстік. Рас. Үйде ата-анамыз, мектепте ұстаздарымыз кітап оқуға баулыды. Әкем ауыл кітапханасынан кітап жаздырып әкелетін. Ол кездердегі совхоздың шаруасы да оңай емес. Сол шаруалардан төрт-бес күнде сәл қолы босай қалса «балам, үстел үстіндегі оқып жүрген кітабымды әкеп берші» деп жұмсайтын. Солай уақыт тауып кітап оқитын, газет-журнал оқитын. Шәй үстінде батырлардың ерлігі жөнінде, тарихи оқиғалар, тапқыр айтылған би-шешендердің сөздерін айта отыратын. Қызыға тыңдап, өзіміз қайта оқып шығатынбыз. Мектепте ұстазымыз әдебиет пәнінен бір шығарманы қызықтыра түсіндіреді де және қалған бөлімдерін үйден оқуға тапсырма беретін. Үйде сабақ оқуға кіріскенде ең алдымен орындайтын тапсырма жаңағы шығарманы оқып аяқтау болатын. Бізді осылай ол кісілер кітапқа ғашық етті. Үйде жарыса кітап оқитынбыз. Кейде талас болатын «кітапханадан мен жаздырып алдым, бірінші мен оқуым керекпін» немесе «он бетін оқимын, сосын сен оқисың дедің ғой, сен оннан аса бет оқып қойдың, енді мен де солай оқимын» деген сияқты. Кітапты оқып шығамыз сосын бір-бірімізге сол кітаптағы оқығандарымызды жарыса айтатынбыз. Ол да бір қызық еді.
Көптен кітап оқымай кеткен ем. Балалық кезімді еске түсіруім кітап оқуға қайта әкелді. Ең алдымен сол бала кезімдегі бір кітапты қайта оқып шыққым келді. Есіме ең бірінші түскен кітап ол Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы болды. Бұл романның басталуы да қызық «Зытып келем, зытып келем. Артыма қарай-қарай зытам...»
Әрі қарай өздеріңіз оқып алыңыздар. Өте қызық. (Өйткені мен оқып отырмын. Шәй ішіп оқып отырмын).
Г. МАХСҰТ