Ауылдың айтқыштары
Бірде Қызылордада профтехучилищелер директорларының семинар-кеңесі болады. Семинар аяқталып, бір топ директор ауылға қайту үшін вокзалға келеді. Бұларды шығарып салуға сол Қызылордадағы училищенің директоры, бір жас жігіт ере келеді. Вокзалға келсе пойыз уақытысынан екі жарым сағат кешіккен болып шығады. Енді не істеу керек? Қонақ үйден есептесіп шығып кеткен. Жақын жерде барып аялдай тұратын үйдің де реті болмайды. Қораланып вокзалда отыру да ыңғайсыз. Бұл топтың ішінде Аралдағы СПТУ-16 училищесінің директоры Қорғанбаев Икентай ағамыз да болады. Амал жоқ, Иекең әлгі жігітке:
– Әй, осы сенің әйелің қай жақтікі, руы не деп сұрайды.
Анау: – Әйелім Аралдікі, руы– жақайым. Иекең:
– Онда сен бізге күйеу болдың, күйеу пұл дегенді білесің бе?
– Жоқ, білмеймін, бірінші рет естіп тұрмын.
– Білмесең, Аралдан қыз алдың ба, алдың, жақайымнан алдың ба, алдың, қызымызды күнде пайдаланып жатырсың ба, жатырсың. Енді мына қайынағаларыңа соның ақысын төлеуің керек, оның атын "күйеу пұл" дейді, қазақта бар ырым.
– Сонда не істеуім керек?
– Пойыздың келуіне әлі екі жарым сағат бар, сен бізді мына ресторанға апарып жайлайсың, сонда күйеу пұлдан құтыласың, – дейді
– Онда сөз жоқ, қайынағалар, жүріңдер, – деп, әлгі жігіт бәрін ресторанға апарып жайлапты.
Қойдың басы
1942-1947 жылдары Аралда Гилаж Ишкенов деген ұлты татар кісі райкомның бірінші хатшысы болыпты. Өзі халыққа өте жағымды, қарапайымдылығы сондай, кез келген нәрсеге өзі араласып кете береді екен және бір қасиеті қойдың басын мүжігенді, әсіресе құйқасын өте жақсы көреді екен. Бірде сол кісі іссапармен Ақшатау жағына шығады. Талма-түс кезінде Қызылжарға келіп, ауылдың орталық көшесімен келе жатса, партком үйінің шарбағының айқара ашық тұрғанын көреді. Шарбақтың ортасында дәу екі қазан асылып жатыр. Бұл үйге не болып қалды екен, білейінші деп сұратады. Сөйтсе, партком үйі құда жайлап жатыр екен.
– Тамақ пісті ме? – деп сұрайды. Әлгі жігіт тамақ ішкісі келген шығар деп ойлап: – Иә, пісті, – дейді.
– Онда қазандағы қойдың басын осында алып кел, – дейді. Анау сасып қалып парткомның өзін шақырып келеді. Партком бірінші хатшыны көріп, бұл да сасып қалып:
– Гилеке, үйге түсіңіз, үйде құдалар бар, бірге болыңыз, – дейді.
– Жоқ, асығыспыз, онан да ана басты осында алып кел.
Партком бірінші хатшыға не айта алсын, амалсыз басты алдына алып келеді. Сөйтіп, Гилаж басты жеп кетеді. Енді құдаларға тартатын бас жоқ. Құдаларға басты хатшының жеп кеткенін, қайтадан қой сойып, бас тартатынын айтады. Оны күтіп отыратын құдалар қайда, хатшы жесе біздің жегеніміз, рақмет, – депті.
Жылқының құйрығы
Менің Байқоныс деген нағашым бар еді. Өзі ірі денелі, қарулы, мінезі қызық адам. Ойына не келсе соны істейді. Соған қарамастан өзі баладай ақкөңіл.
Бір күні сол нағашым балаларға ағарған болсын деп бір буаз сиыр сатып алады. Сиырды сатып алған үйден немересі екеуі, өзі жетектеп, немересі артынан айдап келе жатады. Бірақ сиыры құрғыр жолда жүрмей, әбден ақыретті береді. Үйге жақындап қалғанда мүлде жүрмей, тіпті жатып алады. Нағашым әрі ұрады, бері ұрады, бірақ сиыр жатқан орнынан тұрмайды. Сосын не істесем екен деп, осы құйрығын бұраса кез келген сиыр ырыққа көнеді деуші еді, мұның құйрығын бұрап көрейін деп, бұрай бастайды. Бірақ сиыр оған да қыңқ етпейді. Нағашым ашуланып кетіп құйрықты қаттырақ бұрап жібергенде, бірдеңе күтір ете қалады. Сиыр сонда да тұрмайды. Нағашым бір боқтап, сиырдың қасына немересін тастап, өзі үйге кетіп қалады. Бір кезде немересі сиырды үйге әкеліп тұр.
Сиырды қораға кіргізіп, баға бастайды. Бір күні сиырдың құйрығы жоқ, түбінен түсіп қалыпты. Аң-таң болып, ақыры өткендегі қатты бұрап жібергенде күтір ете қалғаны есіне түседі. Сөйтсе, құйрықтың омыртқасы сынып, бөлініп кеткен, тек теріге ілініп қалған екен. Кейін тері шіріп, құйрық үзіліп түскен. Сөйтіп сиыр шолақ құйрық болып қалады. Біраздасын бұзаулайды. Сүтті сиыр екен, ағарған ішіп қарық болады.
Көктем өтіп, жаз келеді, жазбен бірге шыбын-шіркей шығады. Сиырды өріске шығарады. Басқа сиырлардай қағайын десе құйрығы жоқ, азап көріп жүрген сиырын көріп, нағашым қатты аяйды, өкінеді. Бірақ амал не, болар іс болды. Қой, бүйтіп қарап отырған болмас, мал сою пунктіне барып, сойылып жатқан сиырдың бір құйрығын сұрап алып, құйрығына жамайын, мүмкін іске асар,– деп, нағашым мал сою пунктіне барады. Барса сойылып жатқан сиыр емес, жылқы екен. Амал жоқ, жылқының бір құйрығын сұрап алып, келе сиырдың құйрығына хамуттап жамайды. Ертеңіне сиырды өріске шығарады. Жұрттың бәрі сиырды көріп, аң-таң, өз көздеріне өздері сенбей, не күлерін, не жыларын білмейді. Кешкісін сиыр өрістен келсе, құйрығы жоқ, түсіп қалыпты.
Бір отырыста нағашым осы әңгімені айтып, бәріміздің ішек-сілемізді қатырған. Рас-өтірігін өзі біледі.
Өзіміздің қара домалақтар екен ғой
Теңіз тартылып, Арал апат аймағы деп жарияланған сонау бір жылдары шет елдерден Аралға келушілер қаптап кетті. Сондай бір делегация Африкадан да келді. Кілең қап-қара негрлер, бәрі де жас жігіттер екен. Аупарткомның акт залында қонақтармен кездесу өтеді. Президиумда оншақты қара домалақ негрлер. Аупартком хатшысы Набат Маханова апамыз қонақтарды таныстыра бастайды. Жалпы негрлердің аты-жөні өте қиын, әрі ұзақтау келеді ғой. Набат апа алғашқысын әзер таныстырып, келесісіне келгенде тілі мүлде келмей, шатыса береді. Сол кезде Құдайберген Жасекенов ағамыз: – Набатжан-ау, өзіміз танитын қара домалақтар екен ғой, ар жағын таныстырмай-ақ қой, – деп, Набатты қиындықтан құтқарып жіберіпті.
Мырзеке, ары жатшы
Бұдан елу жыл бұрын сахнада "Қозы-Көрпеш-Баян сұлу" спектаклі жүріп жатты. Қозының ролінде Мырзабай Отарбаев, Жантық – Жұбатқан Тілеуімбетов, Қодар – Мұрат Сыдықов, Баян ролінде Набат Айдаулетова. Көріністе Жантық өлгеннен кейін Қодар Қозыны өлтіреді. Өліп жатқан Жантық роліндегі Жұбатқанның аяғының үстіне Қозы – Мырзекең құлаған ғой. Жұбатқанның аяғы Мырзекеңнің ауыр салмағына шыдамай қатты ауырып кетеді. Сонда Жұбатқан: – Мырзеке, аяғымды ауырттың, ары жатшы десе, Мырзекең: – Жұбатқан-ау, біз өлген адамбыз ғой, қалай ары жатам, – депті.
Мірлеймін десең өзің бір
Бірде Бекұзақ Тәңірбергенов пен Сұраған Мырзаев Қызылорда жақтан пойызбен келе жатады. Купеде бұлармен бірге бір орыс жігіті болады. Қарап отырғанша деп үшеуі карта ойнайды. Ойындары құлыс. Шамалыдасын Бекұзақ демалам деп жоғарғы полкіге шығып кетеді. Орыс пен Сұраған ойынды жалғастыра береді. Бір кезде орыстың қолына 31, Сұрағанға да тәуір карта шықса керек, екеуі бірін-бірі ала алмай, біраз ырғасады. Сонда екеуінің де қолын төбеден көріп жатқан Бекұзақ орыстың қазақша түсінбейтінін пайдаланып:
Мынауың білек білей ме,
Шынымен шайқас тілей ме.
Ал енді сақтан, Сұраған,
Кездестің нағыз дүлейге.
Жүректен шықсын жосық жыр,
Мына қиық босып жүр.
Орысыңда 31
Мірлеймін десең өзің бір, – деп өлеңдетіпті.
Бүлінген костюм
Ертеректе Шижаға ауылдық клубында Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай» спектаклі жүріп жатты. Суретші Сұлтан ролінде – Мұрат Сыдықов, доцент – Жеңіс Қырымов, ақын Әубәкір Ақтаев ролінде – Талас Шүкіров, колхоз төрағасы – Мырзабай Отарбаев, атақты сауыншы Айсұлу ролінде - Набат Айдаулетова. Спектакльде доцент пен ақынның Айсұлуға таласып, төбелесетін көрнісі бар. – Әй, антұрғанның саяғы айдалада төбелеседі деп, сендерге не көрінді, түге, – деп оларды суретші Сұлтан арашалайды.
Осының алдында Мәскеудегі ВТО-дан гримдер алдырғанбыз. Соны әдемі көріну үшін актерлер беттеріне сыбастырып жағып алған. Осы спектакльге Мөкең су жаңа әдемі костюм киіп келді, өзіне құйып қойғандай жарасып тұр. Бағасы 80 сом екен. Ол кезде айлық 62 сом. Ақын роліндегі Талас доцент Жеңіске ұмтылған болып, екі бетін Мөкеңнің костюмінің екі омырауына үйкей берген. Спектакльден кейін қарасақ, костюмнің екі омырауы айғыз-айғыз. Ол кезде қазіргідей тұрлі химикаттар жоқ, сабындап жуғанға кетпеді. Костюм киюге жарамсыз болып қалды. Ол кездің жігіттері тамаша ғой, Мөкең іштей ренжісе де ештеңе демей, миығынан күлді де қойды.
Жинақтаған Жақсыбай Төребеков