Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Балаларға базарлық

Балаларға базарлық

Ізбасар
Алда жол көп біз басар,
Таудай биік талабым.
Ағаларға ізбасар,
Нағыз ұлан боламын.

 Қолғабыс

Айтады әжем әрдайіым
-Бала болдың батпандай.
Былтырғыдан сәл бойым
Өсіп келе жатқандай.
Әже ақылы мен үшін,
Әжептәуір ол да күш.
Сүйреп әкеп кебісін,
Бердім міне, қолғабыс.

 Рәміздер

Көп нәрсені әлі шын,
Кезімде сол білмейтін.
Рәміздер мәнісін,
Ұдайы ағам:
-Біл дейтін.
-Ел белгісі ерекше,
Аспан түстес байрағың,
Байрағың бұл керексе,
Абыройың, айбарың!
Жауда қалып жайлауым,
Сәтте елде күн туған.
Желбіретіп байрағын.
Бабам жауға ұмтылған.
-Мақсатына беріліп,
Өскен ұл мен қыз жетер.
Шырқамаймыз ерігіп,
Әнұранды құр бекер.
Чемпиондық тұғырға,
Шықсаң інім, шегінбе.
Шырқайды әлем шынында,
Олимпиада төрінде.
-Осал емес Отаным,
Деп қақты ағам арқамнан,
Шашқан нұрлы шапағын.
Біліп қой бұл Елтаңбаң.
Елтаңбасы елімнің,
Өйстіп ой сап тұр көпке,
Қадірін біл жеріңнің,
Рәмізін құрметте!

Толыбай АБЫЛАЕВ
01 маусым 2022 ж. 1 371 0