Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Құландыдан шыққан қаламгер

Құландыдан шыққан қаламгер

Арал ауданы – ауқымы жағынан да, көлемі жөнінен де елді мекендер мен шалғай ауылдарға бай өңір. Әрбір ауылдың  өзіндік сыры өлкеміздің өткені мен бүгінінен хабар беретін құнды мәліметтерге толы. Туған  өлкенің тарихынан тұтас тағылымынан сүбелі ой айтуды мақсат еткен жобамыздың бүгінгі бағыты «Құланы жүйткіген құланды топырағының тарихымен, сол өлкенің талантты тұлғаларына арқау болмақ. Ғасырлар тоғысындағы тарихты өз қатпарына бүккен Құланды ауылы біздің заманымызға дейінгі 7 ғасырдан бастап сақтардың сармат тайпалары мекен еткен екен. Арал теңізі немесе тарихтағы ең алғашқы атаумен айтар болсақ «Көк теңіз», тектілердің табаны тиген топырақ. Арал теңізінің және Құландының құпиялы сырын өз ғылыми еңбектеріне арқау еткен алғашқы ғалымдардың бірі – араб жазушысы Ибн-Рашид, ол ұлы теңізді ең алғаш рет Арал теңізі деп атаған екен. Әйгілі ғалымдар Бутаков пен Лев Берг – Арал топырағында мекен еткен жан-жануарлар мен Арал теңізінің ерекшелігі жөнінде ғылыми еңбек жазған ғалымдар.
Изенді жеріне бір кездері жер аударылып келген Украинаның ұлы ақыны Тарас Григорьевич Шевченко ғылыми экспедициямен қатар жүріп сол тұстағы Арал, Құланды, Райым тақырыптарындағы пейзаждарын өмірге әкелген. Арал қаласының оңтүстік-батыс бөлігінен орын тепкен түбегі Құланды ауылының теңіз астында қалған ерекше бір табиғат-ананың өз қолымен Құланды ауылын Барсакелмес, Беларан, Возрождение, Изенді түбегі секілді жартастармен қатар аталады. Осы Изенді қондырған туындысы дерсіз.
Ақындар бар, жазушы бар, ғалым да,
         Толып жатыр Әбдіжәмілдей нарым бар.
         Риясыз шынымды айтам, наныңдар.
         Сонда туған менің де мол бағым бар, – деп жырлаған ақын Сансызбай Құттыбайұлы – Құландыдағы Шығанақтың тумасы. Бұл аймақтың талантты перзенттерінің қатарында сөз құдіретін өміріне серік еткен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мырзан Кенжебай, Төлеумұрат Ақжолов, Омар Әбдуалиев, қоғам қайраткері Ділдә Матайқызы, филология ғылымының докторы, професор Керім Шамшадин , «Болашақ» Халықаралық стипендиясының иегері, филология ғылымының кандидаты Ақтоты Ақжолова, өнер саласының белді маманы Ерсайын Басықараев секілді дара тұлғалардың мекені.
Сансызбай Құттыбайұлының «Құландым – құт мекенім» еңбегі өзі туған ауылдың тарихынан хабар берген құдды бір тарихи жәдігер дерсіз . Алғы сөзімізге тұздық болған әрбір құнды мәліметтер осы сүбелі еңбектің жемісі.
Ақын қайда жүрсе де өзінің түлеп ұшқан тұғыры – туған жері мен өскен елін бір сәт есінен шығарған емес. Құм мен теңіз құшқан жерде бір- бірін  "Мен туыппын ашқан жерде гүл бүрін" деп жырлаған Сансызбай ақын Құландының Шығанағында 1947 жылдың 25 мамырында соғыс және еңбек ардагері Құттыбай Мұханбетиярұлы мен Қойсын Аймағанбетқызының шаңырағында өмір есігін ашқан.
Анам ақын Балқы базар тегінен,
         Адал, арлы арылмаған төрінен.
         Әкем жойқын Ер Едіге тұқымы ,
         Батырлық пен ақындықтың төлі –Мен, – деп өз бойына сіңген тектіліктің терең тамырда екендігін жырға қосқан .
         Бала Сансызбай алғашқы білім баспалдағын Құландыдағы 7 жылдықтан бастап, кейін Ақбастыдағы 11 жылдық мектептен тәмамдаған. Осылайша арман қуып Алатаудың бөктеріндегі әсем қала Алматыдағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылық институтына түсіп, 1970 жылы инженер-механик мамандығын алған, кейін 1991 жылы Өскемендегі жол-құрылыс институтынан инженер-экономист мамандығын да иеленген.
Ерекше естелік жазып қалдырған ақынның «Шағалағұмыр» жинағында. «Тентек теңіздің шуы да, шағала үні де, әке тізесінде отырып әр кеш сайын ауыл жыршыларының жырын тыңдап, тынысым кеңейетін. Беларанға жетіп, ұшар шыңына өрмелеп, құпиясына қаныққым келетін» деген бала арманы ақынға шалқар шабыт сыйлап, көлемді жырлар жазуға бағыт-бағдар болды. Осылайша ол үлкен әдеби ортамен егіз еншілес болуға қанаттанған. Оған ақынның қалың оқырманға жол тартқан әрбір еселі еңбегі мен өткір жырлары сөзсіз дәлел. "Баталардан көгергем"
деп жырлаған ақын өз ғұмыр жолында әдебиеттің алыптары саналған әр тұлғадан бата алып көгерген жан.
"Сансызбай, бір кезде теңіз жағасын мекен еткен 19 үйдің бірінен сен, бірінен мен шыққан қара сирақ бала едік-ау. Мен қазір шал, сен сіңірі білектей ел көзінде жүрген, шіренсе шідер үзетін азамат жігітсің.
Аман бол, жақсылығыңды өзің басқарып жүрген еліңе істе, ауысса туған жеріңе істе" деп бата берген, өткір ой айтқан әдебиеттің қара нары Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов өзінен кейінгі ерген інісі Сансызбай жайындағы өткір ойы құм даланың, теңізді өлкенің қай перзенті де осал еместігін айқындатқандай. Ақынға тақырып көп. Мәселе солардың қайсысын жазса да өміршең етіп, жүректерге жол табар сыршыл дүниеге айналдыра білуінде. Ақынның әрбір жинағының атауы өзі туған өңірдің тау-тасымен, тарихымен тікелей сабақтас. Олар «Құландым – құтты мекенім», «Бұйрат», «Ұшқан теңіз, ұлы құм», «Қырық жол» еңбектерін жеке дара атап өтуге міндеттіміз. Бұл әрбір атаудың терең тамыры Құланды тарихының өткенімен тікелей сабақтас. «Тораңғы тамыр дүние», «Ой өрімдері», «Шаңырақ сексен», «Шағалағұмыр» секілді еңбектері де осы қатардан. Бұл өлкенің қарымды қаламгерлері мен ақындары өз туған ауылдарын сөз құдіретімен өз биігінен асыра дәріптеген, жырлаған жандар. Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек ері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің тарихи еңбектері де балықшы қауымның батыл тағдыры, Арал қасіреті сөзсіз суреттелген өлмес өміршең туындылар. Сансызбай Құттыбайұлының да әрбір жырының шумақты жырлары туған өлкенің тіршілік-тынысын, табиғатын, жусанды шөбін, жүйткіген құланның ізін, теңізсіз қураған даланы, үлкен арманмен теңіз-ананың зарлы үнін өз жүрегімен жырлаған  ақын.
Оқшау қонған ауданнан да басқадан,
         Жоламайды «бетін басып» басқа адам.
         Ал мен бейбақ,
         Сол жаққа ылғи талпынам,
         Өйткені о жақ
         Атамекен – астанам .
         Ақын заман тынысын, уақыт ерекшелігін пайымдай отырып, өзі куә болған жағдай-жайттардан сезініп- түйсінгендерін ағынан жарыла баяндайды. Жапан даладағы табиғат -ананың ауыр тағдырын ақын түгілі оқырман жүрегі жылап отырып оқитын туынды деп қабылдаймын.
Рухани ортада ақын болып қалыптасқан Сансызбай Құттыбайұлы өз кәсіби еңбек жолында инженер-механик, инженер-экономист, яғни өзі тізгіндеген саланың белді маманы. Ол – Халықаралық көлік академиясының  академигі, Петербургтағы Халықаралық ғылыми академияның корреспондент-мүшесі , ҚР Ұлттық аграрлық университетінің құрметті профессоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Арал ауданының құрметті азаматы.
         «Қырық жол» – тарихи жол . Ол шындығында сонау сақ-сармат дәуірлерінен бермен қарайғы келе жатқан ескі киелі жол. Құландының үстімен, үйлерінің арасымен теңіз жағалап, иін жүріп өткен қырық батырдың жолы әлі күнге дейін осы атаумен аталады екен. Сансызбай Құттыбайұлының. «Қырық жол» деп аталған еңбегі осы тарихи атауға негізделген.
Арал, Арал арым да сен, барым да
Даңқыңменен дарын қостың дарынға ,
Ардақтымсың, арын қостың арынға,
Таланттарды туғыза бер, тарылма!
         Ақын туған ауылын есінен бір сәт шығарған емес. Өлеңдерін де, журналистік жазбаларын да өзіне қашанда тірек көріп, қуат-нәр алып отыратын ауылын, оның кескін-келбетін, озығы мен тозығын, адамдары мен сол ауылды өркендетуге жан аямай еңбек етіп келе жатқан азаматтарын, болашақ жастарын аса бір ілтипатпен суреттеген.
Ұшан теңіз, ұлы құмның баурайында кіндік кесіп, асау толқынмен тербетіліп, Беларанның ұшар шыңына өз арманымен қанаттанған ақынның әдеби ортадағы өз үні, дара жыры оның дара болмысын айқындатып, өткір қолтаңбасын қалдыртты. Құланы жүйткіген Құландының перзенті – тұтас қазаққа ортақ тұлға.
Гүлнұр ШАЛМАНОВА,
орталық кітапхана қызметкері

07 маусым 2022 ж. 1 260 0