Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Артық ғылым кітапта...»

«Артық ғылым кітапта...»

Кітап – рухани азық, адам өміріндегі оның маңызы зор. Кітап арқылы дүниені танып, ой-өрісіміз, білім көкжиегіміз, рухани әлеміміз дамиды. Әркімнің ішкі мәдениетін, айналасындағылармен қарым-қатынасын қалыптастыруда да кітаптың пайдасы ерекше. Дана халқымыздың «Кітап – білім бұлағы» деп айтқаны да бекерден-бекер емес.
Бүгінгі күні кітап оқуға деген құштарлық өткен уақытпен салыстырғанда өте төмен екендігі ақиқат. Қазір баланың да, үлкеннің де, кәрінің де қолында бір ұялы телефон. Үйде болсын, көшеде болсын, жұмыс орнында болсын бәріміз сол ұялыға шұқшиып, айналадағы дүниені ұмытып жатамыз. Бәзбіреулер «кітапты қалтафонымнан оқимын» деп жатады, дегенмен кітапты қолға алып, әр бетін парақтап оқығанға, санаға тоқығанға ештеңе жетпейді.
Нарықтық экономика өмірімізге ене бастаған алғашқы жылдары оңтайландырудың желеуімен көптеген кітапханалар жабылып қалды. Бұл ұлттың рухани құндылығына жасалған соққы болды. Бұдан соң халық балапан басына, тұрымтай тұсына,әркім өз басын ойлап, кітап оқымақ түгіл «бала-шағамызды қалай асыраймыз?» деумен тіршілік толқыны ықпалына түсіп кетті. Көптеген кітапханалардың есігіне құлып салынды.        
Қазіргі жастар арасында кітапқа деген көзқарас қандай? Олар кітап оқи ма, қандай тақырыптарға қызығады, нені таңдайды? Осындай сұрақтар шағын ауылдың кітапханасына жетелеген.
Аудан орталығынан алыс Ақбасты деген ауыл бар. Біраз жылдардан бері осындағы кітапханада қызмет ететін, өз ісінің білікті маманы, әр іске ұқыптылықпен қарайтын Рая Тілеубергенова біздің сұрағымызға мынадай жауап берді:
– Кітапханадағы кітап қоры 9500. Мұнда әр түрлі тақырыптағы кітаптар бар. Әне бір жылдардағы оңтайландыру ұраны кезінде де қорымыздан айырылып қалмай, сақтап қалдық. Қазір мұнда көбіне мектеп оқушылары келеді, өздеріне керектілерін алады, бірақ оқу залына отырмай, әр бетті ұялы телефондарына суретке түсіріп алады. Барлық мұғалімдер мен оқушылардың іздегендерін тауып беруге тырысамын. Мектеппен тығыз байланыстамын. Әрбір істің артында азғантай болса да еңбегім тұрғанына қуанамын.  
Р.Тілеубергенованың қызмет орны ауыл клубының бір бөлмесі, кітапхана осында орналасқан. Кітапханашының әрбір мереке күндеріне немесе ақын, жазушылардың мерейтойларына байланысты арнаулы орындар дайындап, тынымсыз еңбектенетіні байқалады. Ондай орындардың келушілердің талғамына сай, эстетикалық нормалардың сақталуына да көңіл бөлетіні көрініп тұр.
Кейбір кітап сұраушылардың тапсырысы мұнда табылмай жатса, әріптестеріне хабарласып табуға тырысады. Өзі: «Кітап іздеген адам ойлағанын таба алмаса, менде тыныштық болмайды» дейді ағынан жарылып.
Кітапханашының қалтқысыз қызметі келушілерді де риза етеді. Сөрелерге қойылған кітаптардың қайсысы қай жерде екендігі де есіне тез түсе қалады, сұраушыға тауып бере қояды.     
      Бір кездері бүкіл Одақ көлемінде қазақстандықтар кітапты ең көп оқитындар қатарында болған еді, онда қой баққан қойшының да, жер жыртқан механизатордың да, мұғалім мен оқушының да қолтығында әдеби кітаптар жүретін. Ал қазір мүлде басқа жағдай қалыптасқан, бұны бір жағынан қорқынышты деуге болады, себебі жан дүниесінде кітап қалыптастыратын мейірімділік, қайырымдылық, жанашырлықты білмейтін қатыгез ұрпақ қалыптасуда емес пе деген ойға келеміз.  
      Ойымызға адамзат тарихында өз орындары бар ілгеріде өткендердің айтқандары оралады. Данышпан Абай: «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге» дейді. «Ештеңе оқымаған ештеңені ойламайды» депті енді бір кемеңгер Дидро. Ғарышқа ең алғаш қадам жасаған Ю.Гагарин: «Кітап – досың, ақылшың, ол көптеген ізгі ойдың, сезімнің, білімнің қайнар көзі. Кейде тіпті қай кітапты не үшін ұнататыныңды өзің де білмейсің. Белгілі бір жасыңда, белгілі бір жағдайда бір кітап ұнаса, ол адам кемелденіп, көзқарасы, түсінігі, өмір жағдайы өзгерген кезде оған екінші бір кітап қажет болады» дейді.
      Аға буын соңындағыларға қарап ойға қалары сөзсіз, себебі кітап оқуға талпынбайтын, оған деген қызығушылығын жоғалтқан ұрпақтан не күтуге болады? Олар елінің тарихынан, мәдениетінен, салт-дәстүрінен, тұрмыс-тіршілігінен мақұрым қалмай ма?! Ата-бабаларының ісін жалғастырып, тәлім-тәрбиесін, үлгі-өнегесін бойына сіңіре алмай қалса ше? Күдікті ойлар көп-ақ.
      Бүгінгі заман жаңа технологияның өркендеген уақыты, қолымыздағы қалта телефоннан бастап, ғаламтор кеңістігі, әрқилы байланыс желілері, ғылымның озық жетістіктері өмірімізге сәт сайын енуде. Бұл қуанарлық жайт, ал күдікті көбейтіп, үмітті үздіретіні кітап оқитындардың азайып бара жатқаны.
      Жастар құлағына құлаққап тығып алып, жан-жағында болып жатқан дүниеден бейхабар, көшеде көлік астына түсуге бейіл болып бара жатады немесе кітап оқығаннан гөрі ғаламторға кіріп, сан алуан ойын ойнағанды ұнатады. Әлгі ойындар қырғын соғыс, алапат қантөгіс, адам санасын қатігездікпен, мейірімсіздікпен, қанқұйлылықпен улайтын болып келеді. Осыны көріп өскен баладан қандай кішіпейілділік пен қайырымдылықты, үлкенге құрмет көрсетуді, ата-анасына қамқоршы, өзінен кішілерге ізеттілік танытатын адам қалыптасады? Компьютерге таңылып, ұялы телефонға бағынғандардың ой-қиялы шектеліп, таным-түсінігі таязданатындығы жиі айтылып жүр, ал кітапқұмарлар туралы бұлай дей алмаймыз. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін озық технологияның жетістігін көріп, әлеуметтік желіге шығып жатқанда, олай істеуге болмайды деуіміз жарамас, әйтсе де ұлы мәртебелі кітаптың елеусіз қалуы көңілді алаңдатады.
      Ана бір жолы теледидардан болып жатқан талқылауда белгілі жазушының әртүрлі жайларды айта келіп, Ливиядағы жағдай әуел бастан ешбір кітап ұстамайтындардың әрекетінен басталған деген ой айтты, таңырқап қалдым, демек әлгіндейлерден адамзатқа қатер төндіретін қадамдар да табылап қалады екен-ау.
      Белгілі жазушы М.Байғұтовтың «Қош бол, кітап» деген әңгімесі бар. Кітапқа деген бүгінгі пайымымыз әңгімеде шебер сипатталған. Жиені нағашысына ауыл кітапханасынан алысқа апарылып кітаптардың өртелгенін, ешкімнің оған араша түсе алмағанын жүрегі қан жылап отырып жеткізеді. Әңгімені оқи отырып өзіңнің де жүрегің езіліп кеткендей болады. Кітапқа деген мұндай қатігездікті байқап отырып, оның үлкен трагедия екенін ұғынғандай боласың.  
      Біздің бала шағымыз кітапқұмарлықпен өтті. Ауылдағы  Ильич шамы атанып кеткен жарығымыз түн ортасына дейін ғана болады. Сонан кейін жермай шамның жарығымен қызықты кітаптың ішіне кіріп, таңның қалай атқанын білмей қалушы едік. Оқығанымызды бір-бірімізге айтып, ой таластырғанның өзі неге тұрады?! 
      Сонымен кітап оқу жайындағы ойымызды тұжырымдасақ, қандай қиыншылықты жағдай болмасын түйінін шешуге, тығырықтын шығуға жол табуға болады. Қазіргі қоғамның бетін қалайша кітапқа бұра аламыз? Бір кездердегідей кітапқұмарларды қалай қалыптастырамыз?
      Кімнің болмасын кітап оқитын кезі мектептегі кезең деп ойлаймын. Бала сабағымен бірге әдеби кітап оқуға да уақыт таба алады, тек оның бойында кітап оқуға деген қызығушылықты оята білуіміз керек. Бұл оқушыға күнделікті сабақ беріп жүрген ұстазынан басталады.  Бұл арада ата-аналардың да баласына ықпалы мол болады. Кей ата-аналар кітап оқыған баласына кейіп: «Қай кітаппен ұшпаққа шығайын деп жүрсің? Таста кітабыңды, шаруаңды істе, кітабың құрысын» деп жатады. Бұл бала психологиясына теріс әсер етеді, үйдегі тәрбиенің маңызы зор дейтініміз сондықтан. Заманауи жаңалықтар көркем әдебиетті де дискілерден тыңдап, құлақ құрышын қандыруға болатынын көрсетуде. Сазды, қоңыр дауыспен оқылған шығармалар да, мүмкін, жастарды кітап оқуға тартудың амалы болуы. Болашақтан үміт үзбейік. Кітап оқитындар саны көбейе бергей!  
Ө. СЕРӘЛІ
14 маусым 2022 ж. 3 940 0