Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өмірдің бар қызығы...

Өмірдің бар қызығы...

«Тегінде адамның жүрек сырын шеттің ұғуы мүмкін нәрсе емес қой. Теңіз терең емес, адамның жаны терең. Су түбінде жатқан зат жел толқытса ғана шықпақ. Ой түбінде жатқан сыр шер толқытса да шықпақ емес. Шықса, шер мен сырдың көлеңкесі, сәулесі ғана шықпақ. Дүниеде адамнан қиын жұмбақ жоқ» деген қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың “Шолпанның күнәсі” атты әңгімесінен алынған үзінді. Бұл туынды арқылы жазушының сезімі мен түсінігінің тереңдігін байқаймыз.
Әңгіменің бас кейіпкері Шолпанды бейнелеуінің өзі бір әлем. Ертеректе сан-қилы заман уақытында қазақ қыздары өзі сүймеген жанға тұрмысқа шығатын. Әрине, мал үшін. Ал Шолпан сондай бір уақыттары өзінің сүйген жолдасы Сәрсенбайға қосылады. Ауладағы келіншектердің көзінше: «Баласыз өмірдің қызығы жоқ қой» дегенімен, іштей Құдайдан: «Жасаған-ау, бала бере көрме?!» деуші еді. Иә, Шолпанның ойы балалы болса, әдемі өмірінің құртылатыны.
         Таңның атысымен  өзге адам сәждеге құлап, маңдайын топыраққа қойып, Жаратушыдан бақытты тұрмыс пен өшпес байлық, соның ішінде бала сұрайтын уақытта, Шолпан күрсіне-күрсіне, Жасағанға: «Бала бере көрме!» – деп жалынатын. Осылайша Шолпанның бұл шаңыраққа келін болып түскеніне үш жыл өтсе де, Құдай тілеуін қабыл етіп, бала болмады. Шолпан да осыған разы еді. Жұрттардан баласыз өмір – бос өмір дегенді талай естігенімен, Сәрсенбайдан бір рет те болсын "неге балалы болмайсыз" деген сөзді естіген жоқ. Уақыт өте Шолпанның да тілегі қабыл болғандай еді. Күзден кейін салқын ызғарымен қыс та келіп қалған уақыт. Қорадағы мал жайын жайлап болғаннан соң Шолпанның ері әңгіме-дүкен құру үшін досы Нұржанның үйіне барады. Досының үйленгеніне бес жыл өткен болатын. Сол бес жылдың ішінде үш періште бүлдіршіні бар. Яғни, екі ұл, бір қыз. Сәрсенбай досының үйінде бұл жолы ұзақ отырып қалады. Оны олай отырғызған Нұржанның бітпейтін әңгімесі емес, үш баласы еді. Әңгіме дейтіндей мәнді әңгіме де болған жоқ, тек үш баланың қылықтарына мәз-мейрам болып соны тамашалап отырды. Нұржанның екі ұлы былдырласып өлең айтқан болысады. Білектерін сыбанып, алақандарына түкіріп, тұшталаңдап, бір-бірімен күресеміз деп ұстаса бергенде, аяқтары бір-біріне шалынысып қалып, біреуі жығылады, екіншісі оның үстіне жығылады. Үйде отырған жұрттың бәрі қарқ-қарқ күліседі, балаларды кезек-кезек шақырып алып сүйеді. Нұржанның әкесі немересін шақырып алып, асты-үсті, алды-артынан, тіпті сүймеген жерін қалдырмайды. Әсіресе Нұржанның кішкене қызының қылығы, тәттілігі балдан да тәтті еді.
Осылайша Сәрсенбай Нұржанның үйінде түн ортасы ауғанша отырып қалды. Үйге келсе, Шолпан да жатып қалған, бірақ ұйықтамаған екен. Сәрсенбай Шолпанға Нұржанның балаларының тәтті қылықтары мен істерін көңілді етіп әңгімелеп береді. Сәрсенбай әңгімесінің арасында жай сөздің екпінімен: «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деген сөз ып-рас-ау дегенде, Шолпанның басында жаңа бір ой түсті: үш жылдан бері балам болмасын деген тілегінің, қате болғанда да есалаң екендігі, бала болмаса, екеуінің өмірінің қу мазарға айналатындығы еді. Араларындағы жалынды махаббаттың заманның озуымен бірге бірте-бірте май шамдай еріп сөнетіндігі, екі жүйрік жүректің екпіні баяулаған кезде бір-бірінен жирендірмей, бір-біріне берік байлайтын бала екендігі, баланың ер мен әйел арасындағы дәнекер екендігі – міне, осы ойлардың бәрі сол сағатта ап-анық болып Шолпанның көз алдына келді.
         Ерінің жаңағы мақалынан соң, Шолпан осы күнге дейін тілеген тілектерін және алыстан бұлдырлап көрінетін кәрілік шағын ойға алды. Иә, Шолпанның жанында қара көк теңіздің толқындарындай ұйытқыған ойлардың қорытындысы осы еді. Ері әлдеқашан ұйықтап қалғанымен, Шолпан ұзаққа дейін сол ойлардың шырмауына түсіп, қыстың суық ұзақ түнін көз ілмей өткізеді. Таң ата Шолпан Жаратқаннан «Жасаған-ау, бала бере гөр!» деп дұға тілеумен болды.
Осы түннен кейін Шолпанның жүрегі де, аузы да бала тілеумен ай соңынан ай мен зырғып жыл өте берді. Тілей-тілей тілек те тозды. Әр түнінде көзінен ыстық жас тамып, тек Жаратушыдан бала сұраумен болды. Ылғи дәрет алып, таза жүрді. Күншығыстан таң атып келе жатқанда сәждеге құлады, таспиғын санап, дұғада жүрді. Бірақ бала болмады. Шолпан өзінің сопылық жолға «бала» үшін түскенін жұрт түгілі, жолдасы Сәрсенбайға да айтпаған. Жұрт күлісіп, келемеж қылысты. Ауыл-аймақ Шолпанға: «Пірәдер келін», «Пірәдер жеңге», «Пірәдер абысынымыз» деп ат қойды. Үлкен де, құрбы да, бала-шаға да күлді. Бірақ Шолпан жүрегіндегі жараны ешкімге ашқан жоқ. Ашқанымен бірі ұқпас еді. Сол кейіппен Шолпан да бүкіл молдалардан бата сұрап, баланы тағатсыздана күткен еді. Жыл артынан жыл өтіп, Шолпанның Сәрсенбаймен бір отбасы болғанына сегіз жыл өте шықты. Бірақ әлі бала болмады.
Иә,өмірдің мәні де, сәні де бала екені рас. Бала бар үй қуаныш пен шаттыққа толып, сол шаңыраққа береке кірері сөзіз. Бүгінгі күні бала болғанын қаламайтын аналар да баршылық. Балалы болсам, оның күтімі былай тұрсын, отбасыда қаржылық қиындықтар туындап кетеді деп ойлайды. Әрине, бала сүйгісі келмеу бұл – психикалық ауытқушылық немесе шетелден келген түкке тұрғысыз менталитеттің бірі. Ақыл-есі түзу, дені сау әрбір адам балалы болып, оның қызығын көргісі келетіні анық. Абай атамыз: «Адамның бір қызығы бала деген» демекші, баласыз бұл өмірді елестету тіпті мүмкін емес. Себебі әр отбасына қуаныш ұялататын осы нәрестелер. Сол үшін қайдағы жоқ шетелдің арзан ойларына еліктей бермей, ертеңгі ел болашағы болар бүлдіршін қамын ойлағанымыз жөн болар.
А. НҰРЛАНОВА
14 маусым 2022 ж. 1 096 0