Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Айтайын деп айтпайсың...

Айтайын деп айтпайсың...

«Қазақ байыса қатын алады» деген сөз бар еді халқымызда. Іс жүзінде қаншалықты орындалып жатқанын қайдам, бірақ байыған қазақтың бәсекенің құрбаны болып құр мақтаншылыққа бой алдырып жатқанын жиі байқап жүрміз. Жақында әлеуметтік желіден құны 250-300 мың доллар болатын мазарлар салынып жатқандығы жайында ақпарды көзім шалды. Әрине бай болсам, көп мүмкіндіктерге ұмтылып, армандарымды ақиқатқа айналдырсам дейтін пенде көп шығар. Алайда кім-кімге де ата-анасына тірісінде көрсетпеген құрметтен өлгеннен соң көрсету кімге пайда?! Мұның сыртқы көрінісі айналып келгенде мақтаншылыққа алып келеді.
«Бағалы материалдардың қайтыс болған кісіге ешқандай пайдасы жоқ екені бесенеден белгілі. Бізде қабір салу бәсекеге, мақтанға айналып кетті. Тіпті бағасы 250-300 мың долларға дейін баратын қабірлер бар. Бас қаланың маңайында құны 40-50 млн теңге болатын қабірлер көп. Бұл үлкен ысырап. Одан да бұл қаражатқа кедейлердің баспана мәселесін шешуге болады. Осы жақсылықтың сауабы қабірге барады. Шариғатта марқұмның атынан жақсылық жасау құптарлық ісі екенін айта кеткім келеді», – деген пікір қалдырыпты найб имам. Келісем. Мәрмардан мазар салып, соны мақтаныш санайтын кеудемсоқтардың келте кесімі қазір қоғамның көп жерде шымбайына тиіп жүр. Біздің өзіміз осы мақаланы мақтағандықтан емес, мазасыздықтан жазып отырмыз.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «өлген адамның артынан тек үш-ақ нәрсе барады. Ол елге жасаған жақсылығы (көпір, мектеп, аурухана салу), екінші – халқына ілім мен білімді тегін үйретсе, үшінші – жақсы тәрбиелі ұрпақ қалдырып, солар артынан дұға жасаса» деген. Демек дін де бұл мәселеде қарсы пікір келтіреді.
Жол жүргенде бейіттердің жанынан өтіп жатамыз. Әрине арнайы зер салып қарамасымыз түсінікті. Алайда алыстан менмұндалайтын алып мазарларды көргенде көз салмай өте алмасыңыз анық. Бұған қарап марқұмның тірісінде мәртебелі болғанын байқауға болады. Ал оның арғы дүниедегі халі қандай болып жатқаны бір Аллаға аян.
Ілгеріректе бір мақаладан қарапайым мазарды бұзып, орнына зәулім сарай тұрғызуды әдетке айналдырғандар жайлы оқығаным бар еді. Бұл да үлкен қалаларда қорым басында болатын шырақшылардың айтқан пікірі. Яғни жақыны қайтыс болғанда мүмкіндігі болмаған, кейін қалталы азаматқа айналған әлгілер арада қанша жыл өтсе де әлгі мазарды қайта тұрғызып, өзгеге мақтансиды. Тіпті мазарды әр 3-4 жыл сайын толықтай күрделі жөндеуден өткізіп, қажет болса сүріп тастап қайта тұрғызатындар бар екендігін білгенбіз. Бұл да біз ұстанатын дінге қайшы әрекеттер.
Жуырда әлеуметтік желілерде бұрынғы сот төрағасы көзі тірісінде өзі мен әйеліне мавзолей тұрғызды деген видео тараған болатын. Әлгі зәулім сарайдың іші құдды алып кешен іспетті. Баяу қойылған күйлер мен әуендер самаладай жарық сарайдың ішін мүлгіген тыныштықтан қалқалап тұр. Видео авторының айтуынша, онда бірнеше адамға арнайы тұғырдан тұрғызылған табыт бар. Әлгі сот төрағасы мен оның жары немесе жақындары сол табытқа қойылады-мыс. Алайда көп өтпей-ақ бұл пікірдің жаңсақ қалыптасқанын әлгі сот төрағасының өзі айтып, көптің талқысына түскен видеоға нүкте қойды. Қысқасы, ол мавзолей сіз бен біз ойлағандай тірі адамға емес, бабалар құрметіне қойылған кешен болып шықты.
Шын мәнінде дәл сол деңгейде болмаса да аумағы бір емес, бірнеше үй-жайды алып жататын зәулім сарайлар тұрғызылғанын білеміз. Әлдебір шырақшының айтуынша, ата-анасына 2-3 метрлік емес, 50 метрлік жерлерді алып, оған алып нысан тұрғызатын атаққұмарлардың бары ашық айтылады. Әрине біздің жақта мұндай кесене тұрғызу ісі анағұрлым астамшылыққа ұласпаған. Әйтсе де алыстан жарқырай көрінетін еңселі әрі зәулім бейіттер кездесіп жатады. Осындайда бізге түрік елінің мазарларын мысалға алу керек пе деген ойда қаласың.
Көгілдір экраннан жиі көрсетіліп жүретін түрік сериалдарынан ондағы мазарларды адам белінен аспайтынын жиі байқайтын боларсыз. Шын мәнінде солай. Көбі тізеге де жетпейді. Ал біздің зуәлім сарайларды көрсең аузыңның суы құриды. Бірінен бірі асып түсетін алып нысандар. Түрік елінде алып болдың ба, атақты болдың ба қарамайды. Барлығының барар жері бір болғандықтан мазар салу мәселесінде бұл ұғым берік әрі қатаң сақталған. Түріктер мазарды салу емес, оның сауабы тиетіндей амалдарға жиі көңіл бөледі. Мәселен, жақынының мазарына гүл немесе тал егу ісін олар үнемі қолға алып жүреді. Сөйтсек бұның астарында Алланы зікір ету пайымы жатыр екен. Қасиетті Құран Кәрімде: «Жеті көк пен жер және одан болғандардың бәрі Алланы кемшіліктен пәктейді. Оны пәктеп, оған мадақ айтпайтын ешнәрсе жоқ. Алайда сендер оны түсіне алмайсыңдар» дейді. Ал Хаж сүресінің 18-аятында Алла тағала: «Көрмейсің бе? Аллаға көктерде және жерде болған әр нәрсе: күн, ай, жұлдыздар, таулар, ағаштар, хайуандар және адамдардың көбі сәжде қылады» дейді. Түріктердің ұғымында гүл немесе тал егу үрдісі қабірде жатқан адамның қабір азабынан жеңілдеуі барша жаратылыстың зікір әрі сәжде етуі арқылы болады деген сеніммен ұштасады. Бірде Пайғамбарымыз сахабаларымен қабірдің жанынан өтіп бара жатып, екі қабірді нұсқап: «Бұл екеуі азапталуда, бірақ үлкен күнә істегендері үшін азапталып жатқан жоқ. Олардың бәрі зәрінен тазармайтын еді (яғни, зәр шығарғаннан соң өзінің киіміне, денесіне немесе таза жерлерге тиюіне көңіл бөлмейтін еді), ал екіншісі сөз таситын еді» дейді. Сөйтеді де екі жас шыбық алғызып, қабірдің басына егеді де: «Бұл екі шыбық шіріп кеткенше қабірдегілердің азабы жеңілдейтінінен үміт етемін» дейді. Түріктер осы гүл немесе тал егу мәселесінде осы хадисті де негізге алған.
Тағы бір қызық дүние, түріктер қабірдің басына су құятын шұңғыл ойық жасап, сол шұңғылға су құйып қояды екен. Мұндағысы шөлдеген аң­-құс әлгі шұңғылдан су ішіп, шөлін басып, оның сауабы қабірдегіге тие берсін деген ниет. Дінімізде мұндай жағдайға да үлгі боларлық мысалдар бар. «Пәленшенің естелігі үшін» деген қабір басындағы жазу. Яғни дүниеден озған адамның атынан жақындары ескерткіш ретінде құдық қазып, су көзін ашып қояды екен. Шөлдеген жан сол су көзінен шөлін қандыра алады. Мазардағы ағаш пен гүлдерді де сол құдықтағы сумен суғарады. Ал сауабы қабірдегіге бағышталады. Міне, мұның барлығы ақылға сыятын ізгі амалдарға жатады.
Хош... Біз әдетте өзгенің қаңсығы бізге таңсық деп жатамыз ғой. Алайда дін, шариғат жоралғысына келгенде неге түрік ағайындардың осы бір амалын үлгі етіп алмасқа. Ақыры іздегеніміз ақиқат, сұрағанымыз сауап болса, неге мазар салып жарыспай-ақ, арғы дүниедегі марқұмға тиер сауабы мол әлгіндей істерді қолға алмасқа?! Алла ысырап етушілерді сүймейді. Сондықтан бұл мәселеде аса сақ болған абзал.
А. БИСЕНОВ
02 шілде 2022 ж. 955 0