Құдірет (Ой толғау)
Тақырыпты «қасиет» деп алмай, «құдірет» деп алуымның өзіндік себебі бар. Менің түсінігімше, «қасиет» деген сапаны білдіріп тұр, яғни әңгіме сапаның айналасында ғана өрбиді. Ал «құдірет» десек, «іс-әрекеттің, қасиеттің сыртқы ортаға әсерін баяндайтын боламын» деген ойдан туындап отыр.
Олай болса, алдымен «құдірет» деген сөзді анықтап алайық. Кітаптарда: «Құдірет – Жаратқанның шексіз күш-қуатын айқындайтын киелі сипаты» делінген.
Жаратқан иеміз осы шексіз күш-қуатын жаралғандардың өз шама-шарқынша төңірегіне әсер ететіндей бөліп берсе, жандыларға үстеме ретінде саналарына қарай ішкі жан қуаты – рухын да жүктеген.
Жандылардың ішіндегі жоғары сатыдағылар – адамдар десек, адамдарға жан қуаты – рухты да әрқилы дарытқан. Оны нақтылай түсу үшін, рухы күшті, санасы биік ұлы ойшылдардың «құдірет» туралы кейбір ой толғауларынан мысал келтіре кетейік.
«Құдірет» туралы ой толғаулар
Адамның көңілін жеңілдетер, жанын жібітер махаббаттан артық күш жоқ. Қызды сүйген жігіт қандай азапқа болса да көнуге бар, ал баласын жақсы көрген ана баласы үшін жан қиюдан тайынбайды. Бұл – табиғат заңы. Махаббатты осындай құдіретті етіп, дүниедегі ең ұлы күш – жаратылыстың өзі жаратқан. Сондықтан да махаббаттың алдында кім болса да әлсіз, амалсыз.
І.Есенберлин.
Сөз құдіретін еркін пайдаланған адам халқына өмірлік рухани азық, өзіне алтыннан ескерткіш қалдырып кетеді.
Ғабиден Мұстафин
Әлемде екі құдіретті күш бар: қылыш пен рух. Соңында, рух қылышты жеңуі тиіс.
Наполеон Бонапарт
Білім мен құдіреттілік – екеуі бір нәрсе.
Франсис Бэкон
Алға қарай ұмтыл: өмірде табандылықтың орнын ештеңе баса алмайды. Талантты болса да, жолы болмағандар көп.
Данышпан болса да, ойлары жүзеге аспағандар көп. Тіпті, ең жоғары білім де оны алмастыра алмайды. Өйткені әлем білімді жалқауларға толы. Ең басты құдірет – табандылық пен өз дегенінен қайтпау.
Рэй Крок
Құдіретсіз дүние бос
Абай атамыз айтқандай «Махаббатсыз дүние бос» демекші, «сезімнің биігі – махаббат» болса, одан да биік сезім – Азаттық!» Бұл – менің тұжырымым! Бәлкім, мұндай тұжырымды талай ұлылар айтқан шығар! Олай болса, соларға қосыламын.
«Азаттық» сезіміне бөлену үшін бойыңда қуатты рух, құдіретті күш болуы шарт. Яғни, құдіретсіз дүние бос! Солай десек те, Жаратқан иемнің құдіретіне ең жақын құдіретті іздеумен келемін. Ол не нәрсе екен?!
Жастайымнан орыс шовинистерінің халқыма жасаған қиянаттарын көріп өскендіктен, бойымда өшпенділік оты лаулап тұратын. Мінезім болғанымен, бағытымды таба алмадым. Көп адастым. Халқыңа қызмет ету үшін мінезбен қатар білімнің де аса қажет екенін кейін сезініп, орда бұзар отызға таянғанда, оқудың етегіне жармасып, тағдыр қалай сіліксе де, сырттай оқып, қатардан қалмай келе жатқанмын.
1986 жылдың «Желтоқсан» оқиғасы өмірімді күрт өзгертті. Шовинистердің қысымымен Ақтөбедегі жұмысты тастауға мәжбүр болдым. Шовинистердің арыздануымен КГБ-ның қолына түсіп қалмау үшін, киім-кешекке, заттарыма қарауға да мұршам болмады. Қолыма ілінген олжам – құжаттарым мен үстімдегі ақ кәстөм-шалбар ғана! Түнделетіп, итшілеп жүріп ауылға да жеттім-ау! Ойымда, санамда: «Тек оқудан айырылып қалмасам болғаны!» деген үрей тұрып қалды.
Ауылда жұмыс жоқ. Болса да, біз сияқты «тура айтып, туғанына жақпайтындарға» барлық есік тарс жабылған. Қара жұмыс істейтін інім Нұртайдың қолына қарап қалдым. Ол да бойдақ. Мен де бойдақ.
Үстінде киімі, қолында қаражаты жоқ адамның күні құрысын! Қатын алайын десем, қара нанды әрең тауып жүрген алба-жұлба адамға кім жоласын?!
Менің бұл күйім – сонау 1932 жылдың қаңтар айынан 1937 жылдың мамыр айы аралығында осы күнгі «Егеменді Қазақстанның» «Социалды Қазақстан» аталатын тұсында редакцияға соққан ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының қаражат сұрап, редакторға кіргендегі кейпі іспетті!
Сол кезде редактордың алдында отыратын қазақ, орыс газетінің хатшысы (атын ұмыттым) орыс азаматының суреттеуі бойынша: «Үстіндегі киімі мұнтаздай таза, бірақ жуыла-жуыла ақжемі шыққан көне пальтосы бар зиялы адам редактордан шығып, маған бұрылып: «Дүниедегі ең азап нәрсе – біреуден ақша сұрау екен!» – деді де, бұрылып жүре берді. Кейін сұрастырсам, өмірдегі ең ауыр күндерін бастап өткеріп жатқан Ахмет Байтұрсынұлы екенін білдім» дегенін «Егемен Қазақстаннан» оқып, мәңгілік санамда сақталып қалған-ды.
Иә, біздің күрес жолымыз әртүрлі, салмағы мен бағытымыз бөлек болғанымен, екеуміз де үкімет тарапынан қудалауға түсіп, жүдеп-жадап жүргеніміз тым ұқсас екен!
Ұлы Ахмет ұлтының бақыты үшін отқа түссе, мен оқудан айырылып қалмау үшін барлық қиындыққа төзуге белді бекем будым.
Осы жолда тұңғыш рет киімнің құдіретін сезіндім. Жаздық сессияны итшілеп жүріп ойдағыдай тапсырдым. Әйтсе де қысқы сессияға киіп баратын киімді алуға құдіретім жетпеді. Дегенмен оқуға деген ынтам, бойымдағы күш-жігерім бұрын-соңды болмаған құдіретті сездіріп, ілгері ұмтылдырды.
Билетті дүкенші боп істейтін Айжамал апам мен Қаламбек құрдасымның шешесі, наубайханашы Қалыбике жеңешем алма-кезек қамтамасыз ететін. Сонымен қысқы сессияға інімнің жұмысқа киетін су жаңа фуфайкасын, аяғыма бәтеңке ретінде байпағын кесіп киіп алып, жолға шықтым. Қалтамда көк тиын жоқ. Есесіне, санамда: «Тек институтты қалайда ойдағыдай бітіріп, отаншыл шәкірттер дайындап, еліме бір пайдам тисе болғаны!»– деген рухқа толы жалындаған жігер бар.
Пойыз түнделетіп келгендіктен, шешініп, орныма жайғасқан соң, қалғып кетіппін. Таңертең жұрттың абыр-сабырымен оянып, жуынып-шайынып кеп отырсам, мәс-саған!... Қарсы алдымда бір сұлу қыз отыр! Тура ертектегі пейіш қызы!
Ақкөңіл қыз екен. Біздер тез тіл табысып кеттік. Ол да мен оқитын жоғары оқу орнында, күндізгі бөлімде дәріс алады екен.
Көйлекшең отырғанмын. Сәл-пәл жаурағаннан кейін, әлгі, Құдай атқан, жуа-жуа ақжемі шыққан жалғыз ақ кәстөмімді киюіме тура келді.
Міне, қызық! Жем-жемі шыққан ақ кәстөмімнің екі қапталындағы екі қалтасы кәріліктің кәріне ұшырап, әбден әбіржіп қаусаған кемпірдің аузындай ыржиып ырыққа көнер емес. Қыздың алдында абыройымды айрандай төккен қалталарымды жинайын деп машақаттанып жатқанымда, іріп тұрған қалтамның түбі байқаусызда жыртылып кетті де, тырылдаған дыбыстан қалыспай күнделікті қолданыстағы «Шеше!» деген «ұранды» сөз аузымнан еріксіз «қосақтала шықты».
Ол-ол ма?! «Қырсыққанда қымыран іриді» деген ғой! Жыртылған қалтамнан сыртқа шыға келген қолы бар болғырдың жұдырығы түйілудің орнына ашу үстінде екі саусағымның ортасынан басбармағым орысша сумаңдап шыға келмесі бар ма?!...
Мына көрініс қыз түгілі, жауға шабатын жас жігіттердің де зәресін алатыны сөзсіз-ді. Талайды табан асты тәубесіне түсірердей қылығым өзіме де түрпідей тиді.
Бұл да құдірет қой! Қалаға әлі бірталай уақыт бар болса да, айналамдағы жұрт жолға жедел жинала бастады. Мен де жиналдым. Аяғымдағы жеңіл аяқ киімімді сөмкеме салып, кесілген байпақтарымды киіп кеп қалғанымда, қыз қоштаспастан лезде көзден таса болды. Аз уақыттан соң, су жаңа фуфайкамды киіп кеп қалғанымда, жұрт ығысып жол бере бастады.
Міне, ғажап! Жұрттың бұл әрекетіне өзім де ызғайсыздана бастағам. Кенет құлағыма әлдекім: «Сен қалайда оқуың керек!» дегендей болды. Дереу есімді жиып алдым. Рухым оянды. Бойымды әлдебір шабыт билей жөнелді. Осы пәтіммен институттан бір-ақ шықтым. Сессияны ойдағыдай аяқтадым.
Қайран уақыт та бір орнында тұрмайды ғой! Зымырап өте берді. Көзді ашып-жұмғанша жазғы сессия да жақындап қалды. Тағы да әбігер. Тағы да дайындық. Осындай әбігердің бір сәтінде темір жол вокзалынан үйге беттеп келе жатсам, сонадайдағы әкімшілік ғимаратының алдында біреу жүр. Жылтылдаған кәстөм-шалбары өзінен үркіп тұрғандай. Жақындап қарасам, ұзақ уақыт темір тордың арғы жағында болып келген түйдей құрдасым! Үстіндегі «қорқып тұрған» кәстөм-шалбарды қарындастары алып берген-ау! Әйтпесе бұл да мен секілді қоғамға сыймай жүрген адам. Тек бағыттарымыз екі бөлек.
Ұзын сөздің қысқасы, егесінен «қашып тұрған зиялы» кәстөм-шалбарды сессияға киіп баруға қолқаладым. Досым да мәрт қой! Дереу келісті. Маған шап-шақ екен. Киіп алдым. «Енді менен қыздар қашпас!» деп қоямын ішімнен.
Тағы да жол үстіндемін. Вагонның қапталындағы орындықтамын. Қарсы алдымда сүп-сүйкімді қыз отыр. Маған күлімсіреп қарайтын секілді ме? Иә, сәт!
Тағы да ұрлана қараймын. Ол да қарайды. Қарайды да күлімсірейді. Ішімнен: «Міне, ғажап! Су жаңа кәстөм-шалбардың құдіреті-ау! Аты-жөнін сұрасам, не қылады?!... Тәуекел!... Сөйтейін!...» Алайда біздер танысып үлгірмедік. Сөмкесінен айнасын суырып алған қыз маған ұсына берді.
«Апыр-ай, қазақтың қыздары не деген сыпайы, инабатты!» – деп ойлап үлгеріп, айнаға үңілсем, о, Құдая, тоба!... Бет-аузым көкпеңбек! «Бұл несі тағы?!» – деп аң-таңмын.
– Шамасы, қалтаңыздағы «рөшкіңіздің» сиясы-ау төгілген, – деді қыз сыңғырлай.
Расында да солай екен. Кәстөмнің оң жақ қапталындағы қалтаның ішінде сынған «рөшкінің» пастасы әлемді былғап жатыр екен! Шамасы, темір тордың ар жағынан келген «зиялы» досымның жазу құралы-ау!
«О-о, Жаратқан ием! Мені қызбен таныстыруға жазбаған екенсің!»
Осылайша, іштей бір күңіреніп ап, институттың төріне озып, тағы да көкпеңбек бет-аузыммен талайды үркіттім.
Әйтсе де талай қиындықты бастан өткерсем де, ақыры оқу орнын бітіріп шықтым. Айтысып жүріп, Мәскеуге дейін жазып, жұмысқа орналастым. Шәкірттерге дәріс бердім. Талайдың алғысын алдым. Өзімді жеңімпаз, құдірет санадым. Еліме пайдам тигеніне қуандым. «Құдіретсіз – дүние бос!» дедім. «Жаратқанға жақын құдірет иесі мен шығармын» –деп ойладым.
Алайда өзімді «жеңімпаз», «құдірет», «Жаратқанға жақынмын» деп ойлауым пендешілік екен! Оны екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі елін тығырықтан алып шығу жолындағы 17-18 жасар корей жастарының құдіретінің қасында түкке тұрғысыз дүние екенін сезіндім. Корей жастарының құдіретіне бас идім.
Мен мұндай ұлы құдіретті әлеуметтік желіден оқып тамсандым. Ендеше, сіздердің де танысуларыңыз үшін ол оқиғаның барысын әлеуметтік желіден алып ұсынайын, құрметті оқырмандарым!
Сонымен....
Кореяның құдіреті
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Кореяның экономикасы адам көргісіз құлдырады. Тіпті әлемдегі ең кедей мемлекеттердің қатарына қосылды. 1962 жылғы экономикалық даму көрсеткіші бойынша Оңтүстік Корея Азия елдерінің ішінде соңынан санағанда, Үндістаннан кейін екінші орында тұрды.
Халқының қамыс пен шиден тоқылған қалпағынан басқа іліп алар киімі болмады. Осы тұста елді мұндай күйден құтқаратын ұлттық идеология екенін түсінген зиялылар ел басында отырған тұлғаларға барып: «Корей халқы тауықтан жақсы ма, әлде жаман ба?» – деген жалғыз сауал бойынша бүкілхалықтық сауалнама жүргізеді. Әрине ел тұрғындары түгелдей: «Корей адамы тауықтан жақсы» деген жауап береді. «Олай болса, – дейді, – жоғары жақтағы зиялылар: «Әрбір корей тауықтан бұрын оянып, іске кіріссін!» – деп үндеу тастайды.
Осы бір қарапайым ғана сауалнама күллі халықты еңбекке жұмылдыра алған. Ол – бір, екіншіден, елдің экономикалық әлеуетін көтеріп, жұмыс орындарын ашу үшін, қомақты қаржы керек болады. «Оны қайдан таппақ?!». Ел ағалары ақылдаса келе, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қақ жарылған неміс жұртының Германия Федеративтік Республикасынан қаржы сұрап, елші аттандырады. Ол тұста неміс жұрты қанды соғыстан қалжырап, қирап қалған өндіріс ошақтарын жандандыру үшін жанталаса еңбек етіп жатқан. Ауыр жұмыс атқаратын шахталар мен емханаларда тазалықшылар жетіспейтін. Корейлер осы екі жұмысты өздері атқарып, алған қарызын жұмысшылардың еңбекақысы арқылы төлемек болады. Сөйтіп 140 миллион марка несие алады. Сөйтіп үкімет күллі корей жастарына сауға салады. «Корей халқының болашағы үшін, жас жанын пида етіп, шетелге ақысы аз жұмысқа кім барады?».
Қолма-қол 46 мың корей халқының ұл мен қыздары білек сыбанып шығады. Көбі орта мектепті енді бітіріп жатқан 17-18 жасар жастар «Елімнің ертеңі үшін еңбегім садаға!» Корея елінің ертеңі үшін деп еңбегін арнаған жастар ұшақпен ГФР-ға бет алады.
Жас қыздар адам аяғы жетпейтін қиырдағы емханаларға жіберіледі. Олардың істейтін жұмысы – өлген адамдардың мүрдесін тазалап жуу! Белі қатып, буыны бекімеген жас қыздар үшін азаннан кешке дейін мүрдемен бірге болу қандай қиын. Бірақ олардың бірде-бірі кері қайтқан жоқ. Ал мың метрлік шахтаның астына түскендер тар қапаста тұншығып, кен қазды.
Немістер сегіз сағат жұмыс істесе, корейлердің күндік нормасы он сағат. Себебі белгілі. Алғашында даланың жабы жақысындай тапал торы корейлерге күле қараған жергілікті жігіттер кешікпей олардың шыдам-төзіміне, ерік-жігеріне еріксіз бас шайқады.
1963 жылы туғанда ГФР басшының шақыруымен Оңтүстік Корея президенті Пак Чин Хи елдің астанасы Боннға келді. Корей елінің басшысы ГФР канцлермен бірге елінің болашағы үшін құрбандыққа барған жастармен жүздесуге барды. Корей басшысын жерлестерімен жүздестіру үшін 500 орындық зал дайындалды, залға кіріп келген Пак Чун Хи қарсы алдында қара қожалақ куртка киген жастарды көреді. Барлығының беті үйтілген қара қойдың басындай күрең қошқыл! Бауырластарының жүзін көрген президент еңіреп қоя беріпті. Тіпті өздерінің әнұраны шырқалған кезде де көз жасын тыя алмапты.
«Уа, менің қырандарым! Сендер корей халқының жарқын болашағы үшін мың метр тереңдікке түсіп, жан баласы шыдамайтын тар қапаста еңбек етіп жатырсыңдар! Уа, бойжеткен арулар! Артта қалған аш-жалаңаш бауырларыңды тамаққа тойдырып, байлыққа кенелту үшін өлген адамдардың мәйітін жуып жүрсіңдер! Сендердің осы бір жанкешті істеріңді корей халқы мәңгі ұмытпайды», – дейді. Президенттің еңіреген түрін көрген жанкешті жастар да жылап тұрып: «Біз ешқашан алған беттен қайтпаймыз!» – деген екен.
Қызық болғанда, мұндай оқиғаны көзі көріп, тірідей куә болған Германия канцлері Людовик Ветхарттың өзі шыдай алмай көз жасына ерік беріпті. Өйткені Корей президенті қонақ үйге барғанда да, көлік ішінде отырып та, кездесу кезінде де жылаумен болған екен.
Ресми кездесудің үшінші кезінде жоғары палата депутаттары алдында сөйлеген Пак: «Сіздерден өтінерім, бізге сеніп несие беріңіздер. Біз де сіздер сияқты көркейейік. Корей халқы уәдесін орындайды. Қарызды қайтарамыз!» – дейді. Нәтижесінде, аса көп мөлшерде көмек алады. Осы қаржының арқасында, 1965 жылдан Оңтүстік Корей республикасы әлем нарығына тауар экспорттауға қол жеткізді. Шарықтап дамиды.
Сөз соңы
Қазақта: «Көрмес – түйені де көрмес» деген ұлағат бар. Сол пәлсапа нақ бізге арналған секілді. Құдіретті өз бойынан іздеген өзімшілдігіміз бен сырттан іздейтін сенбестігіміз қосылып, көзді байлап, санамызды тұмшалап алатын кемшілігіміз бастан асады.
Әттең! «Алтауымыз ала болып, ауыздағымыздан айырылып», Тәуелсіздігіміздің тізгінін өзгеге ұстатпағанымызда, Алаш қайраткерлеріндей ұлты үшін отқа да жанып, суға да батып, ел бақыты жолында өз бақытын тәрк еткен арыстанымызды бағалап, Жаратқанның құдіретіне жақын құдірет иелерінің жолымен жүрмес пе едік?!
Менің түсінгенім, Жаратқанға ең жақын құдірет иелері – ұлтының бақыты үшін ештеңеден тайсалмай, ақырына дейін күресіп өтетіндер.
Ендеше, өмірдегі кездесетін небір қиындықтарға қарамастан, шама-шарқымызша ұлтымызға қалтқысыз қызмет етейік! Жаратқанға жақындайық!
Нұрбай ЖҮСІП