Ақша туралы аңыз
Жолда жатса...
Қасым Аманжолов
Ақша!
Ақша!
...боп кетіпті ой-санамыз,
Ақша жайлы тарих айтады аңыз.
Құлы болып кеткен соң көк қағаздың,
Қайтіп қана құдай-ау, жай табамыз?!
Ақымақтар ақшаға құнықса оңбас,
Сараңдардың санасы ұғып болмас.
Мұнан үш мың жыл бұрын Азияда,
Ақша деген айырбас шығыпты алғаш.
Бүгін тарих... аңыз-жыр кешегі әр із,
Болған ақша бағзыдан неше нағыз.
Алмалыда...
Таразда...
Отырарда...
Ақша сарай болыпты деседі аңыз.
Ақша құны сыймайды басқа тіпті,
Өлерінде біреулер жастаныпты.
Өркениет сияқты бұл ақшаның,
Тарихы осылай басталыпты.
...Осы аңызға үш мыңдай жыл бұрынғы,
Құлақ түріп керексе жыр жүгінді.
Адам үшін құнды зат,
кейде бірақ
Ақша дейтін таппайсың құрғырыңды.
Ақша бола бермейді әр кісіңде,
Алар орны орасан жалпы ісіңде.
"Қалтасына салады билікті" деп,
Ақша жайлы болжапты Марксің де.
Ақша жайлы болған ғой талас небір,
Керек болса талайға жол ашты өмір.
"Нәтижесі бұл ақша келісімнің",
Деп айтыпты данышпан Аристотель.
Ақша, ақша адамның бақ пен соры,
Сияқтымын бақытты тапқанда оны.
Құлақкесті құлы боп кетті ақшаның,
Тап қазіргі пенденің әттең, көбі.
Әділміз деп айтсақ та қанша мұнда,
Шешімі істің тірелер барша пұлға.
Сондықтан да болады топан ақша,
Жемқорлардың тойымсыз жемсауында.
Қазір қара бақыр жоқ анық менде,
Ақша талай топасты танытты елге,
Қазақ біткен қарыздар белшесінен,
Үстемесі у қымбат банктерге.
Ақша керек ас-суға... емге бірі,
Ертегіден емес кем елде "жыры".
Базарыңның бағасы басқа шауып,
Бара жатыр құлдырап теңге құны.
Нәлет атқыр нарығың сорымызға,
Бұрғызбайды оңымыз... солымызға.
Құны түсіп кеткен сол құрғыр ақша,
Оңайлықпен түспейді қолымызға.
Құны өскенде базарда көп бағаның,
Ол бар болса болмайтын текке алаңым.
Шындығына келгенде шіркін, ақша,
Адамнан да құнды ма деп қаламын.
Игілігі адамның болса дағы,
Өрлесе де аспандап сонша бағы.
Жексұрынға жел берген жарықтық-ай,
Жетеді ақша кесірі, қанша лаңы.
Оңалтасың ол жоқта қайдан істі,
Бұл нарықта пұлыңмен пайда күшті.
Алтын, күміс түгілі барша тауар,
Бағасы да ақшаға байланысты.
Айқара ашық ақшаға есік нелер,
Алақанға бар байлық көшіп келер.
Ақшаң болса оңыңнан айың туып,
Мәселеңді табанда шешіп берер.
Айырбастың сан түрын алмастырған,
Аттылыға жаяуды жармастырған.
Ақшаң осы арамза пысықайлар,
Жең ұшынан жемтігін жалғастырған.
Арбалғандай сиқырға бейне тегі,
Ақша болса әр жаққа ой кетеді...
Су өтпейтін көмейден өтеді ақша,
Сақауды да еріксіз сөйлетеді.
Ақшаң болса аласың биіктерді.
Қарғыс атқыр,
ақша емес күйік болды.
Біреулерде болмаса қара бақыр,
Біреулерге аста төк үйіп берді.
Ақша жайлы ешқашан бітпеді егес,
Күндіз-түні кезеді тіптен елес.
Ақшасы жоқ бейшара сияқтанып,
Ақшасы бар Құдайдан түк кем емес.
Үлкен-кіші қылмыстың түрі неше,
Уысында ақшаның,
күні кеше
Азық-түлік бағасы аспандады,
Наһан нарық бермейді тіріге есе.
...Ойлап тапқан ақшаны қария тым,
Жалпақ елге жар сапты жария атын.
О, масқара!
Тап қазір ақшаға адам,
Айырбастап жіберді ар-ұятын.
Нарық жайлап алғанда айналамды,
Нәлет атқыр ақша есті байлап алды.
Құны қымбат кешегі кеңестік сом,
Түсімізге түнейді қайран әлгі.
Долы доллар... есуас евроңыз,
"Қара алтынның" құнымен еді ме егіз?!
Бұзып-жарып сол доллар сорымызға,
Бара жатыр нарықтың өріне құз.
Маңғаз марка... лира... динарыңды,
Айтпа, жұтып қояды жиғанымды.
Жалғыз ол ма, юань... рубльдер,
Жібереді ұшырып иманыңды.
Ақшасы бар қарайды асқақ өрден,
Атанына адамдай қоспақ ерген.
Көне Русьтің рублы айналымға
Тоғызыншы ғасырдан бастап енген.
Өркениет, санама кемге бізді
Қара суық... қабарған желде күзгі.
Айналымға шығардық алғаш рет,
Абай... Шоқан бейнелі теңгемізді.
Бөркімізді көкке аттық, тасып көңіл,
Алға қарай зымырап асықты өмір.
Теңгемізді басқамен теңестіріп,
Ұлы жолды келеміз басып небір.
Қымбат екен тәп-тәтті балдан да уақыт,
Кездессе де алтын мен алдан жақұт.
Елдігімді әлемге әйгілеген,
Теңгемізді алмайық арзандатып.
Осы, осы айтатын жыр-аңызым,
Бетінде бар өткенім біразының.
Тұрып қалам ойланып сол теңгеден,
Отанымның көргенде рәмізін.
Ақшаң болса ағайын, жетеді дос,
Түсінбейсің ойласаң не екенін еш.
Оны жиған адам да ақтық сәтте,
Құр алақан өмірден өтеді бос.
Аумайтұғын әр жыры жасындардан,
Ақша шіркін болыпты-ау Қасымға арман.
Адастырып бауырын... досын жолдан,
Біреулердің бұл ақша есін де алған.
Ақша негіз қалаған ұлы істерге,
Түсінбейді құнын кей дұрыс пенде.
Алтын орда... Сығанақ сарайында,
Алтын теңге соғылған, күміс теңге...
Монетасы Шағатай күміс дирһем,
Шебер соққан бопты бұл бір іс көркем,
Кайду хан мен Дуа хан ақшалары,
Ұзақ жылдар жайыпты ұлыста өркен.
Ақша өтімді тауардан бар бағалы,
Кейде алтыннан құндырақ салмағы әрі.
Көмбесінен Алматы табылыпты,
Бір заманда Жошы хан дангалары.
Бопты айырбас ақшаға өлшем нелер,
Болса теңгем шіркін-ай белсенді егер.
Эрмитаждың төрінен алған орын,
Монетамыз бастауы сол теңгелер.
Ақша, ақша!
Бағым мен сорыма сын,
Керек кезде таппайсың... торығасың,
Маған қайдан табылсын,
сол ақшаға
Жетпегенде бір кезде қолы Қасым.
Пұлсыз қиын үй болу... бала асырау,
Арзуыма құлақ тос, алашым-ау,
Бәрі елде жетеді,
ақыныңа,
Бірақ ақша болмай тұр ода осынау.
Толыбай Абылаев,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың иегері