Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлтына ғұмырын арнаған ұлы тұлға

Ұлтына ғұмырын арнаған ұлы тұлға

Биылғы жыл халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы ірі ғалым, әдебиет зерттеуші, түркітанушы, публицист, педагог, дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толған мерейлі жыл. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ мәдениетінің тарихында үлкен бір дәуірді алып жатқан алып тұлға.
Ұлты үшін аянбай қызмет етіп қоймай, жастарды ұлттық дүниетаным негізінде оқыту, ана тілін дамыту, осы ретте қазақ даласында оқу орындарын ашу жолында үлкен еңбек сіңірді.
Ол өзінің барлық саналы өмірін қазақ қоғамында білім-ғылымының дамуына, мектеп ағартушылық ісіне арнаған. Ауыл мектептерінде, семинарияларда бала оқытып, оқу тәрбие жұмысын жетілдіру саласында көп ізденеді.
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың алғашқы әліпбиінің авторы. Қазақ тілін реформалаудың арқасында, ана тіліміз оқушылар үшін түсінікті және қол жетімді болып, халықтың сауаттылығы артты. Оны жетілдіру мақсатында морфология, грамматика және фонетика бойынша көптеген әдістемелік еңбектер жазған.
XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басына көз жіберіп қарасақ, тарихымыздың төрінде дарыны ерекше алыптардың шыққанын көреміз. Алашорда үкіметі, Алаш қозғалысы деген айрықша атпен енген осы бір киелі де қасиетті ұғымдар да осы кезеңнің еншісінде. Қазақтарға өз мемлекетін құру үміті ояна бастаған сәт те осы шақ. Ал, осы бастаманың басында Алаш зиялылары тұрды. Сол көшбасшының бірі, өз халқын шексіз сүйген патриот – Ахмет Байтұрсынұлы. Қиын-қыстау кезеңде ұлт ұпайын түгендеген айтулы азаматтардың бірі.
Қалай да қазақ елін тығырықтан шығарып, халқымыздың бейбіт те берекелі өмір сүруі үшін аянбай еңбек еткен, сол жолда басын бәйгеге тігіп, «тар жол, тайғақ кешуден» өткен тұғырлы қайраткер.
«Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын, Ел – бүгіншіл, Менікі – ертеңгі үшін» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, Біз қазір дәл сол алаштықтар аңсаған өркениетті мемлекетте өмір сүріп келеміз. Тарих пен әдебиет, мәдениет саласы бұл кісілердің ұрандарын, еңбектерін өскелең ұрпақ санасына сіңіріп келеді десек артық айтқандық емес.
Міне, сондықтан да ұлт тәуелсіздігі күресінің рухани көсемі, Алаш қайраткері, қазақ тіл білімінің, әдістеме және әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы А.Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасын жан-жақты дәріптеу – бүгінгі ұрпақ алдындағы парыз.

Арал аудандық сотының 
баспасөз қызметі
07 қыркүйек 2022 ж. 1 273 0