Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бабалар рухына тағзым – ұрпақ парызы

Бабалар рухына тағзым – ұрпақ парызы

«Өткенсіз бүгін, бүгінсіз болашақ жоқ» деген қара¬пайым ғана сөздің тереңінде салмақты мән-мағына жатыр. Халқымыз қашаннан бабалар рухына тағзым етіп отыруды өзіне парыз-міндет санаған. Қазіргі таңда Үкімет тарапынан округ атауын өзгерту туралы жарлықтың бар екені белгілі. Бүгінге дейін де, оның алдында да округтерге тарихи тұлғалар есімін беру үрдісі жүргізіліп келеді. Атап айтсақ, Сапақ, Жетес би, Қосаман, Беларан секілді округ атауларын тарихи жерлер мен тұлғалардың атымен байланыстырған. Бұл бір жағынан қуантарлық іс. Осы тұрғыда біз, бір топ ауыл тұрғындары Қызылжар ауылына тарих бетінде өзіндік орны бар «Сырлыбай би» атауын ұсынғанды жөн көріп отырмыз. Негіз төмендегіше: Қазақстан Ұлттық энциклопедия, 8 том, 140 бет.
Қазақта «Тарихты тұлғалар жасайды» деген қанатты сөз бар. Яғни өткен арғы-бергі тарихымызда халқымыздың ел болып, мемлекет құрып ұйысуына хандар мен сұлтандардың, батырлар мен билердің, бертін келе зиялыларымыздың атқарған қызметі мен рөлі зор болды. Солардың бірі де бірегейі – шекті руынан Қожасұлы Сырлыбай би.
Сырлыбай би (Қыз Жібектің әкесі) шамамен алғанда 1660-1750 жылдар аралығында Кіші жүз ханы Әбілқайырмен тұстас өмір сүрген. 1731 жылы 10 қазанда Ырғыздың Майтөбесінде Әбілқайыр хан, Бөкенбай, Есет батырлар, Құдайменде мырза бастаған Кіші жүздің 27 старшындары ант беріп, Ресей бодандығын қабылдағанда, Сырлыбай би бастаған әлім-шөмен руларының игі жақсылары қарсы шығады. Әсіресе 1731-1733 жылдары Ресей патшалығының арнайы құпия тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Тевкелев бастаған 500-ден аса казак-орыс әскерлерінің Арал, одан әрі Сыр бойына қарай жүргізген дипломатиялық қызметіне Сырлыбай би бастаған шекті рулары қарсы тұрды. Ол турасында Тевкелевтің естелігі мен Анна Иоанновна жазған рапортында егжей-тегжейлі баяндалған. Арал өңірі қырғыздарының (қазақтарының) бұндай табанды қарсылығы Ресей патшайымы Анна Иоанновнаның өзін алаңдатады. Оған орыс патшайымының Әбілқайырға жазған хаты дәлел болады. Көрнекті тарихшы, академик Манаш Қабашұлы Қозыбаев «Ресей елшісі М.Тевкелев пен Қазақстанның империяға қосылуын қолдаған Әбілқайырға қарсы Сырлыбай би бастаған қозғалысты және сол қозғалыста бір ұрыста оққа ұшқан Байғараны «азаттық үшін күрестің алғашқы құрбандығы» деп атады.
Жалпы алғанда, Сырлыбай би бастаған шектілердің Тевкелев сияқты орыс елшілерімен қақтығысуы Ресей империясының Кіші жүздегі отарлау саясатына қарсы алғашқы азаттық қозғалысы болып табылады. Себебі Ресей патшалығы Тевкелев сапарының негізінде Сырдың төменгі ағысына Кіші жүз ханы Әбілқайырға орда тігеміз деген желеумен әскери бекініс салып, Кіші жүздің жайлауларымен қоса Сырдағы қыстауларын да бақылауға алуды көздеді. Дегенмен шектілердің табанды қарсылығынан бекіністі Ор өзені бойына (қазіргі Орынбор) салды. Сырлыбай би туралы тағы бір дерек кейін 1748 жылы Әбілқайыр өлгеннен кейін Кіші жүзге баласы Нұралыны хан сайлауға қатысқан. Шектілердің шежіресінде Сырлыбай би Жақайымның Тоқбурасынан тарайтын Бердіңғұл руынан. Сырлыбай би «Қыз Жібек» дастанында Жібектің әкесі ретінде де жырланады.
Сырлыбай бидің ұрпағы қазіргі таңда үлкен рулы елге айналып, көбі Арал ауданының Қызылжар ауылын мекендейді. Қорыта келе, Сырлыбай би Қожасұлының ұлт тарихындағы орнын зерделеп, оның ұрпақтары тұрақтаған елді мекенді "Сырлыбай би" ауылдық округі, Қызылжар ауылы деп өзгерту, өткен рухани және мәдени құндылықтарымызды терең және тура түсінуге жол ашпақ. Әсіресе өскелең ұрпақ ол жайында жан-жақты біліп, қастерлейтін болады.
Сонымен бірге «Рухани жаңғыру», «Туған жер», «Ұлы Дала тұлғалары» мемлекеттік бағдарламаларының аясында Сырлыбай би Қожасұлы туралы бұрын-соңды жарық көрмеген мұрағат құжаттары мен қолжазбаларды жинақтап толықтырып, жинақ ретінде жариялау бүгінгі елімізді, ұлтымызды көрсететін қадам болар еді. Сонымен қатар осындай «Үш ғасыр» болған батыр бабамыздың атын ардақтап, округке беруді қуана қолдаймыз.
Жомарт ҰЗАҚБАЕВ,
Райым ауылдық округінің қауымдастық төрағасы
10 қыркүйек 2022 ж. 1 088 0