Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихи атау қайта түлемек

Тарихи атау қайта түлемек

Көктемнің алғашқы айы да аяқталуға жақын. Осы тұста еліміздің президенті кезекті жолдауын өткізіп, халықты тағы да жаңа, жақсы жаңалықтарымен қуантты деуге болады. Жалпы, Жолдауды қайталап жазудың қажеттілігі жоқ деп ойлаймын. Қазір қабылданған шешімдердің түпкі мағынасын ашуға, түсінуге деген мақсат бар. Жолдауда басты назарға алынған мәселе елімізде жаңа атаумен облыстар пайда болды. Яғни, еліміздің жаңа әкімшілік картасы пайда болды. Сәйкесінше, Ұлытау деген жаңа атаумен облыс енгізді. Оның орталығы Жезқазған болмақ. Ал Семей орталығы болатын облыс Абай деп аталады. Алматы екіге бөлінді, Алматы және Жетісу облыстары. Жетісу облысының орталығы Талдықорған болып бекітілсе, Алматы облысының орталығы Қапшағай болмақ. Осы тұста президентіміз Қапшағайдың атауын Дінмұхамед Қонаевтың құрметіне Қонаев деп өзгертуді халық қолдаса, өзінің қарсы еместігін айтып өтті. Облыстардың атауын бұлай өзгерту, оған қоса тарихи мәні бар атауларды беруінде үлкен мән бар екенін де түсіндіріп өтті. Келешек ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды, тарихымызды осылай жаңғырта отырып қалдыруға болатынын ашық айтты. Қазақтың қазақшылығы, құндылығы өзімізге тән атаулардың болуынан-ақ байқалып тұруы біз үшін қуаныш болмақ. Құндылықтарымызды сақтауда жақсы өзгерістер мен қадамдар жасалуда. Әзірге сырт көзге көрінетін мәселенің сырты ғана өзгерді. Қазақта сөз бар ғой "Сырты бүтін болғанмен..." деген. Біздің қалаларымыздың жағдайы да осы сөздің теңеуі болмауын қолға алуымыз қажет деп ойлаймын. Яғни, облыс пен қала атауларын тарихи мәнге ие атаулармен атап, соған ғана мәз болып қала бермей, сонда тұратын адамдардың да құндылықтарға бай болуын мақсат ету керек. Адамдар құндылықтың не екенін шын түсініп, өз тілімізде сөйлеп, шетелден естіген мерекелерді емес, өзіміздің төл мерекелерімізді асыға күтіп, шашыла тойлайтындай дәрежеде болуды жүзеге асырған жөн. Солай болған жағдайда береке мен бейбітшілік тұрақты болып, адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасы жақсы жаққа ғана өзгере береді. Сонда біздің құндылықтарымыз толықтай сақталып, мәңгі есте қалады.


Аяжан МАХАНБЕТОВА
29 наурыз 2022 ж. 426 0