Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Түркияда Ахмет Байтұрсынұлына арналған конференция өтті

Түркияда Ахмет Байтұрсынұлына арналған конференция өтті

Анкарада «Тіл туының тұғыры - Ахмет Байтұрсынов» атты ұлт ұстазының туған күні мен Қазақстан халқы тілдері күніне арналған конференция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аталған іс-шараға Қазақстан Елшісі Еркебұлан Сәпиев, Памуккале университетінің оқытушысы профессор, ғылым докторы Нергис Бирай, Еуразия жазушылар одағының төрағасы, ғылым докторы Якуп Өмероғлу, Анкара Хажы Байрам Вели университетінің оқытушысы профессор, ғылым докторы Гүлжанат Құрманғалиева-Ержиласун, Хаджеттепе университетінің оқытушысы, профессор, ғылым докторы Өзкүл Чобаноғлу, зиялы қауым, БАҚ өкілдері және қазақ-түрік студенттері қатысты.

Елші өз сөзінде А.Байтұрсынұлы XX ғасыр басындағы қазақ зиялыларының көрнекті өкілі, қазақтың әліпбиін қолданысқа енгізіп қазақ тілінің аясын кеңейткенін және қазақ халқының тәуелсіздікке қол жеткізіп, сол кездегі дамыған елдермен терезесі тең болуы үшін жүргізген күресі мен еңбектеріне тоқталып өтті.

Г. Құрманғалиева-Ержиласун өзінің баяндамасында Ахмет Байтұрсынұлының өмірі, ғылыми еңбектері, қазақ ғылымына қосқан орасан зор үлесі жайында баяндама жасады.
Н. Бирай Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің әліпбиі, оның оқытылуы, тіл жөніндегі пікірлері, қазақ терминологиясы және қазақ әдебиетінің оқыту мәселелері туралы зерттеген ғылыми жұмыстарына кеңінен тоқталып өтті.

Өз сөзінде Я.Өмероғлу биылғы «Кардеш калемлер» журналының қыркүйектегі арнайы саны Ахмет Байтұрсынұлына арналып отырғанын хабарлады. Журналда ұлт ұстазының ғылыми мұралары мен мақалалары, сондай-ақ әр жылдары табылған қолжазбалары мен тұтынған жәдігерлерінің суреттер жарияланған.

Ғылым докторы Ө. Чобаноғлу Ахмет Байтұрсынұлы араб әліпбиін қазақ тіліне бейімдеп шығарғанын және бұл кітап сол кездегі қазақ халқының ағарту ісіне қосқан ерекше үлесі екенін баяндады.
Конференцияның аяғында Түркия университеттерінде білім алып жүрген студенттер мен докторанттар А. Байтұрсынұлының өлеңдері мен шығармаларын оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

egemen.kz
08 қыркүйек 2022 ж. 800 0