Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнерді бағалай аламыз ба?

Өнерді бағалай аламыз ба?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басудың бір тетігі - мәдениет қызметкерлерін қолдау деген сөз. Елдің рухани дамуы мен кемелденуі мәдениеттің қарқынды дамуымен ұштасып жатыр. Құлақтан кіріп бойды алар тәтті әуен мен күмбірлеген күй, әуезді әуенмен үйлесім тапқан ырғақты би, рухани байлық сыйлайтын театр, кітапхана бәрі де осы мәдениет ұғымы аясында бірігіп, елге қызмет етіп келеді. Еліміздің атын шығаратын да – мәдениет пен өнер. Мәдениетке серпін беру шындығында да қажет» дегені баршамызға айқын.

Расында солай. Елдігіміз бен егемендігімізді жаһан жұртшылығына жария етуде де мәдениетіміздің алар орны ерекше. Бұл бізге жылдар жылнамасынан хабар беретін том-том тарихтың парақтарынан таныс. 1925 жылы Франция астанасында өткен дүние жүзі көрмесінде Әміре Қашаубаев "Ағаш аяқ", "Қанапия", "Үш дос", "Жалғыз арша", "Қосбалапан", "Балқадиша" және тағы басқа әндерді орындап, күміс медальге ие болғаны осының бір дәлелі.
"Париж апталығы" газеті мен "Ле мюзикаль" журналы сирек кездесетін талант екенін жарыса жазып, Сорбонна университетінің профессоры Перно фонографқа бірнеше әнін жазып алған Әміренің бүгінгі ізбасарларына деген қолдау қандай? Соны сөз етіп көрейік.
Мемлекет барынша қолдау жасауға ұмтылып жатыр. Бұл сөзімізге "Egemen Qazaqstan" газетінде 2019 жылдың 4 қыркүйегінде жарық көрген «Мәдениет саласы үшін маңызы ерекше» атты Ақтоты Райымқұлованың мақаласындағы «Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдары¬нан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде», деген Мемлекет басшысы келесі жылдан бастап Үкіметке мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуді тапсырды. Енді мәдениет саласы қыз¬меткерлерінің міндетті әлеуметтік жеңілдіктерді алу мүмкіндігі білім беру және денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен теңесетін болды» деген сөзі дәлел. Ал халық арасында осы саланың иелеріне деген құрмет қалай? Соны қаузасақ.
Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Десе де көз көргенді айтпай кету журналистік кәсібімізге сын болар.
Қарапайым ғана гала-концерттерді сөз етейік. Әр мереке, еліміз үшін маңызы бар атаулы күндер бұл шарасыз аталып өтпейді. Орталық алаңдағы тақырыпқа сай ұйымдастырылатын концерттер жергілікті өнерпаздардың кәсіби шеберлігіне, керемет қойылымға негізделгенімен, көрермені санаулы ғана болатындай жағдайға жеттік. Халыққа көңіл-күй сыйлау үшін жасалған сценарий, әнші-бишілердің, домбырашылар мен өзге де өнер иелерінің апталап жүргізген дайындығы мен төккен терін тағат тауып тамашалайтындар да өздері мен осы концерттің ұйымдастырылуына жауапты азаматтар ғана.
Есесіне бұл күндер қаптаған кәсіпкерлердің саудасын «жүргізуге» таптырмайтын мүмкіндікке айналғалы қашан. Одан қалды кафе толы адам, ол жерден орын таппай, бірінен екіншісіне сабылған халық. Тіпті балаларымыз да фаст-фудқа тойғанына мәз. Сонда біз кейінгі ұрпаққа не беріп жатырмыз? Рухани азық па, әлде қарынның тойғанын қуаныш санауды ма?
Бұл тек қарапайым ғана тегін концерттердің әңгімесі. Ал мәдениет үйлерін, кітапханаларды маңайлаған халықты жолықтыру мыңның бірінен ғана табылатын дүние. Мәдени ошақтарда түрлі деңгейдегі шаралар, балалар арасындағы өнер бәйгелерінің өтетінінен тіпті хабарымыз жоқ. Көрерменсіз сахнада қазылар үшін ғана өнер көрсету осы саланың келешегіне алаңдатады бізді.
Бірақ сөз бәйгесіне келе қалсақ әркімнің өзіндік пікірі бар. Осы орайда біздің сауалымызға жауап берген жастар өкілі А.Ерланов:
– Мен өз басым жастар өнерге, әнге қызықпайдыдегенге қарсымын. Біз қажетімізді күнде тыңдаймыз, көреміз. Ғаламтор бәріне мүмкіндік беріп отыр. Одан бөлек сүйікті әншілеріміз Арал сахнасында өнер көрсетер болса, асыға қолдау көрсетуге дайынбыз. Жалпы әр жастағылардың өз қалауы болады. Талғамға талас жоқ, – дейді.
Сөзінің жаны бар. 2018 жылы аудандық мәдениет орталығы «Жыраулар үйінде» Бекұзақ Тәңірбергеновтің мерейтойына арналған концертте танымал жырау, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі төсбелгісінің иесі Демеубай Жолымбетовке деген аудан халқының ықыласы ерекше болды. Ауданнан шыққан ақын Талғат Тілеулесовтің «Аралдық бауырларға» толғауын орындаған соң, сахнадан шығып кеткен жырауды тоқтаусыз шапалақпен қайта жырлатқан сәті жыр-термеге қаншалықты шөлдегенін байқатты.
Осы сияқты ақындардың поэзия кешін сағына күтетіндердің де қарасы көп екенін естіп жатамыз. Бірақ сайын сахнаға, ел алдына көтерілу оларға да мүмкін емес бүгінгі уақытта.
Бұл тек қаладағы жағдай. Ауылдық жерлерде халықты жиі жинап, рухани құндылығымызды, қажеттілігімізді ұсыну өз алдына бөлек әңгіме.
Түйін. Жоғарыда айтып өткеніміздей, әркім жан қалауын таңдап тыңдайды. Бірақ өнер жасқа бөлінбейтін дүние болса ғана өткенімізді кейінгі ұрпаққа қаймағын бұзбай жеткізе алатынымызды ұмытпасақ деймін. «Кім кінәліге?» бастамас бұрын, қай бағыттағы өнерді де жалпыға жеткізудің жарнамасын қарастырған жөн шығар. Бәлкім, сол кезде Аралдан да әлем мойындаған Әміре мен Димаштар шығып қалар. Себебі қазақтың қанын қазақылықты танытатын өнер иелері ғана тасыта алады.

Оңталап ЖОЛДАСОВ
20 қыркүйек 2022 ж. 1 130 0