Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кісілігі көпке үлгі еді

Кісілігі көпке үлгі еді

Иә, Ұзақбай Қараманов. Ол біздің жерлесіміз, мақтан тұтар азаматымыз. Теңіз жағалауындағы шағын балықшы ауылдың бастауыш және жеті жылдық мектептерінде оқып, содан кейін қаладағы №13 қазақ орта мектебінен аттестат алады да, Ресейдің сонау Куйбышов қаласына тартып отырады. Бұрын ондай ірі мегаполисті көрмеген және орыс тіліне шорқақ. Не деген көзсіздік, не деген батылдық! Бақсақ, таланты мен отты жігері солай қарай айдаған екен ғой! О жақтан инженер-құрылысшы дипломымен оралады. «Қызылорда құрылыс тресінің» Аралдағы механикаландырылған колоннасын басқарды. Мұндағы жұмысшы-қызметкерлер саны үш жүзден асатын-ды. Олардың бір шамасы жер аударылып келгендер еді. Күнара полицияға түсіп жататын бұзақылар-тұғын. Ал менің қызметім аудандық «Социалистік Арал» газетінің өндіріс, құрылыс және транспорт бөлімінің меңгерушілігі еді.
Бұл 1961 жылдың жаз айы еді. Қызметіме сәйкес сол тұста трубасы тартылып жатқан «Арал-Аманөткел» аралығында жиі болып, Ұзақбай ініммен кездесіп тұратынмын. Сырдарияның «Аманөткел» белдеуінен Аралға ауызсу келтірілмек. Қашықтық — жүз шақырым. Кілең көлемі бір метрлік темір трубалар. Сондай-ақ екі қабатты тұрғын үйлер де бой көтеріп жатты (олар әлі де бар). Алпыс жылдан асса да сыр берер емес. Сонда Ұ.Қараманов 24 жаста екен-ау! Ұстараның жүзіндей лыпып тұр. Көздерінен от шашады. Көбіне құрылыс басында жүреді. Бұзақы жұмысшының бірі аванс сұрай келеді. Тексертсе, ешқандай табыс жоқ. Жұмысқа шықпаған. Арақ ішіп жатып алған. Есіктен шыға бере Қарамановқа зілдей сия сауытты лақтырады. Ұзақбай да қала көрген студент емес пе?! Төмен бұғып қалады. Сол сия сауыттың ізі кабинеттің қабырғасында жиырма жылға дейін өшірілмей тұрды. Сірә, ескерткіш ретінде тұра берсін деген болар.
Аудандық партия комитетінің бюро мәжілісіне редактор немесе орынбасары шақырылады. Бірде менің қатысуыма тура келді. Өйткені күн тәртібінде — құрылыс мәселесі екен. Жылдың аяқ кезі болатын. Бюро басталып кеткесін Ұзақбай келді. Үстінде жұмыс киімі. Керзі етігі балшық. Бірінші хатшы:
– Бұл не жүріс, отыр, – деді қатқыл үнмен.
– Құрылыстың басында едім, хабарды әлгіде ғана алдым. Үй жабық. Келіншегім іссапарда, малды ауылды аралап жүр, – деді (жұбайы Ұлдай фельдшер болатын-ды).
– Анау екі тұрғын үйді тапсыр, жыл аяқталып қалды,– деді бюро мүшелерінің бірі.
– Жо-қ, тапсыра алмаймын, – деді Ұзақбай орнынан тұрып, –тапсыру мерзімі келген жоқ, пайдалануға уақытында беріледі. Төбесі жабылмаған. Есік-терезесі қондырылмаған үйді кім қабылдайды?
– Қабылдайды!..
– Ал мен ондай қылмысқа бара алмаймын. Сұраққа жауабым осы,– деді өжеттеніп.
***
Ұзақбай Қараманов Алматыға ауысты. Ірі-ірі құрылыс компанияларын
басқарды. Туған жері одан хабар алып, жақсы ісіне қуанды. Тілектес болды. Ол енді ұзақ әңгіме. Ұ.Қараманов Үкімет басына өте ауыр кезеңде келді. 1990 жылға қарай қайта құру реформасы қара жерге шығып қалған кемедей қайырлап, Кеңес Одағының экономикасы күйреп жатты. Қараманов күн-түн демей Мәскеу мен Алматы арасында шапқылап, өндірістің тынысын тоқтатпауға күш салды. Одақтық бағыныстағы кәсіпорындарды Қазақстанның қолына алуға ұмтылыс жасады. Ол кезде республика экономикасының 95 пайызы Мәскеуге есеп беретін-ді. Бізге тек жеңіл өнеркәсіпті қалдырған. Не деген зорлық! Зауыттар мен комбинаттарды республиканың басқаруына алу мен салық төлету үшін талай айқасты. Тіпті азу көрсетуге дейін барды. Ұзекең қызметті Министрлер кеңесінің төрағасы деген лауазыммен бастап, 1991жылдың күзінде оның мәртебесін Премьер-министрге ауыстырды. Сөйтіп жерлесіміз, аралдық Қараманов Қазақстан Республикасының Тұңғыш Премьер-министрі болды. Осындай аса жауапты лауазымға көп ішінен балықшы баласының таңдалғаны ел тарихында алтын әріппен жазылары ақиқат. Үкімет басшысы ретінде халыққа қызметін айтпағанда, Ұзекеңнің кісілігінің өзі көпке үлгі еді. Оны мен Қарамановтың Парламент депутаттығына үміткер болып халықпен кездесулерінде көзім жетті. Мен Ұзекеңнің сенімді өкілі болып елді мекендерді көп араладық. Бойында тәкаппарлық, менменсу жоқ. Барынша қарапайым. Екі тілге бірдей. Кіммен болса да еркін сөйлеседі. Адалдығы да адам таңғаларлықтай болатын. Құрылыс саласын басқара жүріп, отбасының баспана жайын ойламаған ғой. Сосын да Ұлдай зайыбы жоғары басшылардың есігін қағуға мәжбүр болыпты. Шөмішбай ақынның:
Жайдары мінезіңіз, қарапайым
Ерекше сезімтал ой, сана, пайым.
Қазақтың өзіңіздей қамқоршысын,
Ардақтап, арқа тұтар бар ағайын.

Даладай дана, дархан пейіліңіз,
Көктемдей құйылып тұр мейіріңіз,
Тап сіздей үлкен болып туғанменен,
Тап Сіздей кішік емес кей ініңіз,– деп Ұзекеңді жырға қосуы бекер емес. Ұзекең халықаралық Арал қорына басшылық еткен кезінде де үлкен істер тындырды. Ақиық ақын Кәкімбек Салықов Ұ.Қарамановқа арнап жазған «Арал үшін айқасқан» деген шығармасының қайырмасында:
Қиял болып көрінген,
Қызық тапсам өмірден.
Арал үшін айқасқан,
Достар кетпес көңілден.

Сағындырды Аралдың кешкі лебі,
Бетпақ-дала беймаза көшті желі.
Құмда қалған кемедей құлазимын,
Қайдасыңдар, кең жалған естілері,– деп жар салыпты.
Иә, қайран теңіз! Кім сағынбаған, ол үшін кім қайғырмаған!
***
Арал қаласындағы іргелі білім ордасының бірі №262 мектеп-гимназияға Ұ.Қарамановтың есімі берілді. Ол 2009 жылы республикалық «100 мектеп. 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған-ды. Мектеп 1200 орындық. Бұл білім ошағы – серіктес мектеп ретінде қарамағында 15 мектеппен өзара ынтымақтастық орнатқан облыстағы инновациялық үлгідегі оқу орындарының бірі.
Соңғы жылдары үздік ауыл мектебіне берілетін сыйақы екі есеге ұлғайған. Бұған дейін өңірде 7 мектеп 17 миллион теңгенің сертификатын иеленсе, биыл облыста №262 мектеп-гимназия алғаш рет 34 миллион теңге қаржыны жеңіп алды.
Бұл аймағымызда Ұ.Қарамановтың 85 жылдығын атап өту іс-шарасымен тұстас келгені елді сүйсіндірді.
Шәкірат Дәрмағамбетұлы,
«Арал ауданының құрметті азаматы»,
Арал қаласы
20 қыркүйек 2022 ж. 654 0