Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өз тағдырың...

Өз тағдырың...

Тағдыр деген тылсымның адам баласына сызып берген жолы санқилы. Осы өмірде қаншама адам болған болса соның бірде-біреуінің тағдыры бір-біріне ұқсамайды. Бірдей өрілгенмен өзгешеліктері жетіп артылады. Рас, өмірде неше түрлі адам бар. Бірі өткенімді қоқыстан ізде дейді. Бірі өткеніне қайта оралсам дейді. Өзекті өртейтін өкінішті сәттері де жоқ емес. Алайда сол өмір кейіпкерлерінің кино тәрізді кестелі жолы адамдық қалыптан шығып кетіп жатады. Мұндайда барлық кінәні тағдырға жаба салу дұрыс емес деп есептейміз. Расында тағдыр деген не? Бұл тақырыпқа қалам тербеу қиын болса да ислам дінінің негізгі пайымына бас ұрып, анықтама беруге тырыстық.
Шынымен тағдыр ислам дініндегі ең күрделі тақырыптардың бірі болып саналады. Қазақы ғұрпымыз бен таным-түйсігімізде тағдырға илану оған мойынсұну деген шеңберлі ұғым бар. Бұл да негізінен иман шарттарының бірі болып табылмақ. Бала күнімізде қандайда бір қателіктерге ұрынып, пенделікке барған кейіпкердің сыртынан сөйлеп, тағдыр ғой деген байламды ойды құлағымыз шалып өсті. «Не де болса тағдырдың жазғаны болады» деген сөз де сіз бен біздің әлемімізден алшақ емес еді. Кейбір кісілер өздері жасап жүрген күнәлі істері мен қылмыстарын тағдырға жауып ақталғысы келеді. Шынында бұл өмірдегі өрескел қателіктер мен пендешіліктерді тағдырға жаба салу дұрыс па?!
Қасиетті Құранда: «Еш күмәнсіз, Біз барлық нәрсені арнайы есеппен жараттық...», «...Барлық нәрсені жаратып, әрқайсысына белгілі бір өлшем берді», - деген аяттар келтірілген.Ұлы Жаратушының әрбір жаратылысқа лайық етіп қойған заңдары, арнайы тағдыры бар. Әдетте бұл жалғанда әрбір әрекет пен іс Алланың қалауымен болады деп жатамыз ғой. Расында солай. Алайда Алла пендесіне жақсылық немесе жамандық жаса деп қыстамайды. Мұндай әрекетте адам баласы саналы түрде іс қылады. Сол үшін адам баласын басқалардан ерекше етіп жаратты емес пе?! Сол әрекетіне байланысты Алла жұмақпен жарылқайды немесе тозаққа түсіреді. Мәселе соған сену немесе сенбеуде. Бұл енді адамзатқа тән ақиқат. Ал тағдыр деп уақыт пен кеңістік ұғымдарына тәуелді емес Ұлы Алланың әу бастан пендесінің пешенесіне жазылған білгілі бір оқиғаны немесе жағдайдың көзге көрінбейтін, ақылға бағынбайтын өлшем-мөлшерге қарай реттелуі. Яғни біз қаласақ та, қаламасақ та маңдайға жазылған жағдаяттар рет-ретімен болып жататындығы. Бұл жағдай қияметке дейін және қияметтен кейін болатын барлық құбылысқа тән.
Иә, кейде шарасыз пенде басындағы жағдайдың барлығын тағдырға итеріп салып, «бұл да тағдырдың жазуы шығар» деп жатады. Алайда өмірде адамның еркінен тыс және еркімен болатын жағдайларға көп мән бере бермейміз. Мәселен пенде ер немесе әйел болып, қара нәсілді болмаса бидай өңді болып туылуы мүмкін. Бойы ұзын немесе аласа болады. Мұның барлығы әрине адамның еркінен тыс дүниелер. Яғни тағдырдың тартуы деуге болатын шығар. Екінші жағынан алатын болсақ, адам өмірде көп нәрсені өз қалауымен жасайды. Жақсылыққа немесе жамандыққа да саналы түрде шешім қабылдап баруы мүмкін. Мұның барлығы нәпсі немесе құмарлық, яки қызығушылық сынды дүниелердің нәтижесінде пайда болады. Соған қарай қияметте істеген амалдары таразыланып, арғы өмірде соның қайтарымын алады. Бұл құбылыс халқымыздағы «жақсылық көрсем де өзімнен, жамандық көрсем де өзімнен» дейтін тәмсілмен ұштасып жатыр.
Алла Тағала қасиетті құранда: «Оған (адамға) жақсылық және жамандық жолдарын көрсетпедік пе?» «Кім жақсылық істесе пайдасы өзіне, ал кім жаманшылық істесе оның зияны да өзіне. Раббың құлдарына ешқашан қиянат жасамайды», делінген. Яғни бұдан қандай қорытынды шығаруға болады?! Адам өз тағдырын өзі жасайды деген ойға тоқталуға тура келеді. Ендеше адам баласы шарасыздықтан немесе қатыгездіктен туған әрбір амалының сауабын өзі тартады. Сондықтан қандайда бір шалыс қадам мен сәтсіздіктерді тағдыр ісі дей салмай, Алланың көрсетіп берген тура жолымен жүруге асыққанымыз абзал.
А. ҚАРАСАЙ
08 қазан 2022 ж. 895 0