Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жасампаздықтың жарқын бейнесі

Жасампаздықтың жарқын бейнесі

Аралды қала деп мақтанамыз. Олай деуге толық негіз жоқ емес. Себебі құжат жүзінде облыста Қызылорда қаласынан кейінгі қала статусына ие қала осы – Арал. Басқа аудан орталықтары кент ретінде тіркелген. Мұндай атау осыдан 95 жыл бұрын берілген. Бұл туралы Арал балық комбинатының ІV кворында сол кездегі аудандық атқару комитетінің төрағасы Т.Медетбавтың шығарған бұйрығы бар. Сол тұстағы барлық мекемелерге бұйрық таратылып, құжат жүзінде 1 қазаннан бастап Арал қаласы пайда болған. Кейіннен 1927 жылы Қазалы уезі таратылған соң 1928 жылдан бастап Арал ауданы құрылды.
Қазіргі таңда осы Арал қаласы бойынша 226 көше, 120-дан астам кәсіпкерлік нысан, 7500-дей шаруа қожалық бар. Арал қаласы негізінен ірілі-ұсақты 4 балық өңдеу зауыты және қосымша мал шаруашылығымен айналысатын тұрғыны бар қала. Халқының саны 35 мыңдай. Қаланың қақ ортасынан темір жол желісі өтсе, шығыс беткейін жанамалай "Батыс Еуропа- Батыс Қытай" транзиттік көлік дәлізі өтіп жатыр. Ауданның жүрегіне айналған қала бойынша күніге әр бағытта кіріп-шығып жатқан көліктер мен тұрғындарда есеп жоқ. Қайнаған қызу тірліктің ошағына айналған Арал тарихы жағынан да көптеген шетелдік туристердің қызығушылығын оятқан тарихи қала деуге болады. «Сырт көз сыншы» демекші, күніге келетін сан-мың қонақтың назарымен «Арал – көрікті қала» деген жақсы сөздің жиі айтылғаны жөн емес пе?! Сол себептен де қала күні бүгінге дейін мейлінше ажарланып, айдынды өңірдегі айшықты қала деген абыройлы атқа ие болып келеді.
Аралдың түні де ақ самала шамдармен жарқырай түсіп, көлік қозғалысы көп көшелері де тақтайдай тегіс жолдарға айналған. Қазіргі таңда қала бойынша 226 көше бар десек, соның 41 пайыздайы асфальтталған. Яғни, жетпістің үстіндегі көшелерге толығымен тас жол төселіп, олардың жалпы ұзындығы 53,47 шақырымды құрап отыр. Бұдан бөлек, қала бойынша 9 көшеге қиыршық тас төселген. Ал қалған 147 көше қара жол күйінде. Әрине асфальт төсеу оңай шаруа емес. Қыруар қаржыны қажет ететіндіктен, мұндай іске көп жағдайда ауданның мүмкіндігі келмей жатады. Оған қаржы облыстан немесе республикалық бюджет есебінен бөлінетін болғандықтан, уақыт жағынан ұтылып жататынымыз да жасырын емес. Десе де аудан жол салу ісінде басқалардан кем емес. Барлығын бірдей атқарылмағанмен, жыл сайын қалаішілік бірлі-жарым көшелерді асфальттап, жарықтандыру ісін де қолға алып келеді. Мәселен жылына 10-15 көше асфальтталып, қала көшелеріне ерекше сән беруде. Мұндай жаңаруды көзімен көрген қала қонақтары да, «Аралдың жолдары жақсы» деген көңіл қуантарлық пікір қалдыруда. Мұндай жақсы лебізді осы кезге дейін ұзын-саны 10 шақты тұрғыннан естіген шығармыз. 2010 жылдарға дейін қалаішілік көшелердің жолына сын-пікірлер көп айтылған болса, соңғы 10 жылдың айналасында салынған тас жолдардың сапасы да жақсарған. Демек, бұл істе туған жеріне жанашыр азаматтардың жұмысты тікелей бақылауға алғанын анық байқауға болады. Талап күшейген соң, сапа да сын көтереді емес пе?! Демек, бұл жұмыста шикілік жоқ десе де болатын шығар.
Қалаішілік көшелерді жарықтандыру жұмысы жайында да ауыз толтырып айтарлық нәтиже бар. Бұрын осы қаланың орталық көшелерінің өзінде ағаш бақан басынада сығырайған дүниелерді ара-тұра көзіміз шалатын. Не бардың емес, не жоқтың емес санатындағы мұндай сүреңсіз көріністер сонау көне дәуірдің көзіндей болып айналаға сүреңсіз кейіп беретін. Бүгінде мұндай сүйкейсалды шала істердің соңы осыдан 7-8 жыл бұрын тоқтаған шығар. Ауданға М.Жайымбетов әкім болып келген жылдары биік мұнара іспетті бағаналар қала көшелерінде пайда бола бастағаны әлі есімізде. Ал оның іске қосылғанын көрген жұрт, Аралдың түнгі көрінісіне қарап таңданыстарын жасырмады. Міне сол кездерде қарқын ала бастаған қалашілік көшелерді жарықтандыру мәселесі жыл сайын жалғасын тауып, күні бүгінге дейін қолға алынып келеді. Қазірдің өзінде қала бойынша жоғарыда атап өткен 226 көшенің 32 пайыздайы соңғы үлгідегі жарық бағаналарымен жарықтандырылған. Жақын күндері қаладағы Қаюпов және Үмбет би көшелерінің жарықтандырылғанына аралдықтар куә. Енді осы жылдың соңына дейін тағы 5 көшені жарықтандыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Олардың қатарында Тәңірбергенов, Балапанов, Әубәкіров, Тұрымбетов сынды көшелер бар. Сонымен қатар Арал қаласына кіреберіс маңызды жолдың бойы да биылғы жылдан қалмай жарықтандырылмақ. Осылайша Аралдың айшықты келбеті жыл санап түрлене түсуде. Мұның барлығы елге жанашыр азаматтардың бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығарып бірлесе атқарып жатқан жұмыстарының нәтижесі. Бұл істе аудан әкімі С.Сермағамбетовтың да еңбегі айрықша екенін айта кету керек.
Иә «көше – қаланың көркі, көкорай – даланың көркі» деген сөз тауып айтылған. Біз бұл мақалаға арқау еткен Арал қаласының өзі сол көшелерден құралатынын ескерсек, ондағы жолдың, жарықтың болғаны қандай жақсы. Ал сол көшелердің тыныштығы өз алдына бөлек тақырып. Қаланың өзіне жарасар тіршілігі мен өмір ырғағын қалыпты сақтауда аянбай атсалысып келе жатқан көше комитеті төрағаларының да Аралдың көркі мен қазіргі жайына байланысты айтар пікірі де бір басқа.
– Қаладағы Базарный атанып кеткен қазіргі Көшербай Дәрібаев көшесі қазіргі таңда қаладағы сәні келіскен көшелердің қатарында десем қателеспеймін. Қазіргі уақытта көшемізде тас жол да, жарық та бар. Сол жолдың екі бетінен жаяу жүргіншілер жолы да салынуда. Көшеміз үлгілі көшелер санатында деп айта аламын. Олай дейтінім, мен осы көшеде бұрыннан тұрып келемін. Көше комитеті төрағасы болғаныма да 25 жылдай уақыт болды. Ұмытпасам, 2008 жылдары біздің көше «Үлгілі көше» аталымын жеңіп алды. Мұның барлығы көшеміздің тазалығы мен тыныштығына қатысты. Сонымен қатар бұл көшеде бұрынғы балық шаруашылығы министрі, мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Саржанов, аудандық мәслихаттың бірнеше мәрте депутаты болған, ауданға белгілі азамат А.Асанбаевтар тұрады. Сондай-ақ көшенің жай-күйіне алаңдайтын бірнеше кәсіпкер азаматтарымыз бар. Жалпы, бұл көшені мен қаладағы үлгілі көше деп айтар едім, – дейді қаладағы К.Дәрібев көшесінің тұрғыны Ө.Мектепбаев.
Мұндай көшелерді Аралда көптеп кездестіруге болады. Тұрғынымен пікірлесе қалсаң, туған жері Арал жайында ағынан жарылуға пейіл. Мұның барлығы айдынды Аралдың кешегісі мен бүгінгісін қоса алғандағы жетістіктердің жарқын жемісі әрі айқын көрінісі деп бағалаған жөн шығар. Қайткенмен, кім туған жерін өкпеге қисын?! Біз қалай айтсақ та қаланың әрбір жетістігі ауқымды мақалаға жүк боларлық. Біз бүгін соның бір парасын ғана басылым бетіне түсірдік. Анығында Аралдың жайнап, жасаруына осындағы барлық перзент тілекші. Оны іштей сезінеміз.

А. БМСЕНОВ
18 қазан 2022 ж. 1 275 0