Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жер шоқтығы – Көкарал

Жер шоқтығы – Көкарал

Туған жер әркімге де Мысыр шаһары ғой! Жоғарыдағы тоқсан жасқа қарай шеру тартқан Сәуелхан атаның шерлі, сағынышқа толы жыр шумағын босқа келтіріп отырғаным жоқ. Ол сонда туған, сонда өскен, оқыған, еңбектенген. Қазір бұрынғы ұлы теңізге маңқиып, төбеден қарап тұратын Көкаралда ел жоқ. Елдің үдере көшіп кеткелі қашан?!
Мен өзім бүгіндері энергетика институтының 2 курс студентімін. Менің ата-бабаларым да көкаралдық. Балық аулаған. Мал өсірген. Көкарал шынында да теңіз тасып тұрған кезде құтты мекен болған. Өз атам Қуанышбай Ердіхалықұлы – энергетик. Осы атамның әкесі Ердіхалық Жәрменұлы 1906-2006 жылдар аралығында, яғни жүз жыл өмір сүрді. Кәсібі балықшы. Бертін келе, Көкаралда құрылған «Ленин» колхозы басқармасының орынбасары қызметін он бес жыл атқарған. Осы үлкен атам Ердіхалық көкенің де, үлкен әжем Зейнегүл Әзбергенқызының да әңгімелерін есітіп өстім.
Пролетариат көсемі В.И.Лениннің Арал балықшыларына жолдаған әйгілі хатына биыл жүз жыл толғалы отыр. Соған байланысты оған көкаралдықтар қандай үлес қосқаны жөнінде естіп-білгенімді басылым оқырмандарымен бөліскенді жөн көрдім.
Иә, сонымен В.Лениннің хаты 1921 жылдың қазан айының 7-сінде жазылады. Хат Аралға жетісімен Қазалы уезіндегі баспаханада көбейтіледі де ауыл-ауылға (балықшыларға) оқып-түсіндіру үшін өкілдер шығады. Бұл абыржының басталған тұсы екен. Теңізде де, өзен-көлдерде де сең жүріп жатқан. Десе де балықшылар (Бөген, Қарашалаң, Аманөткел, Райым, Шөмішкөл, Қаратерең жағы) түйе керуенмен Қамыстыбас стансасына балық жөнелтеді. Ал Көкарал аймағы ше?
– Әй, Нұрлыбек мырза! Ердіхалық атам шөбересінің (яғни менің) берген «одан көкаралдықтар қалыс қалды ма?» деген сұрағыма орай, – бұл атаң ол тұста небәрі он бес жаста еді-ау – деді терең ойланып.
– Он бес жаста едім дейсіз бе, ата? – деппін таңданып, – қалайша тез ақсақалды қария болып қалғансыз. Сірә, жүз жасқа таянған аяулы атамды кәрілікке қимасам керек. Атам күле бермейтін, ауыр салмақты кісі. Бірақ менің осы сәбилік аңқаулығыма ұзақ күлді.
***
Үлкен атам Ерекеңнің, одан бергі Қуанышбай атаның және де өзге үлкендерден есітуім бойынша Көкаралға В.Лениннің хатын оқып-түсіндіруге сол 1921 жылдың қараша айында екі жігіт келеді. Халық жиналады. Ішінде Ердіхалық атам да, оның құрдастары мен ересектер де, ақсақалды қариялар да болады. Хаттың мәнісі – Волга бойында және сондай өңірлерде аштыққа, құрғақшылыққа ұшыраған халыққа азық-түліктен қайырымдылық көмек беру жайы екен. Мұндайда біздің қазақ жұрты ұрандап, алға ұмтылады ғой. Шымберген Сүйеубаев, Нашау Есбосынов, менің атам Ердіхалық Жәрменов, бұлардан жасы үлкендеу Қазыбек Жиенбаев, Сәндібек Сағынтев және-жәнелері аулаған балықтарынан тек бір күндік нәпақасын алып қалып, өзгесін тегіннен-тегін большевиктердің қабылдаушы өкіліне тапсырады.
Бірақ балық Қамыстыбас стансасына дереу жөнелтіле қоймайды. Неге десеңіз, абыржы. Теңіз мұзы әлсіз. Қамыстыбас стансасына түйе шана бару үшін қазіргі Көкарал – Қаратерең бөгеті аралықтағы он үш шақырымдық теңіз мұзы қату керек. Сонда ат-көлік керуені арғы жағалауға өтіп, теңізді сол қапталға ала жүріп отырып, Бөген ауылына жетіп, одан әрі тағы да 80-90 шақырымдай жолды еңсеріп, Қамыстыбас стансасына ат басын тірейді екен. Сөйтіп көкаралдықтар 1,5 ай бойы тыным таппайды. Ал сол жылғы желтоқсанның 25-жаңасында, В.И.Лениннің 1921 жылдың 7 қазандағы: Арал теңізінің балықшыларына, жұмысшы жолдастарға! – деп басталатын атышулы хатына Арал совдепінің төрағасы Т.Медетбаевтың: «Арал бассейнінің балықшылары 14 вагон балық жөнелтті. Бұған әсіресе Бөген балықшылары ерекше белсенділікпен қатысты» деген жедел телеграммасын бәріміздің де тарихтан оқығанымыз мәлім.
Арал қаласынан шығатын «Арал әлемі» газеті 2016 жылдан бастап «Әйгілі хатқа – 100 жыл» деген айдармен үздіксіз мақалалар жариялап келеді. Басылымнан Поволжьеге балық жөнелткен үлкен аталарымыздың суретін және олардың қазіргі ұрпақтарының да суреті мен сөздерін оқып таң-тамаша қалғаным да рас. Міне, ата-бабаның бұл ерлік ісін біздер, тәуелсіз елдің жас өркендері еш ұмытпауға тиіспіз!
Нұрлыбек Қуанышбаев,
Ердіхалық атаның шөбересі, студент
23 қазан 2022 ж. 1 572 0