Білікті басшы, жампоз жырау Берекет
Осынау алдамшы жалған дүниеде кез-келген пенде артына бір сәт бұрылып өткенін еске түсірсе, жаны жайсаң жақсыларын ойға оралтары анық. Өйткені әрбір өлкенің суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Сондай жайсаң жандардың бірі – Берекет Омаровтың есімі қызылжарлықтар үшін мәңгі өшпестей болып қалған. Жылдар өткен сайын да Берекет аға жаңа қырынан ашыла түсіп, оның небір тапқыр сөздері мен іскер басшылығы ауыздан-ауызға аңыз боп айтылып та жүр.
Еңбек жолын 14 жасында балықшы болып бастап, мал дәрігері, ферма меңгерушісі қызметтерін атқарған. Мұнан соң Арал ауданындағы «Райым» ұжымшарын 16 жыл үзбей басқарған Б.Омаровтың есімін көзі көргендер ғана емес, кейінгі ұрпақтарда мақтан тұтады.
Берекет Омаров қайсыбір басшылардай «дайын асқа тік қасық» болып келген жоқ. Бүгіндері Сырдарияның бойына өзінің архитектуралық сәнімен жазық жерге түп-түзу көшелер болып орналасқан Қызылжар елді мекені ол кезде жоқ болатын.
Сонау 1960 жылдың күзінде осы жазық жерге Райым елді мекеніндегі орталықты бір күнде көшіріп әкеліп, алғашқы қазығын өз қолымен қаққанда осы Берекет Омаров болатын. Райым сияқты тау етегіне орналасқан жерге келешек дәл қазіргідей көп үйлердің симайтынын сол кезде-ақ ойластырған алғыр басшы алғашқы жылы колхоздың кеңсесін, 4 тұрғын үйді тұрғызды. Келесі жылы 20 колхозшыға колхоз есебінен әрбіреуіне 1300 сом (кеңес ақшасымен) несие беріп, тұрғын үйлер тұрғызуына көмектеседі.
Ауылдың көркемдігіне ерекше мән берген Берекет Омаров ауылды жарықтандыру үшін электр станциясын құрғызды. Қызылжарлықтарды керосин шамнан құтқарған сол жарық 1976 жылға дейін ауылды кешкі мезгілде электр шамымен қамтамасыз етті. Жұмыстан шаршап келген әке-шешеміз көңілдене отырып шай-тамақтарын ішіп алады да:
– Ал, балалар жатайық. Қазір Сембай ағаларың светті өшіреді,- дейтін. Бұл кезде үйдің ішіндегі электр шамы да үш рет жанып-сөнеді. Электр станциясына жауапты Сембай ағамыздың белгісіне көзіміз үйренген біздер жылы төсекке кіріп кететін едік.
Басшыларды ауыстыру сол кездің саясаты ма, әлде басқа да себептері бар ма, әйтеуір 1963 жылы іскер басшыны «Қуаңдария» балық аулау базасына қызметке жіберді.
Әлгі «өзге елде сұлтан болғанша өз еліңде ұлтан бол» деген бар емес пе? Сол мақалың Берекет сияқты туған жерін түлеткісі келетіндерге арналса керек. Әйтпесе, қайда жүрсе де туған жері естен кетпеген басшы «мені «Райым» колхозына жіберсе сол жердің шөбі мен қамысынан-ақ колхозды миллионер қылар едім», -деп айтар ма еді.
Сонау жетпісінші жылдардың шамасында колхоздың тасы алға өрлей қоймады. Жұмыстан да, елден де береке кетті. Ауыл тұрғындары тұралап қалған колхозды Берекет ғана бір амалын тауып, өрге сүйрейтінін сезді. Сол себепті де жоғары жаққа «бізге тек Берекет Омаров керек» деген талап арыздарын жазып, туған жеріне қайта сұрап алды.
Колхозда балық аулайтын 4 жылым бригадасы болды. Олар көктемгі лай балықтың кезінде теңіздің қолтықтарына барып, екі-үш айлап балық аулайтын. Кейін теңіз тартыла бастағанда балықшылар да қиындыққа ұшырады. Балық шаруашылығы Министрі Құдайберген Саржановтың кезі еді. Қашанда жұрт алдында басын төмен салмайтын Бекең өзінен жоғары басшыларға мәймен көлемей турасын айтатын. Оның үстіне әзір жауап, сөзге шешендігі де бар. «Берекет айтты» деген ұтырлы сөздер ел аузында әлі айтылып жүр.
Жетпісінші жылдардың аяғында колхоздағы товарлы көлдер 3 есеге артып, көлемі 2-3 мың гектарға жетті. Осындай жұмыстардың нәтижесінде балық аулаудың бес жылдық жоспарын «Райым» колхозы үш жылда орындап шықты.
Талапшыл басшы ешкімге де жалтақтап, жағымпазданбайтын. Тіпті аудан басшылары Т.Есетов, Б.Уәлиевтерде Бекеңмен үнемі пікірлесіп отырған деседі. Өйткені ауданда шаруашылықтың жайын ол кісіден артық білетін адам көп еместе еді. Сол талапшылдығын қатаңдыққа балаған бәзбіреулердің де болғаны рас. Бірақ жастарды әрдайым қанатының астына алып жүретінін өз көзімізбен көргенбіз.
Колхоз тек балық шаруашылығы ғана емес, қосымша қосалқы шаруашылықтардан да пайда түсіріп отырды. Мал шаруашылығы да қарқынды дамыды. Колхозда 1200 бас жылқы мен түйе болды. Жем-шөбі мол болғандықтан мал басының өсімі де жақсы болды. Сонымен бірге қосалқы шаруашылықтар қолға алынып, ауыл маңындағы «Бұқар» деген жерге бау-бақша егілді. Бақша өнімдерінің ауыл тұрғындарынан артылғаны Ресей жеріне саудаға шығарылды. Темір жол бойына жеткізілген. «Райым» колхозының қауын-қарбыздары вагондарға тиеліп, тікелей Магнитогорск қаласына жөнелтілді. Мұның өзі де колхоз экономикасын әжептәуір көтеріп тастады.
Берекет ағамыз басшылық еткен тұста ұжымшардың жылым бригадирі Ешман Әбуов «Қаракөл» көлінен бір күнде 700 центнер су маржанын сүзіп, Одақ бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізген. Тау-тау болып үйілген сары сазандарды басқа жақтан келген машиналар неше күн бойы тасыған. Ауылға адамдарда, техниканың неше түрлері де сол кездері сыймай кеткендей болды. Аудан, облыс басшылары, тіпті республиканың да балық шаруашылығы мамандары ел байлығы сүзіліп болғанша ауылда жүрді. Арал балықшыларының тарихында бұрын-соңды мұндай көрсеткіш болып көрмеген екен. Сол кездегі Одақтық «Правда» газетінің бірінші бетінде «Райым» колхозының аты осы 700центнер су маржанының арқасында шыққан еді.
«Райым» колхозын «миллионер колхозға жеткізген» деген Бекеңнің арманы 1983 жылы оындалды. Сол жолы Берекет Омаров басқаратын «Райым» колхозы 1 миллион (кеңес ақшасымен) сом таза табыспен жылды қорытындылап, Республика бойынша миллионер колхоз атанды.
Еңбекқор басшының елі үшін еткен еңбегі ерен еді. Техниканың да сан түрін жинап, ауыл ортасынан автогараж, аурухана, мектеп үйлерін тұрғызуға күш салды. Бәрінен бұрын дара қасиеті өнерімен, өлең- жырға әуестігімен ерекшеленетін.
Ақылдығымен ерекше қоңыр дауысты жыраулығы басым Бекең өзі айтқандай;
«Тым нәзік тал бойыма қарамастан,
Қолыма домбыра алдым бала жастан.
Ұстазым Кенжеғұлдың Нұртуғаны,
Ағайын жан бар ма еді мұнан асқан,» - деп, Нұртуғанды өзіне пір тұтып, жазған еңбектерін жинақтап, белгілі жыршы Дәріқұл мақамымен халық арасына кеңінен насихаттаумен өтті.
1980 жылдың 11-13 маусым күндері өткен халық ақындарының 37 жылдан кейінгі Республикалық екінші айтысына қатысып, 70 термеші- жыршылардың арасында оза шауып, жүлде алған. Осы айтыста Берекет Омарұлы орындаған Нұртуған толғауы күй табаққа жазылды.
Берекет ағаның өзі де ақындықтан қара жаяу болмағанын айтқан едік. Оның «Осыны ойла, тентегім», «Жауынгер боп өлермін», «Өзім туралы» жырлары бүгінде көпшілікке кеңінен таныс.
Ауыл ақсақалының бірі өткенде маған:
– Өндірісті де, өнерді де қатар алып жүрген Берекеттей басшыны кейіннен көргенде, естігенде емеспін,- деген. Бұл да рас шығар. Өйткені ол қайсыбір басшылардай бос уақытында да шалжиып жатып көрген емес. Балаларында өзі сияқты еңбекқорлыққа тәрбиеледі.
Әкесі туралы Қызылжар ауылдық халық театырының директоры Мұхтар Омаров та:
– Әкеміз жұмыстан кейін бос жатуды білмейтін. Бәрімізді кішкентайымыздан еңбекке баулыды. Қораға шығу, малдың астын тазалауды да өзіміз істедік. Үйде шағын жылым болды. Жұмыстан кейін әкеміз бәрімізді жинап алып, дарияға жылым тартуға апаратын. Аяғында резеңке етік, жылымның арқалығын бар күшін салып тартқанда әкеміз бастық емес, қарапайым жұмысшыдан айнымайтын еңбекпен әкелген балығымызды келгеннен соң керегін алып, қалғанын көрші-көлемдерге таратып беретін еді, -дейді перзенттік сағынышпен.
Берекет ағамыздың бойында қазақи болмыстар көптеп табылатын. Соның бірі – оның тауып айтар, әзір жауапты шешендігі еді.
Балықшылардың көшіп-қонып балық аулайтын кезі еді. Көктем шықса болды, сонау Балқаш табылатын колхоз балықшыларының жолда арақ ішетінін естіген Бекең балықшылардың бригадирі Көлбай Әбдіковты шақырып алып:
ؘ– Жолда ішесіңдер, сақ болмасаңдар болмайды ғой, -десе керек. Бұған мойын ұсынғысы келмеген Көлекең:
– Талайды көргендер ғой. Құдай жар болады да,- депті. Сонда Бекең ашуланып:
– Немене, Құдайдың сонда Райымның 40 балықшысынан басқа жұмысы жоқ па?-деген екен.
«Батыр аңғал келеді» демекші, Бекеңнің жұмыс барысында қаталдығы да, аңқаулығы да болған. Менің әкем Бекеңнің қарамағында жұмыс істеп, Алматыға колхоздың шаруасымеен кейде бірге де барады екен. Сондай сапардың кезінде Бекең көшеде кетіп бара жатырған негрлерді көріп, таңырқай қарапты. Олардың сондай қара болатынын білмеген Бекең қасындағыларға:
– Тоқтаңдаршы. Ауылда мені қара деп жүргендердің көзі шықсын. Мыналар мененде өткен қара ғой, -деп таңданған екен.
Арада қаншама жылдар өтсе де ел Берекет ағамызды еш ұмытқан емес. Өйткені оның өнегелі өмірі мен әкелік тәрбиесін жалғастыратын артында алтын асықтай ұрпақтары бар. Бұл күндері ұлдары Мұхтар, Байқазақ, Бүркіттер әке жолын қуып, өнер жолына түскендер. Домбырамен бір шертері бар Байназар Омаров болса облысқа танымал ат баптаушы. Ол дайындаған сәйгүлік аттар ат бәйгесінде жүлделі орындарды иеленіп жүр.
Есімі ел аузында жүрген Берекет Омаров – қазақ болмысын бейнелейтін батыр тұлға. Берекет – іскер басшы. Берекет – таңды таңға жалғайтын дүлдүл жырау, Берекет – қазақ халқының жан серігі атқұмар, ат сестісі. Берекет – дауылпаз ақын. Берекет –халқымыздың төл өнері шебер домбырашы, Берекет –әзір жауап, сөзге шешен адам болды.
Бүгінде өзі алғаш қазығын қаққан Қызылжар елді мекені гүлденіп, көркейіп келеді. Қалада кездескен үлкендерге:
– Қызылжардан келдім, - десең,
– Е, Берекеттің ауылынан ба? - дейді.
Кезінде Қазақстан Балық Шаруашылығы Министрі болған бүгінде ел құрметтісі Құдайберген Саржанов ағамыз ауылға келген сапарында:
– Берекеттей алып тұлғаға ауылдың атын беретін кез әрқашан келді, - деген еді. Сол сөзді естерінде сақтаған ауылдастары бар өмірін туған жерін түлетуге арнап, 52 жыл ғана өмір сүрген Берекет Омаровтай азаматты ел есінде мәңгі сақтау мақсатында, келер ұрпаққа үлгі ету үшін оның есімін Райым ауылдық округіне беру туралы қолдау білдірген.
Өмірден ерте кеткен ақын, сазгер Дархан Оразымбетов те өзінің ел ағасына арнайы жазған арнауында:
«Жақсының жөніне құт ере кеткен,
Бір істі қолға алмасқа неге көптеп.
Меңіреу қызыл түсті жардан гөрі,
Ауылға ат қояйық «Берекет» деп, - айтқан екен.
«Жақсының аты өшпейді» деген де бәлкім осы шығар. Қалай болғанда да халық өзінің біртуар перзентін еш уақытта ұмытпасы анық.
Жақсыбай Мусаев,
Қызылжар елді мекені