Арал ансамблі: Кеше және бүгін

Атақтылардың айтатын сөзі бар ғой «музыка – адамзаттың әмбебап тілі» деген. Расында, әуенмен үнсіз ұғынуға, тілсіз сырласуға болады. Әр нота көңіл пернесін дөп басып жатса, міне нағыз музыка. Біз сөз еткен топтың да негізгі мақсаты – осы. Ауыл-ауылды аралап, Аралдың қиырындағы елді мекендерді ескі әндермен қауыштыру. Тек табыстырып қою ғана емес, бір кездері ән айтқан ағаларға микрофонды қайта ұстатып, сахнаға шығарғысы келеді.
– Қазір қалай екенін білмеймін, алайда бұрын әр ауылда ансамбль құрылған. Кейін тоқсаныншы жылдың тоқырауы бәрін ыдыратты. Алайда сол топтардың құрамында болған апа-ағаларымыз аз емес. Сол кісілерді сахнаға қайта алып шыққым келеді. Олар да қарсы болмас. Қазір сол идеяны іске асыруға кірісіп жатырмыз. Жұмыс көп. Әр ауылға арнайы барып дайындық жүргізу қажет. Егер жүзеге асыра алсақ, тамаша жұмысты бітірген болар едік, – дейді топ мүшесі жоспарларымен бөлісіп.
Атақты ансамбльдің атын өшіргісі келмейтін бүгінгі ізбасарлар аға буынды алқа топтың алдына қайта шығарғысы келеді осылай. «Бұның не қажеті бар» деп бұра тартатындарға да жауап дайын. Өнер жоқтаушысы болмаса өледі, алдыңғы толқынды әдіптейтін жас буын болмаса, із де өшеді. Ештеңе болмағандай өз алдына өнер қуса да болар еді. Алайда атақты «Арал» ансамблінің қаншама еңбегі еш болатыны түсінікті. Бүгінде сол аға буынның шығармалары қорда сақтаулы тұр.
– Таспаға басылған он шақты туындыны өзімде сақтап жүрмін. Ол кезде лентаға басылатын, мен оны компьютерге көшіріп қойдым. Бұл – тарих, ауданның “алтын қоры” деуге болады. Ол топтың құрамында өнерге өмірін арнаған талантты ағаларымыз болды. Мәселен, сол кездегі ансамбльдің негізін қалаған Болат Жүргеновті бүгінде көп адам тани бермейді. Алайда ол 90-жылдары әйгілі “Дос-Мұқасанның” ән жинағын толықтай қайта өңдеп шыққан адам. Қазір Алматы қаласында тұрады. Одан бөлек те ел біле бермейтін еңбектері бар, – дейді Нартай.
Одан бөлек осы топтың бастамасымен қаншама жаңалық енді. Тіпті, домбыраны deko нұсқасында да ойнап бастаған аралдық ансамбль болатын. «Келіншек» күйін эстрадалық бағытқа салу да осы топтан басталды. Міне, қазақ музыкасындағы жаңалықтардың бастауы теңіз төскейіндегі топтың шығармашылығымен байланысты десек артық емес.
«Музыкаға махаббат керек» әуезді ұғынатындар. Жалпы, өнер атаулыға деген өлермендік болмаса, қасиетін де ұғыну қиын. Кешегі «Арал» ансамблінің бүгінгі ізбасарлары осы жауапкершілікті сезінетінін сөз арасынан аңғарып отырмыз. Өз ісіне деген сүйіспеншілік пен өнерге деген адалдық бүгінгі толқынның беделін арттыра береді. Алайда оларды да қолдау мен көмек шабыттандыра түсетінін ұмытпау қажет...
М.ЖАСҰЛАНҰЛЫ