Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Сырғалым

Қазақ халқы дәстүрі мен діні біте қайнасқан барлық дүниеге ұлттық таным тұрғысынан мән беретін болған. Осы орайда қыз баланың өміріндегі айтулы күндердің бірі ол құлағын тесу салт-дәстүрі болып табылады. Құлағында сыңғырлаған сырғасы бар қазақ қыздары ерекше сұлу, ерекше әдемі. Сырға таққан қыздарға ақындар өлең арнап, сазгерлер сырлы ән шығарған. Сырғалы сұлуларын әнге қосып жүрген әншілер қаншама! Ал біз осы қарапайым өмірде қыздың құлағын не үшін тесетініне үңіліп көрдік пе? Осы жайында сөз сабақтасақ.
Сырға – қыз–келіншектердің құлаққа тағатын сәндік әшекей бұйымы. Құлағында сырғасы жоқ қызды көргенде көңілің алабұртып қалатыны да рас. Ол бейне бір әйел жаратылысының егізі іспеттес. Содан да болар ата-ана қызының құлағын тесіп, сырға салуға асық болатыны. Қазіргі таңда жасқа толмаған сәбидің құлағын тесіп, сырға қоятындарды жиі байқаймыз. Ал ертеректе қыз баланы қырқынан шығарған соң, сырғалығын дәнмен уқалап, жансыздандырып, отқа қыздырылған инемен тесіп, жібек жіп өткізіп қоятын болған. Кейінірек оны күміс сырғамен алмастырған. Ол «жас нәрестеге тіл-көз тимесін» деген тілектен туындаған екен.
ХХ ғасырдың бас кезінде қазақтар мен түрікмендердің әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын зерттеген неміс этнографы Рихард Карутцтың жазуынша, баланы ұзақ немесе кеш босанған әйелдер нәрестесінің жасы ұзақ болсын деген ниетпен оның құлағын уақытынан бұрын тесіп қоятын болған екен.
Қазақ халқында «құлақ тесу – қыздың сүндеті» деген сөз бар. Яғни, ер бала үшін сүндетке отырғызу қандай мәнге ие болса, қыздың құлағын тесіп, сырға тағу да сондай мәнді білдіреді. Ол – қыздың бой түзеп, ертеңгі келін атанатын күнге дайындық жасауды бастайтын кезеңі іспеттес. Құлақ тесу ғұрпын әулеттің апа-әжелері жасайды. Қызына «Сен енді сырғалы қыз болдың» деп ақылын айтып, үй шаруашылығына бейімдей бастаған. Кейін ол бойжетіп, теңін тапқанда сырға салынып, өзге жұрттық атанғанын көрсетеді. Бұл да әшекейдің мән-маңызын арттыра түсетін ғұрыптардың бірі болған. Бұрынғы замандағы ата-аналар қалыңдық жасына жеткен қыздардың сырғаларында тұқымның, гүл жапырақшаларының, дәндердің болуына мән берген. Себебі ондай сырғаны тағу арқылы қыз баладан өрбитін ұрпақтың көп болуын ырымдаған екен.
Сырға жасалған материалы мен тәсіліне, пішініне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы, алтын сырға, күміс сырға, қарала сырға, лажылы сырға, шытыра сырға, қолқа сырға, ай сырға, айшықты сырға, ақық сырға, иықты сырға, иінді сырға, лағыл сырға, гауһар сырға, тұмарлы, салпылдақ, омыраулы, қозалы, жапырақты сырғалар, шілтерлі сырға, шұбыртпа сырға және тағы басқа. Сонымен қатар сырғаның тағылу әдісіне қарай да бірнеше атауы бар.
Мәселен, орыс зерттеушісі И.Г.Андреев «Қазақ әйелдері мұрнына кішкентай күміс сырға тағып жүреді. Ол қыздың әкесінің ең сүйікті қызы екенін аңғартатын болған. Саусақтарына жүзікті молынан салады: ал құлақтарына көбіне інжу қадаған ұзынша сырғалар тағады» деп жазған. Демек, қазақ қыз-келіншектері мұрындарына да сырға таққанын аңғарамыз. Ол – зере сырға деп аталады. Әйгілі Құнанбай қажының анасы Зере әжеміздің де көз тимесін деп мұрнына зере тағып жүргендіктен Зере атанып кеткені туралы мәліметтер бар. Әйтпесе ол кісінің есімі Тоқбала болған екен. Сондай- ақ бас киімге және самайға тағылатын да сырға түрлері болған. Ол "шекелік" деп аталған, кей жерлерде оны "самайсырға" деп те атайды екен.
Халық арасында сырғаға қатысты тараған ырым-тыйымдар да көп. Мәселен, жүкті әйел немесе оның туыстары түсінде сырға көрсе, өмірге қыз келеді деп жорыған. Сондай-ақ сырғаның құлақты өсек-аяңнан, әдепсіз сөзден тыятыны туралы да сенімдер бар
Қорыта келгенде, қыз баланың құлағын тесу де үлкен тәрбиелік мән жатыр. Қыз баланы қонағындай құрмет тұтып, сый көрсеткен қазақ «қыз жат жұрттық» деген түсінікпен оның барған жерінде абыройлы болғанын қалайды. Сондықтан да күні ертең келін болып түскен жерінде ата-анасына, ауылына сөз келтірмеуін алдын ала ойлаған.
А. МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

фото: okg.kz
13 желтоқсан 2022 ж. 3 516 0