Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бәрі тек әкем үшін...

Бәрі тек әкем үшін...

Бүгін таңертең ерте тұрдым, ерте тұрсаң көңілің де көтеріңкі болмайды ғой. Жатар алдында анам ертең жексенбі, ұйықтап ал дегеніне қарамай ерте оянғанмын. Мен ұйықтағанмен, қорадағы ызы-шу болған қойларым жексенбінің мәнін қайдан түсінсін?! Әкемнің «біле білгенге мал бағу береке» деген сөзі құлағымызға жатталып қалған. Үйдегі ауыл жұмысы таңнан кешке дейін мал қараумен өтеді ғой. Үй мен қора арасын айнала жүріп жазғы каникулдың да зымырап өткенін аңғармай қалыппын.
Екі күннен соң анау-мынау емес, мектепті кішіге үлгі боларлықтай 10 сынып оқушысы болып аттағалы отырмын. Әкем мен анам үйдің үлкені санайды ма, бар шаруаны маған артқан. Соған масайрап соңымнан ерген екі қарындасымның үлкенімін ғой деп, оларға ағалық мейірім танытып жүруге тырысамын.
Қораға қарай көз салып отырған маған әкем:
–Балам, ертең қаладан анаңның әпкесінің баласы Айдос келеді. Осы үйде сенімен бірге бір мектепте оқитын болады, – деді.
–Әке, жақсы болды, сабаққа бірге дайындаламыз, бірге барамыз, – деп қуана жауап бердім. Шындығында, қуандым. Өйткені сырласатын жаныңда інің барына не жетсін?!Не үшін қаладан ауылға келіп жатқан себебі мені мүлде қызықтырмады.
Сонымен таң да атты. Төбемнен түскен күн сәулесі денемді қыздырып, еріксіз көзімді аштым. Жан-жағыма қарасам, анам:«арайлап атқан таңмен жарқ ете қалған бауырымның тұяғы» деп Айдосты құшағына алып, қуаныштың көз жасы болар, сағынышын баса алмай жатыр екен. Не дегенмен, әпкесінен қалғанжалғыз тұяғы ғой. Шыдап жүрген бәріне көнбіс жүрек-ай! Күйзелісін сыртқа шашпайтын мықты жүректі анашым осы әпкесі дүниеден озғанда талмаға ұшыраған да еді. Сонан бері анам байғұстың іштей тынып жүргенін сезетінмін. Амалы бар ма?!
Мен де орнымнан тұрып бөлеммен(болашақ сыныптасым десем де болады) құшақ жая амандастым. Қаладан келдім демеді, мені жатсынбады. Сол күні екеуміз ұзақ әңгімелестік. Мен малдың жайылымын, ол қаланың тірлігін айтып дегендей.
Ертесіне таңертең мектепке қарай бет алдық. Өмір белесін қол ұстасып бірге бастайтындай мәз-мейрамбыз. Екі қарындасым мектепке ерте кетіп қалған еді. Айдос та өзінің ашық мінезімен сыныптас достарыммен тез тіл табысты. Өзім оның қаладан ауылға келіп оқуын жалғастырғанына қуандым. Себебі, таңертең мектепке бірге барамыз, үй шаруасымен айналысып, одан кейін сабақты бірге оқимыз. Қыста ауланың қарын күреп, малға шөп береміз, қораны бірге тазалаймыз. Сөйтіп күнделікті күйбең тірлікпен жүргенімізде 10 сыныптың да қалай аяқталғанын сезбей қалыппыз.
Айдос та үй шаруасына біраз икемделген. Құдықтан темір шелекпен су тасып келе жатып:
–Енді жазғы каникул басталды. Демалыста енді сен менімен бірге қалаға жүрсеңші. Мен де достарыммен таныстырып, қаланы бірге аралаймыз, – деді.
«Әкемнен рұқсат болса» дедім. Кешкі ас үстінде әкем де біздің ойымызды ұққандай: «жазғы каникул асыға күткен демалыстарың, қалаға барып демалып қайтыңдар» деді. Қысқы соғымнан сүрленген ет пен құрт, ірімшік салынған дорбамызбен жолға шықтық.
Ертеңгі автобусты да күтпей, алабұртқан көңілмен жүйрік мәшинеде құстай ұшып қалаға да жеттік. Айдос та жолай әкесіне келе жатқанынан хабардар етіп, қоңырау шалып қуантып қойды.
Сонымен Айдостың үйіне де жеттік. Жоғары 7 қабатқа көтеріліп, үйдің қоңырауын басқаны сол еді, есікті қысқа шашты, көкшіл көзді тәтей көңілсіз күйде ашты. Келгенімізге қуанғанбаған сыңайлы. Жүзінен ішінде бір ой жатқаны айтпаса да түсінікті еді. Амандасып болған соң Айдос «менің тәтем, есімі – Зүлфия» деп таныстырды. «Әкем жұмыста, жүр, кірсеңші» деп маған басын шұлғыды. Түсінбеген жағдай енді басталды десем де болады. Айдос бөлмесіне кірген бойда бір затын жоғалтқандай кейіп танытты. Асығыс күйде киім жиналған шкаф жанына барып, тартпасынан бір суретті алды да, жастығына басын қойып, біраз уақыт жылады. Қолындағы«анашым, өзіңді сағындым» деп құшағына басқаны марқұм анасының суреті еді. Есік алдынан қарсы алған «менің тәтем» деп таныстырған адамы өгей анасы екен. Үйге ентіге басып асыққанының да мәнін түсіне қойдым. Айдос та анасының суретінебасын қойып, кереуетіне отыра ұзақ жылады. Менің ыңғайсыз жағдайда қалғанымды сезгендей:
–Досбол, менің үйге асыққанымның да себебін сезген боларсың. Жүзім жадыраңқы болғанымен, ішім алай-дүлей. 7 сынып оқып жүргенімде анам жүрек ауруынан қайтыс болды. Анамның жоқтығына біраз уақыт үйрене алмадым. Сөйтіп жүргенде әкем екінші отбасын құрды. Әкем үшін де дұрысы осы деп шештім. Бірақ өз анаңның орнын ешкім баса алмайды екен. Мені тәтем балам деп қабылдамады. Жылы қабақ танытпады. Әркез үйге енгенде анамның суретін қолыма алып, мауқымды басуға асығамын. Енді жанымда ілулі тұрған анамның суретін де алып тастап, сөрегесалып қойыпты. Іштей соған налимын. Анамнан қалған естелік заттардан бірі де қалмады. Мені құшақ жая қарсы алмаса да, әкеммен бас қосып, анамның орнында жүргендіктен үйге келгенімде бір ауыз жылы сөз күтемін. Әкеме осыдан екі жарым жыл бұрын жүрегіне ота жасалған еді. Маған алаңдамасын, жағдайы болсын деп сыртта жүргенім де сол, – деді өксігін баса алмай.
Осы сәтте сырттан келген әкесі де бөлмеге енді. Баласының маңдайынан сүйіп, сөзбен жеткізе алмағанын сағынышын көз жасымен жеткізді. Қамкөңіл досымның анасынан ерте ажырап, ана жылуын аңсаған бала мен жарын сағынған әкенің арасындағы сәтке шыдай алмай, мен де көз жасыма ерік бердім.
Айдостың әкесінің көзінен көп нәрсені түсінгендеймін. Жалғыз ұлдың амандығын іштей тілеп,Алланың жазуымен жарты жолда жалғыз қалғанына да налитын сияқты. Кіндігінен өсіп-өнген бала болса да бірге тұрмаған соң арасы қашықтай түседі ғой. Кездескен сәтте қанша мейірленіп бауырына басса да, ұлымен арадағы қарым-қатынас суынбаса екен деп тілейді. Баланы да қимайды, өмір жолын бірге бастауға бекінген әйелін де жамандыққа қимайды. Сәлден соң:
– Шай дайын болды, келіңдер, – деген есіктің арғы жағынан Зүлфия тәтейдің дауысы естілді.
Сонымен шай да ішілді. Бұл отбасыдағы тірлік мүлдем басқаша. Олай дейтінім, өзара сыйластық бар, бірақ үнсіздік. Амандық-саулық сұрасқан ананы көре алмадым. Біздің үйдегідей арқа-жарқа болу жоқтың қасы. Бұл үнсіздікке үйренісіп қалғандаймыз. Айдостың достарымен танысып, қаланы аралап әкем рұқсат еткен бір апта уақыттың қалай өткенін де білмей қалдық. Қайтадан ауыл қайдасың деп жолға шықтық.
Анам мен әкем автобус тұрағынан екеумізді құшағын жая күтіп алды. Олар қаладағы үйдің жағдайын сұрап жатыр. Айдос екеуміз келіскендей, бәрі тамаша деп қысқа жауап қайырдық.
Осылайша соңғы 11 сыныпқа да көштік. Бір-бірімізге аға-інідей болып, бауыр басып қалдық. Күнделікті тірлігіміз де бұрынғыша, сабаққа дайындалу, мал қораны тазалау. Тек ерекшелігі, биыл ҰБТ-ға дайындалып, оқуға түссек деген арманымыз да болды. Айдос науқас жандарға араша болатын дәрігер, мен ауылыма ыңғайлы салаға бет бұрсам деп армандаймыз.
Айдос маған сабаққа дайындалуда көп көмектесті. Сұрақтарыма жауап беріп, бала күнінен санасына сіңген, кітаптардан оқыған-түйген мәліметтерін бөлісуден шаршамайды. Алғырлығы көрініп-ақ тұр.
Күндер зулап өтіп жатты. Мектептің түлегі атанып, осы кезге дейін алған біліміміздің нәтижесін көрсететін уақыт та келіп қалған сияқты.
Зымыраған өмір-ай! Қолымызда бір парақ қатты қағаз. Бұл мектеп бітіру куәлігіміз. Ішіндегі тізбектелген бағаларымыз да мақтанарлықтай. Ал ҰБТ-дан жинаған ұпайымыз тіпті арманымыздың орындалар бастамасы десек те болады. Өткен жылы қалаға қыдыруға келсек, бұл жолы жоғары оқу орнына түссем деген жалындаған үмітпен келдік.
Айдостың үйіне келдік. Тәтейдің қабағы сол бұрынғыша, бір ашылмады. Көкеммен ғана (Айдостың әкесі) әңгімелеседі. Оған біз де мән бермедік. Өйткені жол бойы Айдос «бұл үйден жүйкең тынышталып, көңілің жай таппайды. Әкем сырқаттанып жүр. Тек оның көңілі жайлы, жағдайы дұрыс болсын деймін» деген еді.
Біз үшін де мақсат – санаулы күннен кейін студент атану деген еді. Ол медициналық институтқа, мен ауыл шаруашылығы саласына құжатымызды тапсырдық. Не керек, көкіректе арман сайрап тұр.
Күні-түні дайындығымыздан да болар, сәті болып екеуміз де студент атандық. Қуанышымызда шек болмады. Сол күні түн ұйықтамай тілегімізді тілеп отырған ата-анамды қуантуға асығып келеміз.
Қуанышымыз ұзаққа созылмады. Үйге жақындаған тұста есік алдындағы жедел жәрдем көлігін көріп, қуанышымыз су сепкендей басылды. Әкесінің денсаулығына алаңдаулы жүрген Айдос бір жамандықты сезгендей: «әкем, әкем» деп мені ентелей басып озды. Ойы алдамады, көкемнің жүрек талмасы ұстап, дәрігерлер көмекке келем дегенше көз жұмған екен. Әп-сәтте бұлай болады деп кім ойлаған?! Жайсыз хабарды естіген анам мен әкем келді ауылдан. Бұл қуанышты күніміз біздің отбасымыз үшін қаралы күнге айналды. Төбемізден жай түскендей болды. Көз жасымызға ерік беріп, шырылдап қала бердік. Айдос екеуміз қиялымыз су сепкендей басылды. Көкеммен осылайша қуанышты күнімізде қош айтыстық.
Уақыт өте берді. Студент атандық. Үлкендер айтушы еді: «кей адамдар бұл өмірде өзін танымай өтеді» деп. Рас екен. Бірде Айдостың өгей анасы:
– Айдос, сабағың басталғалы отыр, жатахқанадан ертерек орын дайындасаң, – дейді. Алдымен анасынан, артынан панасынан айырылған Айдосқа бұл өте ауыр тиді.
Айдос дереу маған телефонмен хабарласып келуімді өтінді. Жатахқанаға енді кірген бойым еді, Айдос келіпті. Ол жабырқаулы күйде «жаным әлі де ауырады, анамнан ерте айырылсам да әкемді пана тұтып жүр едім. Әкемнің өлімімен бірге жүрегімнің жартысы үзіліп түскендей. Мен заттарымды жинастырып, бұл үйден біржола кетпекшімін. Маған енді мұнда орын жоқ екенін білдім» деп жылаған күйі мені құшақтай берді. Екеуміз ер жігіт болсақ та құшағымыз ажырамай жылай бердік, жылай бердік...
Жатахқанамыз бөлек болса да, аражігіміз ажырамады. Туған бауырдай болдық. Айдос соңғы курсында үйленетінін айтып, әке-шешем дүркіретіп тойын жасап, елдің батасын алып берді.
Беу-уақыт ай. Оқуымызды тәмамдап, мамандық иегері атандық. Айдос өзінің алғырлығымен дәрігерлік оқуын қызыл дипломға аяқтады. Оқып жүріп-ақ, ұстаздарымен бірге шетелге барып тәжірибеден өтіп, ота жасау жұмысын қолға алып, мықты кардиолог боламын деген мақсатына жетті. Отбасылы, бөпелі болды. Мен ауылға ата-анамның жанына келіп, өз салам бойынша жұмысқа орналастым.
Уақыт зымырап өте берді. Айдос екеуміз телефон арқылы қызықты жәйттерді айтудан жалыққан емеспіз. Бауыр басып кеткеніміз соншалық, сағынысып кездесеміз. Осы жолы үйленемін деген жаңалығыммен қуантуға асығып жеттім. Айдосқа хабарласқанымда жұмыста кезекші екенін айтқан еді. Жұмыс орнына келіп едім, ол әдеттегідей келесі ота жасап, келіп жатқан бойы екен.
Бөлмесіне келді. Бұрынғыша құшақ жая амандастық. Бірақ жасаураған көз жасын сүртіп орындығына отыра кетті. Амандығын білуге асыққан мен:
– Бауырым, не болды? – дей бердім. Сол кезде Айдос:
– Мен үшін бүгін ауыр күн болды. Бүгін Зүлфия тәтей жағдайы ауыр халде жедел жәрдеммен жеткізілді. Науқастың халін білмекші болып барған едім, мені көрген бойда маңдайымнан сүйіп «ба-лааам» деп көз жанары жасқа толды. Алғаш рет естуім. Ішіме небір өкініш толып, қу сүйек жағына маңдайымды тіредім. Амандығын тіледім. Не дегенмен де әкеме қиын сәтте үміт отын жағып, күш берген жан ғой. Бірақ әкем үшін жырақта жүріп өмір сүргенім ешуақытта ұмытылмайтын қайғы, жазылмайтын жара. Өкінішті-ақ…, – деді де,жылаған күйі үстелден шегініңкіреп терезеге ұзақ қарады.

К. ӨТЕПБЕРГЕН
20 желтоқсан 2022 ж. 1 204 0