Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ауданның шамшырағы атанған

Ауданның шамшырағы атанған

Бала күнімізде үлкендер «Жарыққа төлеген ақша адал» деп жиі айтушы еді. Жарық дегені күні бүгінге дейін пайдаланып келе жатқан электр энергиясы екенін есейе келе біліп жатырмыз ғой. Асылында, осы жарықсыз адамзаттың күні жоқтай. Қараңғылықты ақ самаладай жарыққа айналдыратын ерекшелігін былай қойғанда, тіршілікке қажетті құрылғылардың барлығы осы электр энергиясына тәуелді екенін еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін біледі. Айтар ауызға жеңіл көрінгенмен, сол жарықты әрбір шаңыраққа жеткізіп, оны тұрақты беріп отыруда қаншама жанның маңдай тер, табан ет еңбегі жатқанын ендігі жұрт білетін де шығар. Энергетик немесе электрик деген қауымның осы салада еңбек ететіні көптен белгілі. Ал осы сала майталмандарын Аралдан іздер болсақ, алдымен Арапхан Сұлтанов есімі ойға оралатыны тағы бар. Олай болмағанда ше? Заманның қиын уақытында халық тұтынатын электр жарығы үшін талмай еңбек етіп, тіршілігі қайнаған өңірдің сұранысын қанғаттандыруға қам қылған жанның бірі осы Арапхан ағамыз еді.
Анығында, сіз бен біз үздіксіз тұтынып отырған электр жүйесі бірден құрыла қойған жоқ. Сонау 1964 жылға дейінгі есеппен алсақ та ауданға қарайтын ірілі-ұсақты қыстақтар мен елді мекендерге, қала берді осы Аралдағы ірі балық өңдейтін өндіріс ошақтарына тұрақты электр жеткізу оңай шаруа еместігі белгілі. Соған қарамастан бұл салада қызмет ететін еңбекқор қауымның үздіксіз жұмысы жалғасып жатты. Десе де сол кездерде берілген электр көздері ауданның өндірістік және тұрмыстық қажетін өтеуге қауқарсыз еді. Қайнаған қызу тіршілік мұндайда қажеттілікке сай басқа қадамдарға итермелейтіні сөзсіз ғой. Сәйкесінше, сол 1964 жылы қуаты 4000 киловаттық Арал энергопойызы монтаждалып, іске қосылды. Сонымен бірге қуаты 6600 квт амперлік 36/6 киловаттық қосалқы станса құрылысы іске қосылды. Электр қуаты көздерінің молаюына байланысты осы жылдан бастап 13,5 км Арал-Аралсульфат электр желісі, 10,8 км қалаішілік желілер тартылып, бірнеше төмендеткіш қосалқы стансалар пайдалануға берілді. Осындай жаңа, игілікті істердің нәтижесінде аудан аумағын толық электрлендірудің басы сол 1964 жылдан бастау алған-ды. Әрине мұндай маңызды жұмыстардың басы-қасында жоғарыда есімі аталған Арапхан ағамыздың жүргені және ол кісінің бұл жұмыстарда еңбегі өлшеусіз екені айтпаса да түсінікті болар. Енді сол кейіпкеріміздің есім-сойы мен өмірлік ұстанымы, қызметтің кестелі жолы жайында сөз сабақтасақ.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Біліктілігімен белдеу асқан, іскерлігімен үлгі болған бүгінгі кейіпкеріміздің балалық шағы теңіз жағалауындағы Құланды ауылдық кеңесінде бастау алған. Нақ 1947 жылы жарық дүние есігін ашқан шақалақтың өмір шатқалдарымен өрлей жүріп, өзі өмір сүрген өлкенің жарыққа кенелуіне себепші болатынын ол кезде ешікім білмеген-ді. Ер елінен ұзап қайда барсын. Балалық дәурен артта қалған соң әке кәсібінен дәм татқан Арапхан Сұлтанов еңбек жолын «Аралбалық» өндірістік бірлестігінде жұмысшы болып еңбек қолын бастаған. Мұнан соң арман қуған жас Сұлтанов 1965 жылы Қазақ политехникалық институтына оқуға түсіп, 1971 жылы оны инженер-электрик мамандығы бойынша бітіріп шықты. Өмір ағыны бір орында тұрмайтынын ескерсек, кешегі жұмысшының бүгінгі бейнесі сіз бен біз ойлағаннан бөлек болатынын өмірдің өзі дәлелдеді емес пе?! Қарапайыс жұмысшының мамандық алған маманға айналуы ол кездерде белгілі бір өмір белесі болатын. Кейіпкеріміз бұл белесті бағындырды. Ер азаматқа артылар абыройлы міндетті әскер сапында жүріп атқарған соң, 1972 жылы аудандық электр жүйесі мекемесіне элетромонтер болып жұмысқа орналасты. Міне, содан бері қиын заманның бар ауыртпалығы мен өмірдің бейнетке толы түрлі өзгерістерін бастан өткерді. Сыналды, шыңдалды. Беліне шынжыр, аяғына темір доға іліп, бағана бойымен биікке де өрмеледі. Сәтсіздіктерден сабақ алды, басты бұл салада қателік кешірілмейтінін ұғынды. Солай басталған сым бойындағы серпінді қызмет жеті жыл қатарынан қосалқы стансаларда жөндеу жөніндегі инженерлік міндеттермен ұштасты. 1981 жылдан былай аудандық электр жүйесі мекемесін басқарды. Бұл кездерде атқарылған жұмыстың ауырлығы атан түйе жүк боларлық. Ауқымды жұмыстың ауаны жаңа тұрпаттағы өндірістік жөндеу базасын жасақтаумен жалғасты. Бұл бір белес еді. Ендігі кезек шағыл құмдарды шиырлай өтіп, белдеулерден асып өтетін Қосаман, Атанши, Жіңішкеқұм, Бірлестік, Ақеспе ауылдарын орталық электр жүйесіне қосу. Арманы асқақ Арапхан ағамыз бастаған жұмысшы жасақтың қолынан бұл жұмыстар да келді. Қолынан іс келетін азаматтың шалғайда қалған туған жері де бұл нәтижелі жұмыстан шет қалмады. Бастысы, тіршілік нәріне айналған алып өндіріс ошақтарының оты өшпеді. Қуат көзінен күш алған олардың күретамыры күн құрғатпай соғып тұрды. Мұндай қалыпты жұмыс ырғағының артында Арапхан ағамыз бастаған ұйымшыл ұжым, іскер әріптестер тұрды.
Саланың өсу жолын сым бойымен салыстырса жүздеген тірек бағаналар мен мыңдаған шақырымдарға созылған желілерді қуалай жөнелер едік. Өйткені бодандықтағы бейнет пен бостандықтағы бақыттың арасы жер мен көктей. Сол Тәуелсіздік алған ауыспалы кезеңдерде тоқырау станогі тінін тарқатқан салалар тізімінде осы электр станциялары мен орталықтары да бар еді. Қадымын ендік басқан саланың қалжыраған халі сол тұстарда Арапхан ағамызға мәлім еді. Бір ғана Жіңішкеқұмға тартылған желілік кернеулердің қараусыз қалып, көрінгеннің жемтігіне айналуы да ондағы ағайынға ауыр сынақ болды. Сол сынақтың салқынын елмен бірге тартқан А.Сұлтанов ағамыз жарықсыз қалған ауылдың жабырқау көңілін табуда табандылық танытты. Ішкі резервтің қоры сол үзіктерді жалғауға жұмсалды. Жаңақұрылыстағы су шайған, белі кетіп билеген бөренелерді аннан-мұннан құрап, 25 шақырымдық желіні қайта қалпына келтірді. Бұл кезеңдердегі Арапхан ағамыз бастаған батыл қадамдар мен бел жазбаған бейнетті кезеңдердің боямасыз бейнесі жаңақұрылыстық ағайынға мәлім болды. Желідей созылған жылдар жігі осылайша жақсылы-жаманды 30 жыл басшылық қызметпен ұштасты.
Ортақ жұмыста абыройын алға салып, жұмсақ креслоның жанын шықпай қалатын бұйрықшыл адам Арапхан емес еді. Қазіргі басшыларда тапсырманы туралап, атқарушылық міндетті үйіп-төкпей, арасында ортақ межеге айналған ауқымды жұмысты бірлесе атқаруға ықыласты еді. Сол көпшілдігі мен кеңпейілдігінен болар, кейіпкеріміз құрмет төріне жақын болды. Үш шақырылым бойы қалалық кеңестің, сонша мерзім аудандық мәслихат депутаттығына сайланып, ел сенім артқан мандатты халқы үшін пайдаланды. 1991 жылы кәсіподақтар сыйлығының лауреаты атанды. Ал 2007 жылы республикалық энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сол жылдың еншісіндегі ең жоғарғы атақ Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген энергетик атануы еді. Бұдан кейінгі жетістік тізбегі ұжыммен бірге ұштасып жатты. Сұлтанов басқарған сала саңлақтары облыстық кәсіби конкурстарда тоғыз жыл қатарынан жеңіс тұғырынан көрінді.
Биыл 75 жастың желкенін керген қарт кейіпкеріміз мұндай жетістікке өзім жеттім деуден әсте аулақ. Өйткені оның отбасындағы өнеге байрағының биікке желбіреуіне жұбайы Күлпаршын мен балалары бірден-бір себепші. Еңбек майданында шыңдалған әулеттің алып шынары Арапхан ағамыздың аяулы жары ауданға белгілі балалар дәрігері болды. Ата-ананың өнеге боларлық өмір жолынан көп олжа түйген балалары да бүгінде бір-бір саланың шылбырын ұстаған кәнігі мамандар. Берекесі мен мерекесі артқан мерейлі шаңырақтың мәңгілік музарты жайлы біз түйген ақиқат осы.

А. ҚАРАСАЙ


27 желтоқсан 2022 ж. 879 0