Әкелік атқа лайық болсақ

Иә, бұл көріністерді жастайынан санасына сіңіріп өскен баланың ойында қандай түсінік қалыптасар екен?! Өз дегенін орындатып, орындалмаса жерге от қоюға бар бала әке-шешенің «қол қысқа», «ақша болмай тұр» деген сөздеріне түсіністікпен қарай алар ма екен. Бұл ретте жасы алпысты алқымдаса да бала үшін бәйек болып, шапқылаумен өмірін өткізіп жатқан әкенің бейнесін «балаға құл, әйелге қолғанат» деп елестетуден өзге теңеу қалмаған тәрізді. Тіпті, әкеге қалай сөйлеу керектігін білмейтін есерлер де бар емес пе арамызда. Осының баршасы ата-ана мен әсіресе әке мен баланың арасындағы қарым-қатынастың дұрыс қалыптаспағандығын айқындаса керек.
«Әке – асқар тау», «әке – отбасының тірегі» деген ұғымдарды жас бала санасына сіңіріп өссе, ер жеткенде де әкенің орнын біліп, одан қаймығып тұрар еді. Осы бір тәрбиенің қалануына тікелей қатысты аналар қауымы баласының болмашы бір өтінішіне бола әкесін жұмсамаса, әке мерейі үстем болар еді. Мәселен, үй жағдайында, балаға сұрағанын алып беру, киіндіру, тамақтандыру, жыласа жұбатып, асты-үстіне түсу сынды әдеттерден ер азамат мейлінше аулақ болса. Сонымен бірге, өсе келе баланың тілегін орындауда анасы «әкеңнен сұра», «әкеңе айт», «әкеңе айтам» сынды сөздерді айтып өсірсе орынды болмас па еді?! Бұл тәрбиелік мәнге ие отбасылық ұстанымдар әрбір әулетте үстемдік құрса, қанекей.
Сөз соңында айтпағымыз, әке баланың дегеніне жүгірмей, керісінше, әкесі баласын жастайынан өз дегеніне жүгіртіп үйретуі керек. Яғни, бала әкеге қолғанат болуы керек.
Бірде Жиренше шешенге бір ауылдасы:
– Жиренше, қолғанатың ретінде кімді айтар едің? –дегенде:
– Анау тұрған үш жасар балам,–депті.
– Бұл бала қалай қолғанатың болмақ?– десе:
Жиренше қолындағы қамшыны жерге тастай салып:
– Балам, қамшымды алып бере қойшы, – дегенде, әлгі кішкене баласы жерде жатқан қамшыны әкесінің қолына қарай жеткізіпті. Жиренше"міне, менің қолғанатым", – деп жүре беріпті.
Бізде баланы жастайынан жұмсауымызға үйретсек, өзі әлі келетін жұмыстарға өзін жібере білуді үйретсек болмас па еді?! Бастысы, балаға құл, әйелге қолғанат болмасақ болғаны.
А. БИСЕНОВ