Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Сатқындық

Көркем түні бойы көз ілмей шықты. Түн төсегінде қанша ұйықтайын десе де кірпігі бір айқаспай қойды. Сосын ойына әрдеңелер түсіп, тағы да ұйқысы шайдай ашылып кетті. Өз ойларымен алысып жатып бір қуанды, бір мұңайды. Сөйтіп жатыр таңның да қалай атқанын білмей қалды. Бұлай таңды осыдан 25 жыл бұрын өз ұясынан ұшып ұзатыларда қобалжып көзбен атырған еді. Ал тап бұл күні өзегін өртеген өкініш оты оның көздеріне шырпыдай қадалып алып жұмуға мүмкіндік бермеді.
Сағат таңғы алтыны көрсетеді. Жұмысқа әлі ерте. Дегенмен төсекте езіліп жатқанша тіршілікке енейін деген Көркем құр сүлдерін сүйреткен аруақтай орыннан тұрып ас үйге беттеді. Тоңазытқыш есігіндегі бақытты шақтың естелігіндей қалған суретте тағы да өмірінің көркем кездерін ойға оралтып, жанарына жас болып тығылды.
Көркем мен Бағлан студент кезде танысты. Ол кезде Көркем музыкалық училищенің 2 курсында, ал Бағлан соңғы курсында оқып жатқан. Бір жатақханада тұрды. Бір-біріне деген жүрек түкпірінде қылт еткен нәзік сезім оларды ажырамастай етіп, бір адамға айналдырды. Ақыры олар отау құрды. Көркем қараторы келген, көздері кішкене дөңгеленген, жұқа еріні кішкене жүзінен жарасым тапқан талдырмаш қыз болатын. Мінезі көп сөзге жоқ. Ал Бағлан оны ылғи күлдіріп жүретін сөзшең, әзілқой еді. Көркемнің әкесі кезінде ауылдық кеңес төрағасы болды. Анасы мектепте мұғалім. Өзінен үлкен ағалары қалада тәуір қызметте еді. Қырда малы мыңғырған. Есік алды бау-бақша, дәулетті тұрмыс кешіп жатқан жандар еді.
Бағланның тұрмысы ондай түзу болған жоқ. Әкесі 7 жасында қайтыс болған соң жалғыз анасы 4 баланы жеткіземін деп қара жұмысқа жегілген. Күнделікті тапқанын тамақ қылып отырған. Бағлан үйленгенде қалың мал тауып беретін халі де болған жоқ. Ағайыны азды-көпті көмек көрсетіп, бұлардың беташар тойын өткізді. Бағлан үйдің үлкені. Ол кезде ауылда жұмыс жоқ. Содан бұлар қалаға келіп, пәтер жалдап тұра бастады. Бұл шақтарда ерке өскен Көркем бірнеше жасқа есейіп кеткендей еді. Тұрмыстағы жүдеулікке көндікті.
– Көркем, әзірге осы бір бөлмелі пәтерді жалға алып тұрайық. Кейін жағдайға қарай жақсысын табармыз, – деді Бағлан бағасы арзан, азып-тозған пәтерге таңдау жасап тұрып.
– Мейлі, әктеп жуып, тазалап аламын ғой.
– Ақылдым сол! Бір-екі таныс балаларға хабарласып жұмыс қарастырып жатырмын. Сәл шыдасаң, бәрі жақсы болады, – деді Бағлан қысыла сөйлеп.
– Жарайды, мен де сабақтан соң қосымша жұмыс жасайтын шығармын деп отырмын. Не дегенмен бір саған салмақ салғаным жарамас.
Бұлар өздерінше тырбынып тіршілік етпесе, ешкімнен көмек болмасын түсінді. Көркемнің туыстары қуана жас отауға қолдау көрсетер еді. Бірақ оны Бағлан ар санады. Ердің намысын жыққысы келмей, Көркем де төркіні ұсынған көмектен бас тартты.
Бағлан қаладағы өнер мектебіне жұмысқа орналасты. Қосымша тойларда ән салады. Ал Көркем сабағынан босағанда байдың балаларын бағып, кешке үйден түрлі жіптермен қалпақ, кеудеше тоқып сатып, күн көре бастады. Бұлар бір өздерін ғана емес, ауылдағы аналары мен үш бауырының да қамын ойлады. Оларға да ақша, азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттарды апта сайын Көркем автобустан салып жіберіп отыратын.
Араға екі жыл салып барып тұңғыштары өмірге келді. Бұл кезде тұрмыстары түзеліп қалған. Бірақ ойлап қараса, Көркем үйленгелі үстіне бір жөнді киім алмапты. Сол баяғы қыз күнінде алған тозығы жеткен ескі пальтосы, өкшесі мүжіліп бір жағына қисайыңқыраған етік. Баламен үйдемін ғой, маған кім қарап жатыр деген оймен өзіне бір тиын да қимапты. Балалы болған соң тіпті. Бар тапқанды бала мен Бағланға жапсырып, өзін ұмытты.
– Қызым ау, мына күртеңді әлі киіп жүрсің бе? Мұны саған 1-курсында алып беріп едім ғой, – деді бірде қалаға келіп, жолай қонақ болған анасы.
– Иә, мама, өзіме қатты ұнайды. Жақсы ғой.
– Жақсы, жақсы, бірақ тозып дымы қалмапты. Иығы салбырап, ілгегі үзілуге шақ тұр. Жаңасын алсаң болар еді.
– Апа, қазір бізде киім ойлайтын шама жоқ. Үй алуға ақша жинап жатырмыз.
– Жаңа көрдім, Бағлан өзі шырттай болып киініп алыпты. Тіпті қалта телефон да алып алған ба?
– Енді ол ел халықтың алдында жүреді. Адам көркі шүберек демей ме? Сосын телефон жұмыстағы адамға керек екен.
– Ой, байғұс қызым-ай! Кезінде қандай едің, а? Елдің алды болып, ең бірінші сәнге шыққан киімді саған алып беретін едім. Жарқырып жүруші едің. Енді отырысың мынау, нәскиді де жамап киіп. Ана күйеуіңді байқа. Өзі ойын-сауыққа жақын жүреді... Өзі сәнденіп жүреді.
– Туу, апа, не айтып кеттіңіз? Бағлан ондай емес. Ол маған адал.
Иә, солай ойлаған. Ол ойына күмәнсіз сенді де. Олардың жұбайлық өмірінің 20 жылы артта қалды. Осы жылдар ішінде Көркем Бағланмен жоқшылық жүгін көтерісіп, өмірге 3 баласын әкелді. Тәтті тамақ ішпесе де, әдемі көйлек кимесе де, одан мерекеде бағалы сыйлық алмаса да өміріне өкініш айтып көрмепті. Бірінші орында Бағлан, балалар, сосын өзін қойған.Үй шаруасы, балалар деп жүріп өзін ұмытты. Соңғы кездері Бағлан тіпті өзгерді. Үйге қонбай қалатынды шығарды. "Досымдікіне қона салдым тым кеш болып кеткен соң" деген сылтауына Көркем сенді. Кейін тапқан табысын әкелуді қойды. "Айлық азайып кетті. Жұмыста қысқарту жүріп жатыр. Тойдан аз түсіп жүр" деді. Оған да көнді. Бірде ұялы телефоны безек қағып қоймаған соң қолына алған. Шалынған қоңырау тоқтады. Артынша хабарлама келді. «Жаным, неге алмай жатырсың. Әлде қасыңда анау бар ма? сағынып кеттім. Бүгін біздікіне келсеңші» Көркемде ес жоқ. Көзі қарауытып, жүрегі аузынан шығып кетердей қатты соғады. Өңешіне тығылған тас түйін қазір оны тұншықтырып тастайтындай. Сол күні үйде шу шықты Бағлан өзінің сүйіктісі барын мойындады. Көркемге көңілі суыған екен. Енді сонымен тұрғысы келеді. Ал балалар ше? "Оларға қарайласып тұрамын" деді. Көркем үшін бұл кезеңдер өте қиын уақыт болды. Енді бой түзеп келе жатқан балаларға не айтып түсіндірсін?! «Әкелерің сырт қалада жұмыста» деп сылтау айтты. Екі бөлек тұрса да заңды некені бұзбады. Бағлан анда-санда келіп, балаларын көріп кетіп тұрады. Ал Көркемнің оған деген өкпе, реніші жүрегінде тас-түйін болып түйілді. Балалар да есейді. Есейген соң олар да түсінді. Өмірдің қиын кезеңінде қолдау көрсетіп, баршылық пен бақытқа жетуде талай жоқшылыққа көнген анасын тастап, жас әйелмен өмір сүруді жөн деп тапқан әкеге олар да өкпелі еді.
«Қандай болса да олар сендердің әкелерің. Бұны өзгерте алмайсыңдар. Ол менен кеткенмен, сендерден кеткен жоқ. Сондықтан әкелеріңді осылай қабылдайсыңдар. Ол оның таңдауы. Құрметпен қараңдар. Әркім өз өмірін таңдауға құқылы» деп балаларына әкелерін әке ретінде жақсы көру керектігін түсіндірді.
Бағлан кеткелі ол өзгеге көз салмақ тұрмақ, еркек атаулыға жиіркенішпен қарайтын болды. Өзінің қадірсіз болғандығына өзін ғана кінәлады. Өз-өзін қолға алды. Жақсы жұмысқа орналасты. Тәуір дауысы бар, домбырада шебер ойнайтын өнерлі болса да, бір кездеі ол талантын тек балаларын тыныштандыру немесе ұйықтату үшін қолданып жүрген үй шаруасындағы әйел су түбінде жатқан маржан тастай жарқырап қайта шықты.
Таңғы шәйін ішіп, жұмысқа қамданған Көркемнің телефонына тық етіп хабарлама келді. «Кешірші мені. Бәрінің бұлай болғаны сенің көз жасыңа қалғанымның салдары деп ойлаймын. Бүгін тағы ауруханадамын. Артымнан іздеп келер адам жоқ. Балалар бір келіп кетсінші» деп жазыпты Бағлан.
Соңғы кездері Бағланның жүрегі сыр беріп, ауруханаға жиі түсетін болған. Жас әйелі «табысы жоқ, ауру еркек керек емес» деп, үйінен қуып шығыпты. Қазір бауырларының үйін алма-кезек паналап мүсәпір халде жүр.
Мұның бәрінен хабардар Көркем оған қайта құшақ ашсам ба, әлде жоқ па деп ауыр оймен жүргені де сол еді...
Н. МАРАТҚЫЗЫ
31 қаңтар 2023 ж. 751 0