Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ана қадірін кеш білген...

Ана қадірін кеш білген...

Толғанай терезеден сыртқа көз тастап ұзақ тұрды. Сосын көзден аққан ыстық тамшылар бетін жуып, терезе жиегіндегі жақтауға тырс-тырс тамып жатты. Оның көңілін босатқан сырттағы көрініс еді. Көптен бері бүгін қыстың алғашқы қары қалың жауды. Көпқабатты үйдің ауласында сырғанақ тебуге шыққан бала көп екен. Бәрі асыр салып ойнап, айналаны қызыққа бөлеп жатыр. Мұнда жасы үлкен де, кіші де бала көп. Кейбір ата-аналар да жүр. Балалар өздерінше сырғанақ теуіп, аққала жасап, қармен атысып, бірін-бірі қуалап, қызыққа тоймай жатыр. Әлгі тентектердің бірі жасы бестің шамасындағы қыз балаға соқтығып кетті. Байғұс қыз жерге сұлап түсті. Бір сәтте анасы жеңіл көйлекшең аулаға ытқып шығып, қызын құшақтай алып, өне бойын жарақат алған жоқпа деп тінткілеп жатыр.
Бұл көрініс Толғанайға анасын есіне түсіртті. Иә, оның да анасы қызы үшін ылғи жанұшырып тұратын. Жаутаңдаған жанары бауыр еті баласын құшақтап, маңдайынан сүйгісі келіп, қызының өзіне жақын болғанын қалады. Бірақ Толғанай анасына жақын болған жоқ. «Мен сенің қызың емеспін» деп жанына жуытпай қоюшы еді.
Толғанай Құндыздың жалғыз ұлынан туған тұңғыш немересі. Әкесі Амантай мен анасы Жібек отбасын құрған соң, көпке дейін перзент сүйе алмай жүрді. Құндыз мінезі шайпау, адуынды кемпір еді. Ал Жібек атына заты сай десе дегендей жібек мінезді. Бала көтере алмай жүргендігіне өзін кінәлі сезініп, енесі не айтса да үнсіз көнді. Бірде тіпті баласына "бедеу қатынды қайтар" дегенін де естіп қалды.
– Әй, қаншама жыл болды. Әлі бала жоқ. Сендерден кейін үйленгендердің 2-3 баласы бар. Бұл қатын туа алмайтын болса қайтесің ұстап, барсын әрі! Басқа қатын табылады саған. Өзі бір шыдамды бәле екен. Қанша жерден алып, жерге салып ұрысып жатсам да бір қыңқ демейді, ей.
– Апа, енді сізбен ұрысуы керек пе? Өзіме адал жар болса енді бала таппады деп үйден қуып жіберуім керек емес шығар. Болмаса болар. Шын болмай жатса асырап аламыз да!
– Тәйт әрі. Не деп отыр. Маған біреудің тастап кеткен, ата-тегі белгісіз жетімі керек емес. Өз қаным керек! Қаншама қаржыны сарп етіп емделіп жатсыңдар. Нәтиже жоқ. Бұл тумайтын қатын болып тұр ғой. Ай,ақымақ балам-ай! Айттым ғой саған ана Сәрсенбайдың қызына үйлен, жақсы қыз деп. Жоқ, ойбай, күйем, сүйем деп болмадың. Енді отырысың мынау.
Бұл сөздердің бәрін Жібек естіп тұрса да дым дей алмаған. Құдай сәтін салып аяғы ауыр болды. Осылай бұл шаңырақтың көптен күткен қуанышы болып Толғанай өмірге келді. Құндыз әженің жүрегі өзінде жоқ. Қуаныштан бүкіл ауылға дүркіретіп той жасады. Жібек те көптен күткен бөбегіне бар мейірімін төгіп, ет жүрегі езіле берді.
– Келін, баланы бүгін тұзбен жақсылап жуындырып алайық. Баланың денесінің тұзға піскені жақсы. Ертең шыққан жара тез жазылатын болады. Сосын жақсылап майлап, бесікке бөле. Бесікте жылы жатады.
– Жақсы, апа.
– Ааа, айтпақшы, баланы менің қасыма жатқыз. Сен тағы түнде ұйықтап қалып, баланы тұншықтырып өлтіріп аларсың, – деді.
Жібек не айтарын білмей қызын өз бауырында қалдырғысы келіп, бірақ ол жүрек қалауын енесіне айта алмай, іштей алабөтен күйде жүр. Кешке енесінің тапсырмасын орындап, баланы жуындырып, майлап, бесікке бөледі.
– Бірақ апа, Толғанай түнде емеді ғой.
– Ештеңе жоқ. Қарны ашып жылап жатса, бөлмеңнің есігін қағамын. Келіп емізіп кетесің.
Жібекте үн жоқ. Осылай ол Толғанайды 3 күн перзентханада ғана бауырына қысып ұйықтаған. Жылдар жылыстай берді. Толғанайдан кейін де ұл-қыздары өмірге келді. Бірақ тұңғыш баланың орны бөлек ғой. Жібек үшін де Толғанай өзгелерге ұқсамайтын бөлек еді. Әжесіне еркелеп өскен Толғанай Жібекті анам деп мойындамайтын. Бәрін енесі үйретіп қойған. «Әжем аһ дегенде аузынан түстім. Мен әжемнің баласымын» деп Жібекті атымен айтады. Жібек не айтса да, не істесе де Толғанай кірпідей жиырылып алып, оған зекіре сөйлеуші еді. Өйткені оның артында «Әже» деген алып адам тұрды.
– Менің қызымда шаруаларың болмасын. Өз балдарыңа қараңдар. Бұл менің қызым, – дейді әжесі.
Жібек қызым өскен соң түсінер кімнің кім екенін деп үміттенген. Олай болмады. Толғанай сол күйі анасы мен екі ортаға орнатып алған қамалды бұзбады. Өмір кімге мәңгі тұрақ болған. Кәрілік жеңген әже де бақи өмірге аттанды. Бұл қайғы Толғанайға ауыр тиді. Есейіп қалса да әжесін іздеп жылайтын. Әжесінің көрпе-төсегін салып алып, сол жататын пештің қуысына жатып алатын жалғыз өзі. Жанына ешкімді жуытпады. Әжесіне еркелеп өсіп келе жатқан Толғанай енді оның жоқтығына көндіксе де, өз анасын қабылдай алмады.
– Қызым, енді сен...
– Қызым деме маған, Жібек. Мен сенің қызың емеспін. Әжемнің қызымын. Әжем өлсе де бұл өзгермейді.
Осылай анасын тыйып тастап отыратын. Тек әкесінен ғана қаймығады. Оны «көке» деп атады.
Қазіргі сәт. Жанын уайым жүдеткен. Солбір шақты қайта оралта алсам, анамды ешқашан ренжітпей, күн сайын «апа» деп мойнына асылып, оған балалық жылуымды берер едім дейді. Бірақ бұл мүмкін емес. Осыдан 3 жыл бұрын...
– Толғанай-жан, соңғы кезде денсаулығым сыр беріп жүр. Ауылға келіп кетсеңші, – деген апасы қоңырау шалып.
– Мен барғанда жазылып кетпейтін шығарсың. Жұмыстан қол босамайды. Сәті түскенде барамын, – деп қоя салған.
Байғұс ана тап сол кездесудің болмасын білгендей-ақ. Тұла бойы тұңғышына бірдеңе айтқысы келді ме, қайдам? Көп өтпей-ақ Жібек сол айналдырған дерттен қайтыс болды. Мұны естігенде Толғанай не деп жыларын білмеді. Тым кеш. Тірлігінде тұңғышының «ана» деген бір ауыз сөзін ести алмай, баласынан перзенттік махаббатты аңсаған ана жанын Толғанай өзі ана атанғанда түсінді.
Жан дүниесі бос қалғандай. Көңілі жарым. Өзегін кернеген өкініш ешқашан жазылмайтындай. «Апыр-ау ананың балаға деген махаббаты осынша құдіретті болады екен ғой. Қайран, анам, сен де мені бар мейіріммен жақсы көрдің. Аяладың. Бірақ мен саған суық болдым. Әттең-ай! Тоғыз ай құрсағыңда көтеріп, омырауыңмен қоректендіріп, өмір бойы менің тілегімді тілеген аналық жүрегіңе жақсылықпен үн қата алмағаным-ай. Жоқ, мен оны жек көрмедім. Іштей жақсы көрдім. Бірақ оны білдірмедім», – дейді күрсініп.
Өмірге бәріміз қонақпыз. Бүгін бар адам ертең жоқ. Сондықтан қысқа фәни дүниеде жақын жандарға мейірімді болайықшы. Әсіресе анаңызды қуантып, оған жақсы көретініңізді айтудан жасқанбаңыз. Өйткені ол өмір сыйлаушы құдірет. Бар жақсыға да лайық жан ғой.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
07 ақпан 2023 ж. 529 0