Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Тәтті мұң

Сіңлісінің тұрмысқа шығатынын естігенде Айбала үнсіз қалды, іштен тынды. Көптен қаладағы екі бөлмелі үйде тұратын апалы-сіңлілі екі қыз да жұмыс істейді. Айдана үйдің кенжесі, пединститут бітірген. Мектептердің бірінде сабақ береді. Айбала болса отбасының тұңғышы, көптен бері осындағы зерттеу институтында бір бөлімді басқарады, ғылым кандидаты атағы бар. Жанұядағы төрт баланың екеуі, тете өскен Асқар мен Асхат үйлі-жайлы, ауылда тұрады. Өткен жылы әкесі Асқарды бөлек шығарған, өздері кіші баласы Асхаттыңқолында қалды.
Айбала Байғабыл мен Айсұлудың үлкені, қызмет істеп, мансап қуып жүріп тұрмысқа шықпай қалған. Қазір қырықтан асып қалғанда үй болу жайын ойланбайтын сыңайлы. Кезінде бір емес, бірнеше жігіт көңілдерін білдірген, бәріне де келіспеді, ешқайсысымен жұп болмады, ақыры ешкімді көзге ілмегендігінен сопиып жалғыз қалды. Одан кейінгі тіршілік өз ағынымен жылжи берген, бүгінгі күні жанұялы болу дегенді ұмытабастағандай.
Сіңлісіне келіп жүрген жігітті сыртынан көрген, ат жақты, сұңғақ бойлы, қайратты қалың бұйра қара шашы тараққа көнбейтін болса керек, желкесіне қарай төгіліп тұрады. Жақын таныспастан бұрын-ақ сол жігіттің болмысынан адамгершіліктің иісін сезгендей болды.
Кенже қызын үйдегілер жаз ортасында ұзатпаққа дайындалды. Әке-шешесі баланың ата-анасымен жолығып, құда-құдағайлар сөз байласыпты. Мұндай оңаша кездесуде қыздың ұзатылуы, үлкен тойдың өткізілуі, Айдананың қолдан кетуі, қалың мал мен жаңа құдалардың алыс-берісі – бәрі келісілген болса керек. Айбала бұл жайлардың баршасын анасымен телефон арқылы сөйлесіп біліп отырды.
Ұзамай сіңлісі қалаулысын апасымен таныстырмаққа ерітіп келді. Күйеубала Айданамен бір мектепте істейді екен, дене шынықтырудан сабақ береді. Өзі спортшы, бокстан бірнеше дүркін облыс, республика көлемінде жарыстарға қатысқан, жүлделермен оралған. Қанаттың бойынан өзі танитын әлдекімге ұқсастық табылып тұрды. Тіпті кей қимыл, сөз саптасынан сол адамнан айырмашылық байқалмады. Тарамыс денесі мен бұлшық еті бұлтылдап тұрған қолдары күйеубаланың жұдырықтасуға бейімділігін паш етіп тұрғандай. Айдананың жігітін таныстыруға алып келетінін білетін апасы қызметінен ертелеу сұранып кеткен, жас қонаққа Айбала дастарханын жайнатып, шайын қайнатып, біраз әбігерге түсе дайындалды.
Айдана Қанат екеуі тәтті тортпен бір букет гүл әкеліпті. Алғашқы жүздесуде жігіттің қысылыңқырап отырғаны байқалды. Дастархан басында, шай үстінде үлкен қыз сіңлісінің кей бала кезіндегі қылықтарын айтып күлісіп алды. Кішкентайында Айдана айтқанынан қайтпайтын, дегені болмаса қолындағыны лақтырып жіберіп, азан-қазан болып жылайтын. Бастауышта оқып жүргенде ең алғаш «үш» алып қалып ебіл-дебіл болып жылағаны бар. Ағаларының дәптерлерін қолы жетсе шимайлап тастайтын. Қанаттың отбасы туралы да сұрастырылды. Үйдің кенжесі екен, ағасы мен апасы бар, екеуі де үйлі-баранды, қазір әке-шешесі ағасымен бірге тұрады. Әкесі жеке кәсіппен айналысады, анасы үй шаруасында немерелеріне қарайды. Өздері бұлардың әке-шешесімен қатар және заман ыңғайын ерте түсініп, жұмыс көзін тауып, соған бейімделген жандар көрінеді. Қолдарында келін бар. Бұлар үй болса, қалада тұрады. Жас жігіттің ойланып сөйлейтін салмақтылығы Айбалаға ұнап қалды, сіңлісінің жар таңдауда қателеспегеніне қуанды.
Шайдан кейін Қанатқа үйдегі альбомдарды берген, апалы-сіңлілер тамақ қамына кірісті. Ауылдан келген жылқы етінің иісі мұрынды жарып барады, Қанат оның дәмінен бұрын иісіне тойғандай болып отыр.Альбомдарды қарап отырған Қанат:
– Мақсат аға сіздің қандай танысыңыз? – деп, бір кездегі Мақсатпен түскен суретін көрсетті.
– Жас кезімізде араласқан достарымыз...
– Мақсат аға әкемнің немере інісі, менің ағам, біздің ауылда тұрады.
– Солай ма?..
Болашақ күйеубаланың бойынан әлдебіреуге ұқсастық байқаған еді, сол Мақсат болып шықты. Ол бір кездегі Айбаланың соңынан қалмай жүрегін алып жүгірген, сезімін білдірген жандардың бірі болатын.Былайша айтқанда, мұның баянсыз махаббаты-тұғын. Онымен көптен хабарласпаған, соны байқағандай Қанат:
– Мақсат ағаныңүйі бізге жақын тұрады, үлкен мекемеде есепші болып жұмыс істейді. Бір ұл, үш қызы бар, – деді.
Айбаланың кеудесін әлдене шаншып өтті. Мақсатты өзі танымайтын әлдебір әйелден қызғанғандай ма, оның бақытын көре алмағандай ма, кәрі қыз атанып бәрінен құр қалған халіне күйінгендей ме, беймәлім күйді басынан кешті. «Құдайым-ау, мұндайым жоқ еді ғой, маған не болды?» деп, ішінен өзіне басу айтқандай болды.
Сіңлісі мен Қанат тамақтанып болғасын қайтуға жиналды. Айдананы құрбысының үйіне апарып тастап, өз үйіне баратын жігіт түн қараңғысына қалғысы келмеді.
Олар кеткесін Айбаланың дастархан жинауға, ыдыс-аяқтарды жууға зауқы соқпады. Тұла бойын енжарлық басып, тас бүркеніп жатып қалды. Талай жылдан бері жалғыздыққа үйренген. Шешесі: «Қалқам, жалғыздық Құдайға жарасқан, біреумен басыңды қос» деп жиі айтатын. Соңғы кездері ешнәрсе айтпайтын болды, сірә, мұның енді тұрмысқа шықпайтынын түсінген сияқты. Өз қатарларының балалары мектеп бітіріп жатыр, бұл болса...
Қанат Мақсат жайлы айтқанда кеудесі бекер шаншымаған. Жауырыны қақпақтай, сымбатты, ойлы жанарымен сынай қарап, әлдене айтатындай болып тұратын жігіт сонау кездері Айбалаға өлердей ғашық болған. Оқу бітіргелі жүрген өзі сұлу, өзі білімді ару Мақсатты сарсаңға салған. Арғы жағы ұнатып тұрса да әлдебір түсініксіз нәрселер екеуінің арасында бөгет болып тұрады. Бұл қыз жүрегіндегі махаббат ұшқынының әлсіздігі ме немесе мінезінің сәл тұйықтығынан ба әлде тіршіліктегі әр алуан істерді бітіріп алсам дегендіктен бе,әйтеуір, Мақсатпен қол ұстасатын отбасылық өмірге асықпады. Бір жылдан аса Айбаланың соңынан жүгірген Мақсаттың шыдамы таусылған болар, басқа қызға үйленіп кетті. Мұны естігенде Айбала оңаша отырып ағыл-тегіл жылаған, өзінің үлкен қателік жібергеніне бармағын тістеген, бірақ бәрі кеш еді. Мақсаттың қайтып оралмасы анық болатын.
«Ех, Мақсат, Мақсат!» деп күбірледі Айбала жылы жамылғысын кеудесінен төменірек ысырыңқырап жіберіп, ұйқысы шайдай ашылып кетті. Көз алдына өткен өмір елестері көлбеңдеді.
Мақсатпен институттың үшінші курсында танысты. Бұл кезде ауыл қызы қалаға үйреніп, алғашқы жылғыдай емесқұрбыларының туған күндеріне,сауық кештеріне баруды жиілеткен.Бірінші курста мақсаты тек оқу болды, ата-анасының атына сөз келтірмеуге тырысып кітапханадан шықпаған еді. Енді мына өмірге еті үйренген Айбаланың көзқарасы да өзгере бастаған.
Бірде жатақханада бір бөлмеде жататын Маржан жерлестерінің бас қосу кешін өткізгелі жатқанын айтты. Бұған:
– Менімен бірге жүрсеңші, - деген.
– Кіммін деп барамын, жерлестеріңді танымаймын.
– Қойшы, танымасаң танысасың. Менің қасымда боласың, өзіңнен басқа ешкімге айтқан жоқпын.
– Ия, көрерміз.
Өз ойы құрбысын дүдәмал жауаппен шығарып салмақ еді, онысына Маржан көнбеді.Қоярда қоймай ерітіп барды.
Маржан теңіз жағасындағы үлкен ауылдан болатын. Өткен жазғы каникулда ауылына шақырып, екеуі бірге барып қайтқан. Әке-шешелері өте тамаша жандар екен, мұны қатты қадірледі. Әкесі қыздарға теңіздің өткен тарихы жайында қызықты әңгімелер айтты. Қарапайым балықшы болғанмен көкірегі қазына кісі бар білетінін түбірлеп баяндайды. Теңіз туралы, ондағы тіршілік иелері жайындағы аңыздарды, өзінің басынан кешкендерін әдемілеп суреттейді.
Қаланың шет жағындағы үлкендеу жеке үйді жалға алған Маржанның ауылдастары отыз шақты болды. Бәрі де осында оқиды, кейбірі жұмыс істейді. Бұл кештің тамадасы да, әншілері де өз іштерінен табылды. Маржанның құрбысы деген соң бұған да ерекше ықылас танытты.
Мақсат ауылдастарын ұйымдастырушылардың бірі, оның ішіндегі бірегейі екен. Сымбатты, ат жақты, көз жанары отты, қою қасы түйісіп кеткен жігітке келіп әрнені сұраушылар көп, ол болса бәрін жіптіктей жайғастырып жібереді, айтып түсіндіреді. Маржандардан екі сынып жоғары оқыпты, әскер қатарында болып келген.Кездескен сәтте:
– Құрбыңмен таныстырмайсың ба? – деді Маржанға.
Ол мұны таныстырып еді, бір-біріне есімдерін айтысты, жігіт қарулы қолын ұсынып, қыздың сүйріктей саусақтарын қысты, сосын:
– Құрбыңның басы бос па? – деді.
– Бос болса, жүрегіңді ұсынбақ па едің? – деген Маржаннан сөз қалмай жатыр. Айбала қызарып кетті, құрбысын бүйірінен түртіп қалды.
Біліп қойғанның несі айып? Мақсат әуелгіде Айбалаға дөрекілеу көрінді. «Сөздері түйеден түскендей ме?» деп ойлаған. Ауылдастардың бас қосу кеші жақсы өтті. Бұрыннан таныс жастар бір-бірлеріне бастарынан өткен жаңалықтарын айтысып, сазды әуенге билеп, кең холлда ойын ұйымдастырып, кештері өте қызықты болды. Жаңа танысқан жігіттің домбыра мен гитара тартып, әдемі қоңыр даусымен ән айтатын да өнері бар екен. Бұл екеуін Мақсат такси ұстап шығарып салды.
Осыдан кейін оның қыздардың тұрағына келуі жиіледі. Бірде екеуін киноға шақырады, бірде дәмханаға апарады. Маржан екеуін оңаша қалдырмақ болғанымен, Айбала ырық бермеді.
– Келесі келгенде бір досымды ерітіп келемін, – деді.
– Оны не істейміз? – деп Маржан да тап ете қалды.
– Ау, қашанға жалғыз жүрмексің?
– Оған сенің басың ауырмай-ақ қойсын.
– Дегенмен, көресің енді...
Айбаланың байқағаны жігіт құрбысымен еркін әзілдеседі, ашық айтысады. Шынында, келесіде Талғат деген досын ерітіп келді. Оның Маржанмен әңгімесі жараса кетті. Талғат қаладағы жеке фирмалардың бірінде жұмыс істейді екен. Енді төртеуі жұптасып қыдыратын болды.
Айбаланың Мақсат жайындағы алғашқы ойы өзгерді. Оның бойынан сыпайылық та, парасаттылық та, азаматтық та, ұйымдастырғыштық қабілет те табылады екен. Осы кезге шейін соңынан жүгіргендерге аса мән бермейтін сұлу енді көзге көрінбейтін әлдеқандай елеусіз жіппен жігітке байланып қалғандай күй кешті.Жанының мөлдір бастауында жігітке деген жылы сезім оянғандай. Мақсат мерекелі күндерді құр жібермейді, шоқ гүлін қолтығына қысып, мұны күтіп алып тұрғаны. Бұдан еш нәрсені аямауға бар.
Оның Айбалаға айтылмаған сыры қалмады, жүрегінің терең түкпіріндегі ойларын жайып салды. Жанұясының тұңғышы екен, бір інісі, екі қарындасы бар. Әкесі екінші топтағы мүгедек, шешесі мектептің еден жуушысы, тіршіліктің саналуан жолдарымен тырмысып-тартысып келе жатқан адамдар, балаларына жақсы тәрбие берген. Оқуын бітіріп қызметке тұрса, іні-қарындастарының жоғарғы білім алып, азамат болып өсуіне көмектеспек.
Жазға салым Маржан мен Талғат үйленді, бұл екеуі олардың күйеу-қыз жолдастары болды. Маржан екі айдай ата-енесінің қолында болып, сабақ басталар кезде келді де, Талғаттың екі бөлмелі пәтеріне көшіп алды. Бұлар соққанда:
– Той қашан, осылай жүре бересіңдер ме?Мүмкін Мақсаттың алып қашқаны дұрыс болар ма? – десіп әңгіме қылысады.
Екеуінің үйленуі жайында өз араларында айтылғанда:
– Әлі ертелеу, біраз жыл жұмыс істеуім керек, – дейтін бұл.
– Қалай ерте, он сегізде емессің ғой? Қызмет деп жүре бересің бе?
– Айттым ғой, төрт-бес жылдай күте тұруымыз керек.
Өз ойы зерттеу жұмыстарын тиянақтап, қорғап алғысы келді. Мақсат та бұған ештеңе демеді. Бұдан кейін жігіттің қатынауы сирекси берді. Араларындағы салқындық былайғыларға да байқалып қалды.
Диплом алған Мақсат өзімен бірге оқу бітірген қызға үйленіп кетті.
Айбала Мақсаттың өзі ұнатқан алғашқы және соңғы махабаты екенін кеш түсінді. Жат жұртқа жаратылған қыз бала үшін қызмет, мансап, атақ дегендердің еш құны жоқ, өз бақытын тауып ана атану басты борыш екенін де кеш түсінді.
Айдананың ұзатылу тойы әкесінің үйінде жасалды. Ағайын-тума ортасында өткізілген мұндай салтанат жарасымдылығын тапқан.
Сіңлісінің ұзатылуына Айбала барғысы келмеген. Бұл барса, әзілдесер жеңгелерінің әрқилы нәрсе айтып құлағын сарсылтарын білген. Бірақ шешесі:
– Өзіңнен басқа Айдананың кімі бар? Екі ұлдың жөні бөлек. Оның үлкен тойына да барлығын бастап барасың, бармаймын дегені несі? Соңыңа ерген жалғыз сіңлің емес пе, сендерден бөтен менің анау Бақтыбайдікіндей он балам жоқ. О, несі-ай!..– деп біраз сөйлеп тастаған соң, амалсыз көнді. Айтқандай ауызды жеңгелерінің бірі:
– Ау, шырайлым, осылай жүре бересің бе? Кейінгі кішкентайлар кетіп жатқанда сенікі не жүріс? – деген.
– Енді қайтем?
– Қайткені несі, байға тиіп ал!
– Ол қайда?
– Үлкен қалада жігіт таба алмай жүрмісің, болмаса анау сомаладай болып жүрген сыныптасың Жолдыбайға бар. Өзім жарастырып жіберемін.
– Енді маған соған шығу қалып еді...
– Шықпасаң не бітіріп жүрсің, Жолдыбай да қатын баласын асырап кете алады.Тек өзінің алғашқы алғанымен жараспай қалғаны болмаса...
Жеңгелері әзілдескенде осы айтылғандардың бұның жүрегін тілгілеп, жүйкесін шабақтап жатқанын байқамайтын болса керек. Әлде осылай айтсақ, Айбалаға әсері болар дей ме екен?
Туып-өскен шаңырағынан ақ жол тілеп аттанған Айдананың үлкен тойы сәулетті мейрамханада жалғасты. Аста-төк дастархан, жас жұбайларға айтылған тілектерде толас болмады. Той басталар алдында Мақсат келіп жолықты. Келген қонақтарға қарап, жанындағылармен әңгімелесіп тұрған.
– Айбала, бұл сенбісің? – деген таныс дауыс жалт қаратты. Мақсат сәл толыққан, қоюшашы селдіреп қалыпты, қасында он бестер шамасындағы бала бар.
Бағанадан бері сыртыңнан қарап тұрмын, жүзің таныс, ақыры білдім-ау. Келін сенің сіңлің екен ғой.
– Соның тойына келгенбіз.
– Өзің қалайсың? Жұмысың ше? Бұрынғы орында шығарсың?
Мұның тұрмысқа шықпағанын Мақсат естіген, сондықтан отбасы, бала-шаға жайында жақ ашпады.
– Ал мынау біздің азаматымыз, – деп қасындағы баланы көрсетті, - ағасының тойына келгені.
Айбаланың кеудесі тағы шаншып кетті. Баланың бет-әлпетіәкесінен айнымайды екен, құдды құйып қойғандай. «Егер Мақсатқа тұрмысқа шыққанымда осы бала екеуміздікі болар ма еді? Әттең!» Осы ойдың қайдан келе қалғанына таң қалды.
Осы кез Мақсаттың жанына келген қара торы келіншек қолын сермеп, самбырлай сөйлеп жатты. Мақсаттың кастөмінің иығына жұққан ақты қақты, балаға да бірдеңе айтты.Айбала мұның әйелі екенін айтпай-ақ білді.
Бір кездері өзі ұнатқан адамды мына келіншектен қызғанғандай, осы әйелдің орнында өзім болсам ғой дегендей ой келді. Біреудің басыбайлы байына бұлайша болуының ұят, тіпті ақылға сыймайтын нәрсе екенін біліп тұрса да жүрегінің, көңілінің ырқынан тыс алабұртқаны таңдандырды. Айбаланың жанын шабақтап жатқан әлдебір түсініксіз жайлар мазасын қашырды. Сол-ақ екен тойдың тезірек бітуін, жылдамырақ қалаға қайтуды ойлады. Жалғызілікті қоңырқай тіршілігіне асыққандай күй кешті. Тіпті мына дырду-думанның аяқталуын күтпестен түн ортасында келер пойызды сылтау етіп кетпек еді, шешесінің мұны басшы етіп жібергені жолын байлады. Кеудесі тағы да шаншып кетті.
Өтебай СЕРӘЛІ
18 ақпан 2023 ж. 681 0