Әлем елдері Наурызды қалай тойлайды?

Ғылыми тұрғыдан алғанда, күн мен түннің теңесуі, яғни 12 сағат – күн, 12 сағат түн болатын уақыт. Мұның нақты уақыты наурыздың 20-21 аралығына келеді. Төрт жылда 3 рет – 20 наурызда, 1 рет – 21 наурызда. Наурызды тойлаудағы барлық елдегі сәйкестіктер –20-23 аралығында тойлау, бидай өнімдерінен тағам әзірлеу, бір-бірінің үйіне барып қонақ болу, түрлі жарыстар мен сауық-сайран құру. Біздегі Наурыз мейрамы басқа елдерде қалай аталады? Нақты қай күндері тойлайды және дастарқанға қандай тағамдар қойылады? деген сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
Иран
«Ноуруз» деп атайды. Ирандықтар бұл мерекені мұсылмандар күнтізбесі бойынша көктемнің бірінші күні, ал Григориан күнтізбесі бойынша 22-і тойлайды. Наурыздың 20-нан бастап 13 күн тойланады. «Хафт-Син» – міндетті түрде жеті түрлі тағам дайындалады. Ирандықтар осы мейрам басталмай, әркім өз үйін тап-тұйнақтай етіп жуып тазалайды екен. Олар оны "ханетакани" деп атайды.
Әзірбайжан
«Новруз байрам» деп атайды. Наурыздың 20-нан бастап 5 күн қатарынан тойланады. Негізінде 21 наурызға дейін төрт апта бұрын тойлау басталады. Дастарқанға міндетті түрде жұмыртқаны айнаның үстіне қояды. Жұмыртқа бір жағына домалаған кезде, соны жаңа жылдың келуі деп санайды. Әрбір үйде дастарқан үстінде міндетті түрде бидай тұқымынан өсірілген дақылдар қойылады.
Тәжікстан
«Навруз», «Бәйшешек», «Гүлгардон», «Гүлнавруз», «Хадир айиам», яғни, «үлкен мереке» деп атайды. 20-21 наурыз аралығында демалыс күндері. Наурызды достықтың кілті және тіршіліктің оянуы деп санайды. Дастарқанға тәтті суманақ асы қойылады. Оны бидай өнімінен дайындайды. Ерлер арасында "бузкаши" (қазақтың көкпарына ұқсас) ойыны өткізіледі.
Өзбекстан
«Навруз» деп аталады. Ресми түрде тек 21 наурыз демалыс күні, алайда бұл мереке 13 күн бойы тойланады. Олар 13 күн бойы істеген игілікті ісі айдан-айға ұласып, жыл бойы жалғасады деп сенеді. Мерекенің алғашқы күндері түрлі ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Ал тоқтықтың белгісі ретінде мейрам күндері әрбір үйдің дастарқанына "сумәләк" асы қойылады.
Қырғызстан
«Нооруз» деп аталады. Наурыздың 21-і ғана тойланады. Жылдың алғашқы күнінде «нооруз кёджё», «ауз кёджё», «кавут» ұлттық тағамдарын дайындап, Жаңа жылда бір-бірін көтеріңкі көңіл-күймен құттықтайды. Бұл күні алыс-жақын туыстар кең жайылған дастарқан басында жиналып, бір-біріне ізгі тілектер айтады.
Түркіменстан
«Новруз байрамы» деп аталады. 21-22 наурызда тойланады. Наурыздың осы күндері ауыл шаруашылығы үшін жаңа жыл болып саналады. Мерекелік дастарқанға бидай өнімінен ұлттық тағамдар әзірленіп, халва, тәтті нандар мен уыттан ботқа дайындалады. Наурызда түркімендер бір-бірінің үйіне барып, қонақ болады, ал жастар кешкі уақытта жаппай сауық-сайран құрады.
Ауғанстан
«Навруз» немесе «Жаңа жыл» деп атайды. 21-22 наурызда тойланады. Дәстүр бойынша Ауғанстанның солтүстік астанасы – Мазари Шариф қаласы Наурыз мейрамын тойлау "астанасына" айналады. "Хафт син" және "хафт мева" (жеті жеміс түрі қойылады). Би фестивалі, спорттық жарыстар және әуе жыланынын ұшырады. Бұл күні ауғанстандықтар Кабулдағы Карт Сакхи мешітіне жиналып, әулие тудың көтерілуін тамашалайды.
Түркия
Невруз("Newrouz", "Newrouz Bayrami") деп атайды. Түркия билігі 1966 жылы бұл мерекені тойлауғы тыйым салуды қарастырған, алайда бұл сол елдегі тұратын өзге ұлттар мен ата-бабадан келе жатқан дәстүрлі мереке болғандықтан, өзгеріссіз қалған. Бұл күні көшелердегі саябақтарда от жағылып, адамдар лапылдаған жалынның үстінен секіреді. Оттың үстінен секірген уақытта адам бойындағы жаман энергиядан, ауру-сырқаудан арылады деп сенген.
Ал Сирияда бұл мейрамды тойлауға тыйым салынған. Сонымен қатар Ресей Федерациясындағы бірнеше республикаларды осы мереке кеңінен аталып өтеді. Қытайдағы қазақтар мен Ұйғыр автономиясы да тойлайды.
Міне, әр елдің салты басқа деген осыдан қалса керек. Наурыз мерекесінің түпкі мәні бір болғанымен, оның әр ел өзінше тойлайды. Не десек те халық санасында жаңа жылдың бастауы болып қалған бұл мерекеде орындалатын амалдардың астарында үлкен мән жатыр.
Дайындаған Н. МАРАТҚЫЗЫ