Тарихи деректер бұрмаланбаса...
Қазақ халқының ауыз әдебиетінде «Шықбермес Шығайбай және Алдар-көсе» деген ертегі бар. Шығайбай – үйіне келген адамға су татырмайтын сараң, жаман адам. Бірақ мен осы Шығайбайды құрмет тұтам. Неге дейсіз ғой, себебі Алдар-көсе Шығайбайдың үйіне келіп, төріне шығып жатып алмай ма. Сонда Шығайбай:
– Қонағым, әңгіме айта отыр, – дейді.
Алдар-көсе:
– Байеке, көргенімді айтайын ба, әлде естігенімді айтайын ба? – дейді. Шығайбай:
– Шырағым, естіген күмән болады, көргеніңді айт, – дейді.
Қандай пәлсапалы тағылым. Естіген өтірік, көрген шындық деп тұрған жоқ па.
Бүгінде бірсыпыра мүйізі қарағайдай тарихшыларымыз да, тарихи тақырыпқа жазатын әдебиетшілеріміз де бұдан бес жүз, мың жыл бұрынғы оқиғаларды дәп бір солармен бірге бір дастарқанда қымыз ішіп, ет жеп отырғандай жазып, жұртты шатастырады. Кейде қайсысына сенеріңді білмейсің. Жарайды, әдебиетшілердікі жөн дейік, өйткені ол көркем шығарма ғой, қалай жазса да жараса береді, ал тарихшыларға не деуге болады? Өткен замандарда орын алған оқиғалардың көбінесе оны дәлелдейтін заңды құжаттары бола бермейді, олар туралы тек аңыздар ғана қалады. Кейде осы аңыздарды тарихқа айналдырып, шындық етеміз. Әрине, әрбір аңыздың артында бір шындықтың болатыны рас, бірақ түгелдей емес. Мәселен, алысқа бармай-ақ, осы өзіміздің өңірдегі Бегім-Ана мұнарасын алайық. Мұнараның маңдайшасындағы мемориалдық тақтада:
Бегім-Ана мұнарасы
IX-XI ғасыр
Ескерткіш мемлекет қорғауында, – деп жазылған.
Ескерткіш IX-XI ғасырдікі емес, тек XII ғасырдың дүниесі болуы керек. Заманында жан-жағына қаһарын шашқан Оғыз мемлекеті IX-X ғасырларда ыдырап, оның орнына осы мемлекеттің бір бұтағы Селжұқ мемлекеті сахна төріне шықты. Билеушісі – Мәлік баласы Санжар хан. Астанасы Қазалы ауданының "Өркендеу" кеңшарының жанындағы, бүгінде орны төмпешік болып жатқан Жанкент қаласы. Міне, осы Санжар хан 1153 жылы қайтыс болған. Бұл бүгінгі тарихта әбден дәлелденген ақиқат нәрсе. Олай болса, оның әйелі Бегім ана қалайша IX-XI ғасырларда өмір сүрмек? Негізі, мұнараны алғаш тауып зерттеген археологтар жұрттың ауызша айтуы бойынша жобалап тарихқа енгізіп жіберген болар. Ал бір кезде гүлденген Жанкент қаласы не себепті төмпешікке айналды, тарихшылар бұған күні бүгінге шейін жауап таба алмай келеді. Аңыз бойынша қаланың үстіне ішіне жылан толған мес түседі. Қатты дауыл мен нөсер жаңбырдан әуеден жылан түсті десе сенуге болар, меспен түсуі ақылға сыймайтын нәрсе. Дегенмен қалаға жылан қаптап кеткендіктен өмір сүруін тоқтатуы шындыққа бір табан жақын. Қаланың қираған орнында арада мың жыл өтсе де ордалы жыландардың жойылып кетпей, күні бүгінге дейін жүруі таңғаларлық жағдай.Тарихшылардың пайымдауынша, Кіші жүздің әйгілі биі Әйтеке бабамыз 1644 жылы туып,1700 жылы қайтыс болған. Тарихшылар айтқасын бұған сенеміз. Әңгіме бабамыздың туған, қайтыс болған жылдары туралы. Белгілі жазушы Б.Нұржекеев өзінің шығармалар жинағының 15-ші томында Әйтекені 1726 жылы Ордабасыда болған үш жүздің бас қосқан тарихи жиынына қатыстырып, Тәуке хан мен Әйтеке осы жиынды өткізуге мұрындық болды дейді (196-бет). Сондай-ақ XVIII ғасырда өмір сүрген, сол замандағы қазақтың даңқты қайраткерлерімен қоян-қолтық араласып, замандас болған көрнекті бабаларымыздың бірі Қазыбек Тауасарұлы өзінің «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген шежіре кітабында да Әйтекені Ордабасыдағы жиынға қатыстырып, Әбілқайыр үш жүзге Ұлы хан болып сайлана алмағаннан кейін тоң-теріс мінез көрсетті, аса қадірлейтін екі ағама (Әбілқайыр мен Әйтекені айтып отыр) қатты өкпелеп, олармен тілдеспей қойдым (230-бет) және осы кітапта Әйтеке Төледен төрт, Қаз дауысты Қазыбектен екі жас кіші еді деп жазады (210-бет). Ал біз Әйтекені билердің үлкені деп жүрміз. Жергілікті шежіреші Ізжан Жалғасов та Әйтекені 1710 жылы 10 шілдеде болған Қарақұм құрылтайына қатыстырған. 2022 жылы өзімізден шыққан «Арал» деп аталатын энциклопедиялық кітапта да Әйтеке осы құрылтайға қатысыпты (44-бет). Мұндай мәліметтер басқа да жекелеген мақалаларда кездеседі. Соған қарағанда бабамыздың туған, қайтыс болған жылдарын қайта зерделеу міндеті тұрған сияқты.
Сондай-ақ осы энциклопедиялық кітапта аудандағы Қазанғап оркестрі туралы 1967 жылғы республикалық байқауда Құрманғазы оркестрі бірінші, Дина Нұрпейісова атындағы оркестр екінші, Аралдың оркестрі үшінші болып тіркелді деп көрсеткен. Бұл қате дерек. Құрманғазы оркестрі профессионал оркестр болғандықтан бұл байқауға қатысқан жоқ. Көркемөнерпаздардың Бүкілодақтық 2-ші фестивалі аясында өткендіктен бұл байқауға республиканың түкпір-түкпірінен 35 оркестр келді. Оркестрлерді алқа (жюри) мүшелері алдын ала тыңдап көріп, аспаптарында басқа ұлттың аспаптары (мандолина, кларнет, саксафон, т.б) болуына және орындау шеберлігі мен құрамының оркестр талабына сай келмеуіне байланысты 17 оркестрді байқауға қатыстырмай, кері қайтарды. Байқауға 18 оркестр түсіп, бірінші орынды Атыраудың Дина Нұрпейісова атындағы оркестрге, екінші орынды Аралдың оркестріне беріп және халықтық атақты қоса тағайындады. Дина Нұрпейісова атындағы оркестрде бұған дейін "халықтық" атағы бар болатын. Оркестрдің алғашқы дирижері Талас Шүкіров. Құрамында 60 адам болды. Оркестр Қазанғап атын кейін ауызша иеленді, бұл жөнінде ешқандай қаулы-қарар болған жоқ. Бұл энциклопедиялық кітап әдемі көркемделіп, сапалы шыққан, бірақ ауданға қатысты біраз деректер қамтылмай кетіпті. Мәселен, бір кездері аты дүрілдеген совхоздар, колхоздар, олардың директорлары, парткомдар, кәсіподақ, ауылдық кеңес төрағалары туралы мәліметтер жоқ.1955-1992 жылдар аралығында 40 жылға жуық ауыл еңбеккерлеріне құрамы 55 адамдық автоклуб жүйесі қызмет жасады. Бұлар туралы да мәлімет келтірілмеген. Энциклопедиялық кітап болғасын 2-3 том болса да іздегенің табылатындай деректердің толық қамтылғаны дұрыс болатын еді. Сірә, асығыс шығарылған болу керек, дегенмен жарыққа шығып, қолға тигесін бұған да шүкір дейсің.
Жақсықылыш тауының арғы етегінде көк тастан қаланған бір бейіт-зират бар. Басында ешқандай белгі жоқ. Маңайында өзінен басқа бейіт те жоқ. Жергілікті өлкетанушылар осы бейітті аңызға сүйеніп, Абат батырдікі дейді және оны тарихи шындыққа айналдырады. Ал Ақтөбе облысының Қобда ауданында Абат-Байтақ деген үлкен кесене тұр. Әнебір жылдары Ақтөбе жұртшылығы осы екі батырға арнап ас та берді, бұрынғы бейіттің орнына үлкен айшықты кесене тұрғызды. Абат-Байтақ – ағайынды екі жігіт. Аңызда Абат батыр Жақсықылыш тауының етегіне келіп, атын суарып тұрғанда жайын жұтыпты-мыс. Абат батырдың әкесі Асан-Қайғы – 15 ғасырда өмір сүрген қазақтың көрнекті тұлғасы, тарихта болған адам. Ал 15 ғасырда дәл осы жерде үлкен теңіз болды деген дерек кездеспейді. Осы жерден әудем жерде «Қайдауыл» деген жер бар. Биік жал төбенің басында мұнара болып Қайдауылдың бейіті тұр. Ертеректе көнекөз қариялардан Қайдауыл кім деп сұрағанымда «қалмақ батырының бейіті болар» деген жауап алғанмын. Содан бұл жерде қалмақтармен соғыс болған ба, соғыс болса екі жақтан да өлім болады ғой, онда басқалардың бейіті қайда деген ойға қалдым. Сөйтсем бұл ешқандай да қалмақ батыры емес, өзіміздің Кішкене атамыздың баласы Құттықтың бес баласының бірі екен. Қайдауыл заманында ортасында үлкен беделге ие болған, әулие кісі екен. Осыларды ой таразысына салғанда айтқан да, жазған да дұрыс-ау деймін. Патша көңілді оқырман өзіне керек дұрысын алар, тек тарихи деректер көп бұрмаланбаса қандай жақсы...
Жақсыбай Төребеков,
мәдениет саласының ардагері