Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әлін білмеген әлек

Әлін білмеген әлек

Бір күні қарны ашқан күшік тауда жүрсе, алдынан қасқыр жолығып:
– Ей, күшік, мен сені жеймін! – депті.
– Қой, көкешім, қой! Әуелі мені тойғыз. Сонан соң жерсің, – депті күшік.
Қасқыр:
– Жарайды, жарайды. Менің соңымнан қалмай еріп отыр, – деп алдына түсіп жүре береді. Екеуі бірге келе жатып, алдынан бір табын сиырды көреді. Қасқыр күшікке қарап:
– Маған қарашы, менің көздерім, құлақтарым, аузым, құйрығым қандай екен? – депті.
– Сенің екі көзің шоқтай қызарып жайнаған, екі құлағың жымиған, аузың арандай ашылған, құйрығың артқы екі аяғыңның арасына қыстырылып, жас шыбықтай болып майысқан, – дейді күшік.
– Енді менің не қылатынымды қара, – деген қасқыр ширақ қимылдап, табынның сырт жағында жүрген бір бұзаудың тамағына жабысып, тұншықтырып өлтіріп, күшікті де тойдырады, өзі де тояды. Бұзаудың етіне әбден тойған қасқыр, "енді мені жейтін болды-ау" деген аянышты көзбен қарап тұрған күшікке бұрылып:
– Мен тойдым. Сенің етіңді жемеймін. Қош бол! – деп, күшікті қалдырып, өзі кете береді. Аман қалғанына қуанған күшік тойған жерінен ұзағысы келмей, қасқыр екеуінен қалған бұзаудың етін тағы үш күн қорек етеді. Ақырында іші пысқан ол қасқырдан көргенін жасап, жортуылға шығады. Жолда келе жатып аш мысыққа жолығады. Мысыққа тап берген ол ұстап алып:
– Мен сені жеймін! – дейді.
Қой, күшеке, қой! Әуелі мені тойғыз. Сонан соң жерсің, – деп жалыныпты. Бұл жолы да қасқырдан көргенін жасап, "жарайды, жарайды, соңымнан ер ендеше" деп алдына түсіп жүгіре жөнеледі. Осылай келе жатып олар дала жайылып жүрген бір қора түйеге жолығады. Түйені көрген күшік:
– Мысық, маған қарашы. Менің көздерім, құлақтарым, аузым, құйрығым қандай болып тұр? – дейді күшік.
– Несін айтайын. Сенің көзің бозарып, құлақтарың салпайып, аузың аңқиып, тілің салақтап, құйрығың салпаңдап тұр, – дейді.
– Енді менің не қылатынымды қара, – деген күшік бір үлкен түйенің аяғына ұмтыла бергенде, түйенің сілтеген аяғы басына тиген күшік сол жерде сеспей қалады.
Мұны көрген мысық:
– Әй, мақтаншақ! Сен әліңе қарамай қиын іске қол созасың. Енді міне, менің қорегіме айналдың, – деген екен.

О. ЖОЛДАСОВ
11 қыркүйек 2022 ж. 1 675 0