Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көршіні Құдай қосады...

Көршіні Құдай қосады...

«Көршіңмен қалай болдың?» Пендеге ажал жетіп, арғы өмірге аттанғанда да осы сұрақ қойылады-мыс. Содан да шығар, ата-бабаларымыз ақыреттік амалды көршімен жақсы қарым-қатынас орнату арқылы жиғаны. «Ағайыннан көрші артық» деп жатады халқымыз. Шындығында алыста отырып тілеуіңді тілейтін ағайын көп болғанымен, қасыңда отырып қуаныш-қайғыңа алдымен ортақтасатын көршінің орны бір бөлек екен ғой. Қысылсақ көрші көмегіне бас ұрамыз. Қуанышымыз болса бірінші көршіге айтамыз. Не керек, әйтеуір нендей жағдай болса да қойымыз қоралас, жанымыз аралас көршімен бірге шешуге тырысамыз. Әрине, бұл жерде біздің айтпағымыз құт-береке дарыған қазақ ауылдарындағы көршілердің жағдайы. Бүгінде түтіні түзу, тіршілігі берекелі осындай елді мекендер көп екеніне көзіміз жетіп жүр. Ендеше, көршілер арасындағы татулықты неге әңгімеге арқау етпеске.
Алла Құранда: «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршілерге, бөгде көршілерге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астыңдағыларға жақсылық қылыңдар. Негізінен, Алла тәкаппар, мақтаншақты жақсы көрмейді» («Ниса» сүресі, 36-аят) дейді. Байқағаныңыздай, аятта Аллаға ғана құлшылық ету, ата-ана мен туыстарға жақсылық жасау секілді исі мұсылман баласына тиесілі жоғары міндеттердің қатарында көршінің аталуында үлкен мән жатыр.
Аятта аталған жақын көршінің екі ақысы бар: жақындық және көршілік. Ал алыс көршінің ақысы – көршілік ақы. Екеуіне де құрмет көрсетіліп, жақсылық жасалынады.
О дүниеге барғанда да пендеге қойылар сұрақтың бірі – «көршіңмен қалай болдың?» деген болса, көршінің ақысы Тәңірдің ақысы екенін байқау қиын емес. Көрші ұғымы кез келген шаңырақ арасындағы татулықты байқатса керек. Өйткені, ертеректе бір-бірімен көрші тұрған жандар араларындағы алған-берген заттарын айтып еш санаспайтын болған. Төсекте бастары қосылмаса да, төскейде малдары қосылған көршілес ауылдар да өзара татулықты ту етіп, берекелі ғұмыр кешкенін бұрыннан білеміз. «Үй ішінен үй тіксең, одан да жылы болар» деген ұғым осы көршілес үйлер мен көршілес елдер арасындағы ымыраластықтан пайда болған болар, бәлкім. Осы сынды тығыз қарым-қатынас орнатқан отбасылар өзге рудан болса да, қыз алыспайтын деңгейге жеткендері жоқ емес. Көршісін ағайыннан артық көретін жандардың қазіргі заманда жолығып жататыны содан болар.
Сүннетте көршің жақсы десе жақсы, жаман десе жаман боласың деген түсінік қалыптасқан. Көршіңіз аштықтан бұратылып жатқанда, сіздің тоқ жатуыңыз мұсылмандыққа лайық емес. Мұның бәрін ерте кезден түсініп, көршінің парызы мен қарызына жауапкершілікпен қараған қазақ «көршіні Құдай қосады», «адал көршісі бар алаңсыз ұйықтайды», «көршім саңырау деме, құлағына шалынар», «көршінің итін ұрғаның өзін ұрғанмен тең» деп айтатын болған. Сондай-ақ, «сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла, үй салмас бұрын көршіңді ойла» деген бабаларымыз жаңа мекен, қоныс таңдағанда, болашақ көршілерінің қандай адамдар екендігіне немқұрайлы қарамаған. Өйткені, болашақ өмірдің көп қызығы мен шыжығы нақ сол көршілердің инабаттылықтарына, адамгершілік болмыстарына, тәлім-тәрбиесі мен рухани-мәдени өресіне байланысты болатын қарым-қатынас сипаттарынан туындайды ғой! Елдің берекесін кетіретін орынсыз дау-дамайдан, жазықсыз жанды жаралайтын жалған жала, күндеуден, қызғаныштан немесе кемсіту, көзге ілмеуден, суық қабақтан жапа шекпеу үшін алдымен өзіңнің жайлы көрші бола білуің ғана емес, болашақ көршіңді таңдай, тани білудің де маңызы зор.
Жалпы, көршілес деген ұғымға дақ түсті дегенді еститін болсақ, ойымызға бірден араздасу мәселесі оралады. Үй арасында үй болмай тұрып, ондай жандардың жанжалдасуы ерсі болса да бүгінгі күні көріп те жүрміз. Мерзімді басылымдар мен күнделікті хабарларда мұндай ушыққан мәселелер журналистер қауымының назарынан тыс қалмай келеді. Соған қарағанда ауылдардың қасында қаладағы кей көршілердің аралары дұрыс емес тәрізді. Мәселен, жақында жаңалықтарда көп қабатты үйдің тұрғыны көршілеріне барып тұрған жылу жүйесінің жолдарын тежеп, өзіне қарай бұрмалаған. Оған наразы болған көршілері шу көтергенін көзіміз көрді. Осы сынды жағдайлар екі күннің бірінде орын алып жатқанын қанша жасырсақ та жоққа шығара алмаспыз. Қалай десек те, қала тіршілігіне бейімделген жандардың кейбіреулері құдайы көршімен қалай қарым-қатынас орнату керектігіне мән бермей жататын жағдайға жеткендей. Ал мен білетін қазақтың алтын бесігі ауылдық жерлерде көршісін ағайыннан артық көретін жандар жетіп артылады. Ендеше, күйбең тірлікте жүріп ештеңеге мән бермейтін кей қазақтарға айтарымыз алыстағы ағайын өз алдына, күнде көрісіп, қауышатын көршінің қадірін бағалай білгеніміз жөн болар.
А. БИСЕНОВ
13 мамыр 2023 ж. 905 0