Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Темір нарком» атанған қоғам зиялысы

«Темір нарком» атанған қоғам зиялысы

Биыл Қазақ зиялы қауымының көрнекті өкілі Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толады. Темірбек Жүргенов білім мен мәдениет пен өнердің дамуына орасан зор үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, қазақ мәдениетінің терең білушісі ретінде танымал.
Темірбек Қараұлы Жүргенов1898 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Тұрмағамбет Ізтілеуов ұстаздық еткен ауыл мектебінде сауат ашып, кейін Аламесектегі орыс-қазақ мектебінде, Перовскідегі (қазіргі Қызылорда) Суханский атындағы училищеде бастауыш білім алған. 1917 жылы Уфа жер шаруашылығы училищесіне оқуға түсіп, осында оқып жүріп қоғамдық өмірге белсене араласады, студент жастардың әлеуметтік қозғалыстарына қатысады. 1918 жылы «Қазақ мұңы» газеті редакциялық алқасының құрамына енеді.Осы жылдары Ырғыз уезі Кенжеғара болысы революциялық комитетінің төрағасы, БК(б)П қатарына өтіп, Ырғыз уездік революциялық комитетінің, уездік жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары атқару комитетінің төрағасы болып сайланады.
1921-1923 жылдары Орынборда жұмысшы факультетінде оқиды. 1923 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетіне оқуға жіберіледі. Осында оқып жүріп, ол Қазақ АКСР-інің Түркістан Республикасындағы толық өкілетті өкілі, 1926 жылы Ташкенттің Қазақ педагогикалық институтының директоры болып тағайындалады. 1929-1930 жылдары Тәжікстан үкіметінің қаржы комиссары. Сол жылдары Өзбекстан үкіметінің халық ағарту комиссары, Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары қызметтерін атқарады.
Ол Қазақстанның Халық ағарту комиссариаты жұмысына С.Аспандияров, Қ.Жұбанов, Ғ.Мүсірепов сияқты қайраткерлерді тартты. Ол 1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының 1-слетін, 1936 жылы Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін негізгі ұйымдастырушылардың бірі болды.
Темірбек Қараұлының есімі тек қана қазаққа ғана емес, иісі түркі жұртына мәлім. Ол Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, қаламы қарымды сыншы-көсемсөз иесі саналады.Сондай-ақ ұлттық мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көп көңіл бөліп, қазақ жастарының КСРО-ның орталық қалаларындағы оқу орындарында білім алуына көмек көрсеткен болатын. М.Әуезов, Ж.Шанин, Ә.Қастеев, тағы да басқа қайраткерлердің шығармашылық жұмыспен айналысуына жағдай жасаған.
Т.Жүргенов Қазақстанда алғашқы музыка театрын (қазіргі Қазақ опера және балет театры) ұйымдастыруға үлкен үлес қосты. 1937 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Ол 30-жылдардың басында әдеби сын мақалалар жазуға, соның ішінде театр сынына көбірек көңіл бөлген. Халық Ағарту комиссары екі тілде бірдей жазған алғашқы қайраткер-қаламгерлеріміздің бірі болды.
Ойы ұшқыр, қаламы қарымды публицистің көсемсөз мұрасы бастауын жеке басының лидерлік, саясаткерлік және ұйымдастырушылық үздік қабілетінен алады. Республиканың көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Қараұлы өмірінің соңғы күндеріне дейін қазақ халқына, еліне адал қызмет етті, қалың жұртшылық арасында үлкен құрметке, зор беделге ие болған жан.
1937 жылы 3 тамызда «халық жауы» деген жалған айыппен ұсталып, РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 10, 11-тармақтары бойынша ату жазасына кесілді. Қайраткердің зайыбы, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген дәрігері Дәмеш Ермекова Темірбек Қараұлы атылған күні абақтыға жабылған, 18 жыл ғұмырын АЛЖИР-де өткізген. Күйеуінің де, өзінің де жазықсыз жазаланғандығы жөніндегі ақтау қағазын алғаннан бастап 30 жылдан астам уақыт бойы ол бар күш-жігерін Темірбек Қараұлының халқына сіңірген еңбегін кейінгі ұрпаққа жеткізу ісіне арнады.
Айнымас адал жарының қажырлы ізденістері нәтижесінде Жүргеновтің екінші өмірі басталды деуге болады. Сталиндік тоталитаризмнің құрбаны болған халқының даңқты перзенті Т.Жүргенов 1957 жылы ғана ақталған соң, Дәмеш Ермекова жарының адал есімін халқына жаңғырту мақсатында фольклоршы М.Байділдаевпен бірге көп шаруа тындырды. Қайраткердің туғанына 80, 90, 100 жылдық мерейтойды атап өту тұрғысында естелік-әңгіме, кітап шығарып, ерінің еліне істеген ерен еңбегін жұртшылыққа жариялады.
1993 жылыАлматыдағы Қазақ ұлттық өнер академиясынаесімі берілді. Алматы, Қызылорда қалаларында, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы мен Қызылорда облысының Жалағаш аудандарында Т.Жүргенов есімімен аталатын мектептер мен көшелер бар.Қызылорда қаласындағы «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де Т.Жүргеновтің атында. Қоғам қайраткерінің 100 жылдығы республика көлемінде аталып өтіп, туған жері Жалағаш кентінде ескерткіш орнатылды. Ғылыми-танымдық конференциялар мен фестивальдер ұйымдастырылып, әр түрлі мәдени шаралар өтті.
Т.Жүргенов қазақтың ауызша және ақындық шығармашылығының шығармаларын, оның ішінде қазіргі ақындардың жырларын жинап, нотаға түсірген. Оның еңбектерінде Қазақстанның революцияға дейінгі мәдениеті тарихының мәселелері көрініс тапқан.
КСРО халық әртісі Күләш Байсейітова, композиторлар Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский өз мақалалары мен естеліктерінде Т.Жүргеновтің Қазақстанның шығармашылық зиялы қауымы арасындағы зор беделі мен құрметі туралы айтады. Ол бұл беделге өзінің жоғары және жан-жақты мәдениетімен, оның дамуына шынайы қамқорлығымен ие болды. Сонымен қатар елімізде Қазақ мемлекеттік университетінің ашылуына Т.Жүргенов орасан зор үлес қосқан еді. Бірқатар облыстарда екі жылдық мұғалімдер институттары мен ондаған өнеркәсіп, көлік, байланыс техникумдары құрылған. Медицина институттары, кен-металлургия институты жұмыс істей бастады.
Осындай халық ағарту ісін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Т.Жүргенов Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Ол туралы сахабалар: «Өнер адамдарына Темірбектің сол темірдей ерік-жігері кейде жетіспейді» деген. Сол кезде де «Темір нарком», «Қазақтың Луначарскийі» деп атағаны бекер емес.
Қорыта айтқанда, Темірбек Жүргенов небәрі 39 жыл ғана өмір сүрсе де, бүгінде оның ісі, атқарған қызметі, артында мұра болып қалған әдеби-мәдени, оқу-ағарту саласында жазған құнды дүниелері жоғары бағасын алды. Себебі асыл азаматтың өнегелі өмірі, еліне деген сүйіспеншілігі бүгінгі жас ұрпақ үшін Отанға қызмет етудің жарқын үлгісі болары хақ.
Дайындаған К.Махсұт
16 мамыр 2023 ж. 352 0