Қажылық: парыз жарысқа айналмасын
Ислам дініндегі әрбір мұсылманның бес парызының бірі – қажылық. Оны әрбіріміз білетін болармыз. Қасиетті Құранда Алла тағала былай бұйырады: «Қажылық және умраны Алла үшін толық орындаңдар»(«Бақара» сүресі, 196-аят). Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кімде-кім Алла тағала ризашылығы үшін қажылық жасаса, жаман сөзден, жаман қылықтардан, күнәлардан сақтанса, анасынан туылғандай пәк болып қайтады». Қажылықтың әр минутын құлшылықпен, дұға-тілекпен өткізудің сауабы мол.
Сонымен бірге хазіреті Мұхаммед пайғамбарымыз: «Күмәнсіз, Алла тағала сендерге қажылықты парыз етті, қажылықты орындаңыздар және кісі өз үйінен үлкен немесе кіші қажылық парызын орындау үшін сапарға шықса, аяғын адымдап жүрген сайын күнәлары денесінен ағаштан түскен жапырақтар секілді төгіледі. Ал Мәдина қаласына жетіп, менімен амандасса, онымен періштелер де қолын алып амандасады…», – деп айтқан.
Алланың әміріне бас иіп, тура жолмен жүруге ұмтылған әрбір мұсылманның бұл жалғандағы ең үлкен армандарының бірі сол қажылық десек қателесе қоймаспыз. Себебі бабаларымыздың өзі Жаратқанға құлшылық жасап, қолынан келген парызын орындағанмен қажылыққа баруды армандап өткен. Бұл исі мұсылман қауымына тән ерекше әрі қасиетті сапар. Оған жету жолында талай пенде мехнат шегіп, жол азабын тартқан. Әрине сол қажылық парызға лайықтылар межелі мақсатына жетсе, енді бірі жете алмай кері қайтқан немесе іс-түзсіз кеткен. Бұл соқалы дәуірдің соқпақты жолы еді. Сондықтан болар, осы бір қасиетті мекенге барып, парызын өтеп келген пенде "қажы" атанып, елдің алдында айрықша беделге ие болған. Бұрындары қазақ зиялылары да қажылық сапарға аттанып, Алланың қонағы болу бақытына ие болған. Ал қарапайым қазақтар мен жарлы-жақыбайларға мұндай сапарға аттану бақыты бұйыра бермеген. Өйткені оған мүмкіндіктері де болмаған. Алты айшылық жол жүріп, елден жырақта жан тәсілім еткен қазақтар қаншама?!
Қазақ арасынан шыққан алғашқы қажылар туралы Мәшhүр Жүсіп Көпеев өзінің «Қазақ шежіресі» атты еңбегінде: «Бұл қазақты қажыға ілкі бастап барған уақ Нүркен бай. Әйелімен барып, төрт жыл жолаушылықпен жүріп, бесінші жылда қайтып, аман-есен еліне, жұртына келген. Сол Нүркеннен соң екінші қажыға барушы – Күләк Самат. Баянауылда дуан болып, ноғай Байжан хазірет екеуі барған, екеуі де сол жақта көз жұмған. Солардың кеткен жылы қой жылы еді»,– дей отырып, Құнанбай бастаған үшінші топты «…Жүз жиырма кісі болып, арасын айырмай тізе қосып, қол ұстасып жүрген соң және өздері көзге түсерлік әр елдің қасқа, жайсаңы болғандықтан көргендер таңырқарлық болыпты», – деп сипаттайды.
Бабалар армандаған сол қажылық сапарға бүгінгі буын көптеп барып жатыр. Заманның дамыған уақытында көлік құралдарының мүмкіндігі дәл қазіргі уақытта қашықты жақындатып, уақытты үнемдеуде үлкен мүмкіндіктер сыйлауда. Бұрын бабаларымыздың жылдарға созылған сапарлары қазіргі уақытта сағаттарға сыйып тұр. Ал нарықтық заман шетелдерге шығу, саяхаттау сынды сапарларды тіптен жеңілдетіп жатыр. Қазір қалтада ақшаң болса болды, Малайзия мұнда, Сингапур анда. Түрлі сапарларды ұйымдастыратын қаржылық турларға сенім артсаңыз, әп-сәтте әлем картасының әр нүктесіне аялдай аласыз. Мұндай саяхаттар өз алдына, соның ішінде қажылық сапардың салмағы тым бөлек. Бұл жерде біздің айтпағымыз басқа еді. Міне, осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, қаржылық емес, қажылық турлар арқылы Умра немесе үлкен қажылық сынды қасиетті сапарға жолдамаларды шүленше тарататындай жағдайға жетіп қалдық. Нақты солай болып та жатыр. Біздің бұлай айтуымызға себеп, жақын күндері әлдебір блогер әлеуметтік желі арқылы өз бизнесіне жарнама жасап, тұтынушыларының арасында жүлде үлестіргелі жатыр. Ақшалай сыйақылардан бөлек, Умраға жолдама бар деп қалды. Сертификат арқылы табысталатын бұл жүлде кез келгенге бұйырып қалуы бек мүмкін. Хош... Солай болды делік.
Енді бір жиын-тойларда бұл жолдама сыйға тартылып жатыр. Оны қабылдай алмай көз жасына ерік бергендері де жоқ емес. Алланың таңдауы түскен сүйікті мекенге барып қайтуды өмір бойы армандап өткен бабаларымызды бүгінгі ұрпағы сол сапарды сыйлық һәм табысты әрі тартысты бәсекеге айналдырып жүр. Мұндай селқостықтың кімге қандай сый боларын қайдам, өз басым көп ойланып жүрдім. Солай желілерді ақтарып, қажылық сапарды ұйымдастыратын тур агенттіктердің жұмысымен таныстым. Сапарды қай күннен қай уақытқа белгілеу керектігі, қандай жағдай жасалу керектігі айтылған. Есіміңіз бен аздаған деректер қалдырсаңыз жеткілікті. Әлгі компания өкілдері өкшелеп жүріп өздері-ақ қажылық сапарыңызды ұйымдастырып беруге ниетті. Қысқасы, байырғы бабаларымыз армандап өткен ұлы сапар қазіргі қазақтың дәстүрлі жолы, үлкен-кішісіне бірдей барыс-келістің бір түріне айналып бара жатқан тәрізді. Бұл біздің ойымыз.
Жақында әлеуметтік желілердің бірінен Тәжікстанның президенті Эмомали Рахмонның осы қажылық мәселесіне қатысты айтқан пікірін көзіміз шалып қалды. Тәжік басшысы өзінің Хатлон облысына сапары кезінде қажыларды сынға алып, умра мен қажылықты орындауды «еліктеу және фанатизм» деп атапты. Басшының айтуынша, соңғы кездері қажылыққа бару отбасылық бәсекеге, жарысқа айналған. Алғашқыда келіскім келмеді. Алайда байқап қарасақ мұндай үрдіс бізде де белең алып бара жатқанға ұқсайды. Қалталылар құтырған қазіргі заманда қай істің де қайыры мен маңызы кетіп бара жатқандай болды. Сонымен әлгі Э.Рахмон:
– Соңғы кездері қажылық, оның ішінде кіші қажылық еліміздің кей аймақтарындағы тұрғындардың арасында міндетті іс-шараға, тіпті отбасылық жарысқа, туризм мен сауданың бір түріне айналған, –депті өз сөзінде.
Тәжікстан басшысы мемлекетіндегі әлеуметтік көрсеткіштерге иек артып, қажылыққа баратындардың бір ауық тұрмыс-тіршілігін де еске алып қоюға шақырған. Президенттің пікірінше, қажылыққа барардан бұрын халқы жесір мен жетімге жар болып, бар қаржысын бала тәрбиесі мен біліміне шашқан дұрыс.
– Көрсеткіштерге сүйенсек, қажылыққа баратын, тіпті өзімен бірге сәбилер мен жасөспірімдерді де ала кететін адамдар қажылықтың рәсімі неден құралатынын, отбасыларының, балаларының, туыстарының тұрмыс-тіршілігі қандай екендігі туралы ойланбайды. Қажылыққа барардан бұрын жерлестеріміз осы мәселелер мен қазіргі заманның ахуалы жайлы аздап ой қозғап, маңдай термен тапқан ақшасын баланың тәрбиесі мен оқуына жұмсап, өмірдегі қажеттіліктерді қанағаттандырып, жетімдерге, мүгедектерге, мұқтаждарға, кедейлерге көмектесіп қана қажылыққа бару керек екенін тағы бір мәрте атап өтемін, – деп өткір пікір айтқан Тәжік Президенті.
Расында дамушы елдердің сауық-сайран, той-томалақпен ісі жоқ. Олар әлемдік дүрмекке еріп, технократты ел болудың алғышарттарын іске асырып әлек. Ал біздің елімізде «мендей болғың келсе қажылыққа барып кел» деп бөспе сөз, жалған ұранды жалау етіп, дарақыланып жүргендер жеткілікті. Тіпті осыдан бірер жыл бұрын қажылыққа 100 рет барып, онысын той қылып атап өткен қазақстандық жайлы естідік. «Ел құлағы елу» ғой. Елең ете қалдық. Сондағы мақсаты не екенін түсінбедік.
Осы мақаланы қалам ұшымен қаузай отырғанда редакцияға бір оқырманымыз кіріп келді. Қазір зейнетке шығып, бала-шағасының ортасында отырған ағамыз әлі күнге қалам ұстаған зиялы қауымның қара шаңырағына соғып тұруды жөн санайды. Сұрағымызды төтесінен қойдық.
– Аға, осы кезге дейін қажылық сапар туралы ойланып көрдіңіз бе? Армандайсыз ба?
– Шыны керек балам, ойланып көрмеппін. Ол қазір екінің бірі бара беретін жерге айналып кеткен сияқты ғой. Шын соған жағдайым келіп тұрса, жан-жағым жақсы, діни жоралғыларға сәйкес барлық талаптар ескерілген болса ойланған болар ма едім. Алайда қазір ол сапар туралы көп ойланып көрмеппін.
– Ал егер балаларыңыз сол сапарға жолдаманы сыйға тартып жатса қайтер едіңіз?
– Мен оның қандай жолмен немесе қандай оймен берілгенін зерттер едім. Балаларым ақ адал маңдай терімен тапты дегеннің өзінде қажылық сапардың жолы тым ауыр әрі салмақты. Пайғамбарымыздың өзі «Қажылыққа тек Алланың қалаған пендесі барады» деді емес пе? Сондықтан бұл мәселеде байыпты байлам, салмақты шешім керек деп ойлаймын, – дейді есімін атамауды өтінген оқырманымыз.
Айтуынша, соңғы бірер жылдықта бір танысы өзінің әке-шешесін қажылыққа жіберген. Ағайын-туысы алаулатып-жалаулатып шығарып салған, күтіп алған. Арада көп уақыт өтпестен әлгі баласы істі болып, жауапқа тартылған. Тіпті іс насырға шауып, қылмыстық іс қозғалған. Енді өзіңіз бағамдай беріңіз. Әлгі адам әке-шешесіне алып берген қажылыққа жолдама қандай жолмен келді? Харам ба, халал ма? Мәселенің төркіні осында жатқан сияқты. Анығына келгенде, әркімнің амалы өзіне аян. Оны қазбалап, созбалай бергеннен дым шықпайды.
Дін өкілдерінің пікірі басқа. Олардың сөзінше біздің елімізде қажылық сапарды ұйымдастыру соңғы кездері жақсы жолға қойылған. Нәтижесінде елімізде көптеген адамдар Алла алдындағы мұсылмандық парызын өтеуге мүмкіндік алып жатыр. Қажылыққа жолдама сый болсын, сыбаға болсын бастысы Алланың қалауымен болып жатыр. Ойнатса да, ойлантса да қажылық сапар шариғат негізінде, еліміздің діни шарты негізінде өз иелерін тауып жатыр. Жөн дестік...
Түйін. Өзіңіз ой таразысына салып көріңіз, оқырман. Сізге осындай мүмкіндік берілсе қайтер едіңіз. Алланың берген теңдессіз сыйын қабыл алып, өзіңіз қажылық сапарға аттанар ма едіңіз? Әлде шын мұқтаж жандарға табыстап, сауабын амал таразысына айырбастар ма едіңіз? Қанша жерден бәсеке десек те бес парыздың жөні де, жолы да бөлек. Оны толық орындау әрбір мұсылман үшін бақыт һәм байлық. Біз бастысы шынайы ниетімен айшылық сапарға аттанып, Алланың алдында ақ адал парызын адал жолмен өтеп келген пенденің көбейгенін тілейміз. Мұндай сапарға ниетіңіз болса, қабыл болсын!
А. ҚАРАСАЙ