Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

НАМЫС ОТЫ

 Диплом!.. Иә, кәдімгі жоғары оқу орнын бітіргені туралы диплом. Кімдікі дейсіз ғой? Жиенбаев Самат Жиенбайұлы дейді. Ол 1955 жылы Мәскеудегі В.М.Молотов атындағы ауыл шаруашылығы институтының механикаландыру және электрлендіру факультетіне түсіп, оны 1960 жылы ойдағыдай тәмамдап, инженер-механик мамандығын алды,– дейді.
–Ау-у, бұл өзіміздің аралдық Жиенбаев қой!..
–Иә, иә... Колхоз басқарған Шораның баласы емес пе?
–Жиенбайұлы дегені қалай?!
Ал, кеп іздейік. Саматтың Мәскеу институтынан диплом алғалы да заулап алпыс жылдай уақыт өтіп кеткен. Қайда жүр екен? Бір қызығы, әуелі марапаттары мен алғыстары, рационализаторлық ұсыныстары, депутаттығы мен құрмет-атағы туралы мәліметтер түсе бастады. «Құрмет белгісі», екі бірдей Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған. Әрі «Алматы қаласының құрметті азаматы» да екен. Өзге ақпараттарды ысырып қойып, кейіпкерімнің өзімен тілдесуді ұйғардым. Ол–Алматыда, мен–Аралда. Сұхбат компьютер арқылы жүрді.
–Самат мырза, айтыңызшы, Аралдың қайсы мектебінде оқыдыңыз?
–Жақсықылыш ауылдық кеңесіндегі бастауыш мектептен кейін Арал қаласындағы №13 Шевченко атындағы мектепте, малшы баласы болғандықтан пансионный интернатта жатып оқыдым. Әкемнің аты – Шора. Бірақ, Жиенбай атамның атын сақтау үшін Жиенбайұлы болдым. Әке қалауы солай болды.
–Мектепті 1955 жылы, яғни он тоғыз жасыңызда «Күміс медальмен» аяқтап, сол жылдары қазақ балдарының батылы бара бермейтін Мәскеудің техникалық жоғары оқу орнына қабылданыпсыз?
–Дұрыс айтасыз, мектепте бес оныншы сынып болды. Содан үш оқушы–мен, Бекназар және Әмзе «Күміс медальмен» бітірдік. Десе де, менің де орысшам жетісіп тұрған жоқ-ты. Мал баққан ауылдың жалаңаяғымын ғой. Қызылорданың педагогикалық институтына бармақ болғанбыз. Үйге МТС-тың (машина-трактор стансасы) директоры Ким Нах Сон келе қалар ма? Әкеймен таныстығы бар. Сол кісі менің жайымды білгесін:
–Ой, сендер техникаға жоламайсыңдар. Сірә, тістерің батпайды-ау,–деді.
–Неге, олай ойлайсыз?!
–Енді ше? Бәрің де Қызылорда, Алматы деп шығысқа кетіп жатсыңдар, Мәскеуге барам деген біріңді есітпедім.
Намысым келіп, бұлқан-талқан болдым. Әлемде жер көлемінен 9-шы орынды алатын кең-байтақ аймақты бізге қалдырған ата-баба ерлігін айтпағанда, көз алдымдағы әкемнің өзі маған идеал емес пе? Жиенбай атамыз ауқатты болған деседі. Мыңғырған малмен көшіп-қонып, қыс айларында теңіз жағалауындағы ықпанасы көп «Көкарал» асуына қоныстанса, жаз айларында сонау Жем бойына дейін өріс жаңартып, ұзап кететін көрінеді. Содан Октябрь революциясы жеңіске жетіп, қызыл шәпкілілер бай-манапқа бүйідей тигесін, бұлардың да мал-мүлкі талауға түсіп, жан-жаққа қашады ғой.
Ал еті тірі, қайраты мол Шора әкеміз Жезқазған асып, кірейші қызметіне орналасады. Мал жайына бұрыннан қанық ол, бертін келе Жезқазғаннан құм аралас мысты Қарағандыға таситын 500-дей түйе керуенін басқарады. Ұзын бойлы, жауырынды, қаба сақалды жігіт ағасы Шораға орыс-қазағы «Жарайсың, азаматым!» деп арқасынан қағады. Оның жырақта жүріп үлкен беделге ие болғанын ауылдағы туыстары есітіп «Кел де, кел!» –деп елге шақырады. Ел көрген, жер көрген оған жарлы-жақыбайлар аз-кем малын жинап, Орынбор базарына айдауды тапсырады. Ұры-қары жайлап, қашқындар қаптап жүрген тұста мұндай істі ердің ері ғана атқара алар-ды. Ал Шора болса бұл сапардан әркез олжалы оралады. Жолдағылар: «Шоң Шора келе жатыр, жол беріңдер!» дейтін дәрежеге жетеді. Әкеміз кейін колхоз ұйымдасқанда бірауыздан «Жданов» ұжымшарының төрағалығына сайланады. Мәрзия, Ханиба, Айжан есімді үш әйелге үйленеді. Ұзын етектілерге де сүйкімді болғаны ғой. Солардың бірі сіздің апаңыз, Шәке!..
–Әй, бәрекелді! Әрі жалғастыра бер!
–Содан уәделескен жолдастарға да хабарласпадым. Үйге де ештеңе айтпадым. Түнгі пойызға отырып, Мәскеуге жөнеп берейін... Сол 1955 жылы үкіметтің қаулысы шығып, онда медалистер негізгі бір пәннен емтихан тапсырса институтқа түседі деген. Тәуекел деп, институтқа құжаттарымды тапсырып, емтиханға кірдім. Бес-алты абитуриент отырмыз. Есепті тез-ақ қағып тастадым. Бірақ, негіздемені қазақ тілінде жаздым. Орысшалауға қабілетім жетпеді.
–Қане, қайсысың дайынсың?–деді емтихан алушы.
–Мен дайынмын,–деп қолымды көтердім.
Есебімді қарап шықты. Байқаймын, разы болғандай. Сосын әлі мүлгіп отырған абитуриенттерге менің есебімді көрсетіп:
–Смотрите, он тоже окончил национальную школу, а как решил задачи! – деді. Сөйтіп, «төрт» деген баға қойды. Осы арада өзіме сабақ берген Ебейсін аға мен Мәдина апайды еске алып, емтиханнан алақайлап шықтым.
–Ал, институтқа түстің!..
–Барлық сабақ орыс тілінде жүреді. Лекцияларды үлгіріп жаза алмай, әбден қиналдым. Бірақ, қайтпадым. Сосын шетелдік студенттерді орыс тілінде оқытатын арнайы курсқа жазылдым.
–Әні, талап тас жарады деген осы, Самат мырза! Сіз білесіз бе, көп адам өзін-өзі алдайды, «менде туғаннан ондай дарын жоқ, не келер дейсің қолымнан, осыған ұрынбай-ақ қояайыншы» дегендей... Негізі, адам туғанда оған қабілет-қарым қанмен 5 процент, бәлкім 10 процент, тіпті 20 процент-ақ берілді дейік. Ал, қалғаны еңбекпен, табандылықпен келеді екен. Сіз сөйтіп табандылықпен Мәскеудің маңдайалды институтынан ауыл шаруашылығы машиналарын, автомобиль мен тракторларды жөндеу және пайдалану жөніндегі инженер-механик мамандығын алып, 1960 жылдың 15 тамызында, яғни, 24 жасыңызда Алматыдағы №2-ші экспедициялық-автотранспорт базасына шебер болып қызметке кірісіпсіз де, 5,5 ай өткен соң бас механик, тағы бір үш айдан соң шеберхананы басқарыпсыз. Және бір 8 ай өткізіп, 1962 жылдың 8 ақпанында бас инженерлікке көтеріліпсіз. Бұл қалай? Бір жарым жылдың ішінде-ақ автобазаның астан-кестенін шығарыпсыз. Сондағы жұмысшы-қызметкерлер мен ондағы қазақтар саны қанша еді?
 –Ой, нағашеке-ай! Әлгіде талант тас жарады демедіңіз бе? Мүмкін, солай болар. Әйтеуір, жаңа орта, тамыр-танысым мүлде жоқ-ты. Мұнда төрт жүздей автомобиль және жеткілікті мөлшерде жүкті тиеп-түсіретін механизмдер болды. Ал жұмысшы-қызметкер саны 800-ден астам-ды. Қазақтар өте аз. Ал мен басқарған шеберханада 150 механизатор еңбектенді. Олардың арасында ешбір қазақ баласы болмады.
–1964 жылдың 20 наурызында Талғар автобазасына директор болып тағайындалыпсыз?
–Иә, бұл автобаза ішкі тасымалмен айналысады. Жүк және адам тасымалы ғой. 200- дей жүк және автобустары болды. Онда 300-ден астам адам еңбектенді.
–Мұнда 1,5 жыл еңбек етіп, сонау Маңғыстау түбегінен бір-ақ шығыпсыз. Табаныңды жерге тигізбепті-ау! Онда 1965 жылдың 29-шы маусымында барыпсыз. Сонда тұп-тура 29 жаста екенсіз. Қандай қызметте болдыңыз?
–Мұқият тыңдаңыз, айтайын. Партияның солдаты болдық қой. ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары Маңғыстау түбегінің табиғи байлығын игеру керек болды. Онда тектен-тек өзімше кете барғаным жоқ. Қазақстан Орталық партия комитетінің транспорт бөлімі мен Қазақстанның автотранспорт министрлігі екеуінен Орталық партия комитетінің секретариатына мені Маңғыстауда жаңадан құрылып жатқан өндірістік-автотранспорт тресіне меңгерушілікке бекіту туралы ұсыныс түседі.
–Е-е, сөйтіп, орталық партия комитетінің секретариаты бекітті десеңізші. Бұл үлкен лауазым ғой. Сірә, сенім ақталған-ау. Тресті алты жыл басқарыпсыз. Аз уақыт емес. Және осы жылдарда КСРО-ның «Құрмет белгісі» және Еңбек Қызыл Ту ордендерін омырауыңа тағыпсыз...
–Айтары жоқ, оңай болмады. Біз автотранспорт паркін ұйымдастырып, мұнайшылар мен геологтардың, құрылысшылардың жүк тасымалын, сондай-ақ, халықтың да кідіріссіз жүріп-тұруын қамтамасыз ете білдік. Ал қиындық шашетектен еді. Орталықтан 200 шақырымдай маң дала. Бір аптаның бес күні дауыл соғып, құм борап тұрады. Кадр тапшы. Жол да, су да жоқ. Тұтас жұмысшы поселкесіне су шалғайдан әкелінеді. Судың бір сағат кешігуі партбилеттен айырады. Кадр мәселесін шешу үшін Түрікмениямен шекаралас Бегдат, Красноводскіні және қазақтар тұратын ауылдарды жеке өзім араладым. Ал келуге тілек білдірушілер аз емес-ті. Біз әрбір жанұяның отбасын, мал-мүлкіне дейін екі рейс тегін тасыдық. Олардың арасынан жұмысшы да, экономист те, есепші де, инженер- механизаторлар да табылды. Сөйтіп, жаңадан жасақталған автотранспорт ұжымы алты жыл бойы мемлекеттік тапсырысты аса қиын жағдайда абыройлы орындады. Көптеген еңбеккерлер орден, медальдармен марапатталды. Жетісай автобазасының жүргізушісі Тайшық Қазыбеков «Социалистік Еңбек Ері» атанды. Мұны біздің ұжымның ынтымақтастығына берілген баға деп сезіндік. Өзім болсам, екі орден алдым. Әні, Маңғыстау түбегінің хикаясы қысқаша баяндағанда осындай.
–1971 жылдың 19-шы шілдесінде Алматыға оралып, Алматы жолаушылар автобасқармасының бастығына тағайындалыпсыз?
–Иә, солай. Бұл автобасқарма Алматы қаласы (негізгі транспорты) мен Алматы облысының халқына қызмет етеді. Бұған 18 мекеме қарайды. Жұмысшы-қызметкер саны 16 мыңнан асады. Үлкен шаруа. Мегаполис қала мен Алматы облысы халқының жолаушылау қажетін өтеу қалай оңай болсын! Алпысыншы жылдардың соңы мен жетпісінші жылдардың басында бұл басқармаға сын көп болды. Жоспар орындалмайды. Барлық көрсеткіштер кейін кеткен. Облыстық партия комитетінің бюросында басқарма бастығы орнынан босатылып, қатаң жазаға тартылды. Сол кездегі министр А.К.Жақыповтың қабылдауында болдым. Әуелгіде бас тарттым. Бірақ, «сенің кандидатураңды орталық партия комитетінің секретариаты бекіткелі отыр» дегесін, амалсыз келісім бердім.
–12 жыл басқарыпсыз? Ұжымда Д.А.Қонаев та болыпты. Бірге түскен суреттеріңді көрдім.
–Иә, ол рас. 1976 жылы ғой. Экономикалық, техникалық әлеуметтік іс-шара жоспарларының бәрі дерлік асыра орындалды. Мұны партия, кеңес орындары мен министрлік те білді. Автоматтандырылған жүйеге көштік. Маршруттағы транспорттарда диспетчерлік бақылау жүзеге асты. Яғни, қозғалысқа шыққан әрбір автобус автоматтық бақылауда болды. Бұл жүйе (АСДУ) Кеңес Одағы мен социалистік елдер арасында Алматыда бірінші болып қолданылды. Біздің жұмысымызбен танысуға одақтық республикалармен қатар, Болгариядан, Румыниядан, тіпті АҚШ-тың транспорт министрінің орынбасары бастаған делегациялар келді. Олар Мәскеуге келгенде, менің «Время» бағдарламасында сөйлеген сөзімді тыңдаған. Сосын да жақсы істі көрмекке Алматыға ұшқан.
–Осы қызметте жүргенде, яғни 1976 жылы екінші Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталыпсыз. Одан кейін де тағы алты жыл басқарып, 1982 жылдың 17 тамызында техникалық қызмет көрсететін облысаралық «АвтоВАЗ» орталығының директорлығына келіпсіз?
–Алматы облыстық партия комитетінің бюросы осылай шешті. Бұл да артта қалған участок болып саналатын-ды. Оның директорын орталықтың жұмысын ақсатқаны үшін одақтық бірлестіктің коллегиясы босатқан еді. Бұл орталыққа республиканың бес облысына – Алматының, Талдықорғанның, Павлодардың, Шығыс Қазақстан мен Семейдің автобазаларына техникалық қызмет көрсету жүктелген-ді. Мен басшылыққа барғасын 8 ай өткізіп, бүкілодақтық жарыста жеңімпаз атанып, ауыспалы «Қызыл Туға» және ақшалай сыйлыққа ие болдық.
Осы жетістікке орай Мәскеудегі орталықтың бас директоры Р.Д.Кислюк Алматы облысына былай деп хат жолдапты: «Первому секретарю Алма-Атинского областного комитета Компартии Казахстана тов. Аухадиеву К.М.
Длительное время Алма-Атинский автоцентр работал неудовлетворительно. Срывалось выполнение государственного плана, лихорадило коллектив, были запущены учет и отчетность. Однако с приходом на межобластной центр «АвтоВАЗ» техобслуживания тов. Жиенбаева С.Ж резко наметился сдвиг в положительную сторону в деятельности этого предприятия. В течение 1983 года обеспечил стабильное выполнение госплана в пяти областях республики, входящих в сферу деятельности Алма-Атинского центра.
По итогам работы за ІV квартал 1983 года коллектив центра вышел победителем во всесоюзном социалистическом соревновании среди предприятий объединения «АвтоВАЗ» техобслуживание. Ему присуждено первое место и переходящее Красное знамя. Руководство объединения «АвтоВаз» выражает удовлетворение деятельностью Жиенбаева С.Ж. и благодарить Алма-Атинскую партийную организацию, воспитавшую достойного руководителя.
* * *
Самат Жиенбаев қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін де, өтпелі қиын-қыстау тұста да жауапты жұмыстарда болып, тіпті 1994-1998 жылдары «Тенгизнефтестрой» акционерлік қоғамының бас директоры қызметін де атқарыпты. Елдік, проблемалық мәселелерге байланысты Үкіметтің жұмысшы тобында әлденеше рет болыпты. Ал өндіріске енгізілген жаңашылдық ұсыныстары мен алғыстары, сый-сияпаттары «Құрметті автотранспортшы», тағы да осындай атақтары жетіп артылады. Оның бәрін тізімдеуді мақсат етпедім. Әйтсе де, 2011 жылы жазылған мына бір алғысты аттап өткім келмеді.
Уважаемый Самат Жиенбаевич!
Управление пассажирского транспорта и автодорог акимата г.Алматы выражает свою признательность за Ваш долголетний и добросовестный труд в созданий и дальнейшем становлении пассажирского транспорта г. Алматы и области, как отдельной отрасли народного хозяйства. Именно, Вы стояли у истоков создания материально- технической базы: 8 городских и 6 областных автопарков, 4 таксомоторных парков, автовокзалов и автостанции. Более 20 лет интересам народа, исправно прослужила внедренная под вашим чутким руководством, автоматизированная система диспетчерского контроля движения автобусов – не имевшее своего аналогов в постсоветском пространстве и получившее в свое время высокую оценку ЦК Компартии Каз ССР.
В.И.Меренков, начальник УПТ и АД города Алматы.
* * *
Ал, 2016 жылдың 16 қыркүйегінде Самат Жиенбаевқа белсенді қоғамдық-саяси қызметі және экономика саласының дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағы беріліпті. Екі миллиондық халқы бар мегаполистің құрметтісі болудан артық баға да, бақыт та болмаса керек. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар?! Олардың жүріп өткен жолдары кез келген статистикадан артық көрсеткіш»–деген-ді. Міне, Самат Жиенбаевтың көп жылғы еңбегі статистиканы он орап алады десек, артық айтқандық болмас.
Самат ініміз қазірде Алматыда тұрып жатыр. Жұбайы – инженер-технолог, қызы- дәрігер, медицина ғылымының кандидаты. Ұлы – инженер-электрик. Әрине, кейіпкерімнің халқы құрметтеген тұлғасын, кәсіби шеберлігін, қиыннан қиыстырып жол тапқан батылдығы мен ой қабілетін толық баяндадым деп айта алмаймын. Әйтсе де, тәуелсіз елінің іргесін бекемдеуге айрықша үлес қосқан жерлесті, аралдықты, өзгелер де, әсіресе, бүгінгі жас ұрпақ білсін, ісінен үлгі алсын, сондай еңіреген ер болуға ұмтылсын деген ақ ниетпен арлы, намысты азамат туралы аз-кем білгенімді қағазға түсірдім.
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
ақпарат саласының үздігі, дербес зейнеткер.
29 қаңтар 2019 ж. 743 0