Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жын ба, шын ба...

Жын ба, шын ба...

Арысы Аралқұм, берісі Арал, Алтықұдыққа дейінгі аймақ Бекетке бес саусағындай таныс құтты мекен. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Сапақта жастайынан өсіп, жігіт болған дер шағына дейін осы өлкенің маңында ойнақшып өскен Бекеттің түн құшығында келе жатқаны бүгін емес. Жапан далаға жан бітірген тас жолдың бойымен жүйткіген көлік нөпірі төңіректі нұрға бөлеп тұрғаны болмаса, дала көзге түртсе көрінбейтін қара түнек құшағында.

Сапақтың жанындағы Тасбөгет деген қыстақтан түнделетіп қайтқан Бекеттің бар ойы елге жету. Көптен қара үзіп қалған малының ізін кесіп, көрдім-білдім көздерден сұрастыра жүріп шеккен сапары бұл жолы сәтсіз болғаны көңілін түсіріп-ақ жіберген. Ертеңгі күннің бағыты мен сапарын ойша жоспарлап келе жатқан жігіт ағасының бар ойын көлік дыбысынан өзге нәрсе бұзып жібергендей ме?! Расында анадайдан көлбеңдеген адам бейнесі түн құшағындағы жолаушыға қол бұлғайтындай. Әдетте қорқыныш деген дүниені көп ойлай бермейтін Бекеттің бар ойы әлгі жалғыз-жарым жанға көмектесу-етін. Десе де есі дұрыс қыздың елсізде елеске айналғаны қалай? Басын хиджаппен орап, етегін қымтаған бейбақтың кім екені белгісіз. Неде болса көмекке ұмтылған ауыл баласының адалдықтан өзге арам ойы болмағаны айдан анық. Дереу есін жиып үлгерген жолушы астындағы қос дөңгелекті мотоциклді тоқтатып үлгерді. Жеткен жерім осы дегендей тынысы тарылып, өшті де қалды әлгі көлік. Түн құшағындағы даланы меңіреу тыныштық жайлап алды. Екі бағыттан қауышқан екеудің жолдың жайынан басқа айтары жоқ. Көліктен түсіп үлгермеген Бекеттің бұл жолы екі иығын елсіздегі қыздың қолдары қапсыра қысқандай. Амандық-саулық сұраспастан:
– Жүр кеттік, мені анау жерге алып бар, – деді әлгі қыз.
– Қайда?
– Сен қайда барсаң, сонда, – деп үн қатты жуан дауыспен. Жын ба, адам ба деген ой Бекеттің санасын дүр сілкіндірді.
– Тоқтай тұр, шырағым, алдымен мына мотоциклді оталдырып алайын, – деп серіппе тетікке аяғын қоя берген жүргізушіні «болсаңшы» деген ащы дауыс селк еткізбесі бар ма?
Бұл жолғы дауыс меңіреу түнді тілгілеп өткендей. Дереу тізгінге жабысқан Бекет есін жиып үлгерместен алға ұмтыла берді. Бұл жолы бойын әлдебір үрей билеп барады. Терең тыныстап, тізгіндеген қос аяқты көлікті ауыл көрінер қырат басына тоқтатқаны сол еді, жан-жағында жан баласы жоқ. Әлгі қыз да ізім-ғайым жоғалған. Жын болар деген ой бұл жолы Бекеттің бойын түгел билеп алды. Аузына түскен дұғаны оқып, «биссмиллаһ» айтып тәубеге келген жолаушы жан-жағына елеңдей қарайды. Жақын маңда ешкім жоқ... Сапарын жалғауға енді қозғала бергені сол еді, әлгі қыз қайта пайда болып, артқы орынға жайғасты. Қайдан келді, қайдан шықты түсініксіз. Бойын қорқыныш билеген Бекет ауыр күрсініп:
– Қайдан келдің? – деді.
– Дәрет сындырып алдым. Ал енді жүре бер, – деп үн қатты әлгі бейтаныс жан.
Не де болса сұраққа жауап бергеніне қарағанда бұл да Құдайдың жаратқан пендесі болар. Кім екенін білмек болып әңгімеге тартқан Бекет бұл жолы қойған сұрағына жауап ала алмады. Ауыл сыртындағы мешіт жанына тоқтағаны сол еді, артқы орынға жайғасқан әлгі бейбақтан көз жазып қала берді. Бұл жолы бұл қыз үшті-күйлі жоқ болып кетті. Мешітке кіргізіп, оны қамап қоюды ойлаған жігіт ағасының бұл ойы іске аспады. Бар ойы оны молдаға қаратып, кім және қандай бейбақ екенін білу ғана еді. Өкініштісі, екеудің арасындағы белгісіз байланыс пен түнгі сергелдең осымен түгесілгендей. Бекеттің санасында әлі күнге дейін жауабы жоқ бір сұрақ бар. «Сол бір қыз кім? Жын ба, әлде шын ба?» жауабы әлі күнге белгісіз.
Сол түні ауыл молдасына барып, болған жағдайды баяндаған Бекет әлгі оқиғаны сөз жүзінде айтып беруден басқа амалы қалмады. Көзге шұқып көрсетер дәнеңе де жоқ. Десе де көңілдегі күмәнді сейілтпек болып, жанына бір ауылдасын ертіп келген ізімен қайта аттанды. Бар ойы әлгі аялдаған жерге ол қыз дәрет сындырды ма деген ой. Бұл маңның сай-саласы бес саусағындай таныс Бекет үшін межелі жерді табу қиынға соқпады. Ол жерден баланың табанына ұқсас із бен кіші дәреттің орнын байқаған соң аласұрған Бекеттің көңілі орнына түскендей болды. Неде болса көзге көрінген дүниенің жалғандығы жоқ. Жұрттың көзімен елес, өзінің көзімен өмірлік бейнеге айналған әлгі оқиға достар арасындағы кезекті бір отырыста айтылған-ды. Анығы Аллаға аян...

А. БИСЕНОВ
27 мамыр 2023 ж. 462 0