Оңғар аға туралы мен білген хикаят
2002 жылдың қаңтар айының орта шені болатын. Менің докторлық диссертациямды Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің «Саяси экономия» кафедрасында үш сағаттық талқылаудан соң, сөзі ететін академик «жұмысын қиын тақырыпқа жазылған, біз оны түсінбедік» деген желеумен қорғауға жібермеді. Бұл келеңсіз жағдайды естіген МГУ-лік жақын әріптесім, осы университеттің сол кездегі проректоры, профессор А.В.Сидорович маған «бізге келіп қорға» деп ұсыныс айтты. Осы әңгімені бір реті келгенде кішкентайдан бірге өскен кластас досым Нағашыбай Көшеновке, оның жары Күнқияшқа (бәрі оны Қияш дейді) айтқан болатынмын. Сол жерде Қияш «Мәскеуде менің Оңғар деген ағам тұрады, жеңгеміз орыс халқынан» деп о кісілер туралы біраз мағлұмат беріп тастады. Және де «қолың тисе сәлем беріп, танысқаның жөн» деп олардың мекенжайын, телефон нөмірін жазып берген болатын.
Сонымен алдағы ақпан айының басында «Мәскеу қайдасың» деп тартып кеттім. Барып, негізгі шаруамның алғашқы мәселелерін біршама ыңғайластырған соң, Мәскеуден 47 шақырым жердегі «Ильинская» теміржол бекетіне жолға шықтым. Қазан вокзалынан электрпойызға отырып, діттеген жерге келсем, Оңғар ағам мені вокзалда күтіп тұр екен. Алдын ала телефон шалғанмын, бірақ өзі күтіп алады деп ойлаған жоқпын. Міне, Оңғар ағаммен, оның отбасымен: Раиса Васильевна жеңгеймен, кейінірек ұлы Максиммен (өкініштісі, ол ерте қайтыс болды), қызы Маринамен таныстығымыз осылай басталған еді.
Жер үйде тұрады екен. Өзім туралы қажетті ақпарат алған соң, елді, ауылды ерекше сағынғаны соншалық, сұрақты жаудырды кеп. Сол жерде және кейін де анық байқағаным, ағамыздың ана тіліндегі сөздік қорының молдығы, қаншама жыл өзге ұлттардың арасында жүрсе де, сөз саптау мәнерінің нағыз қазақылығы, тіпті ауылда, елде жүрген қазақтардың өздері өте сирек қолданатын сөздерді орынды айтуы мені тәнті етті.Осылай және кейін де ағамызбен біраз жыл бойы аралас-құраластығымыз жалғасын тапты. Кейін келе-келе Оңғар аға мені өзіне жақын тартып, өмір жолдарымен, көптеген сырларымен, тіпті кұпия болатын нәрселермен де бөлісті. Ендігі жерде ағамыздың өз аузынан естіген бірнеше жайттармен бөліспекшімін.
Біріншісі, мектепті үздік бітірген ағамыз Алматыдағы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-ге барғанында сынақшылар көпе-көрінеу қысастық жасап, математикадан «төрт» деген баға қойыпты. Оған қатты ренжіген ағамыз әрі қарай емтихан тапсырмай, құжаттарын қайтып алыпты. «Егер де калған емтихандарды тапсыра берсем,сол оқу орнына түскен болар едім» дейтін ағамыз.
Екіншісі, 1960 жылы Мәскеудің алдыңғы қатарлы техникалық оқу орындарына он баланы конкурспен қабылдайтын іріктеу комиссиясына үздік талапкер болып қатысыпты. Сол жерде мынадай оқиға орын алған көрінеді. Көптеген талапкер комиссия жұмысы өтіп жаткан үлкен бөлменің ауызғы бөлмесінде ерсілі-қарсылы жүріп, кезектерін күтіпті. Әрі қарай ағаның өзі айтсын: «Мен болсам, мені бірінші не екінші шақырады деп ойладым. Олай болмады, бірнеше бала кіріп-шығып жатты, біраз қобалжыдым дегенмен бесінші боп кірдім. Столдың екі жағына біраз адам алға жайғасыпты, төрде комиссия төрағасы, меніңше, сол кездегі білім министрі. Отбасымызға, әке-шешеме, жұмыс өтіліме, оқуға деген құлшынысыма қатысты біршама сұрақтарға жауап берген соң, «шыға тұр, комиссия шешімін кейін айтамыз» деді. Шығып бара жатқанымда есік жаққа жақын отырған егде тартқан әйел адамның «мына баланың әкесі жоқ жетім екен, қолдауымыз керек-ау» дегенін құлағым шалып қалды. Ішім жылып қоя берді. Бір кезде қайта шақырып, комиссия төрағасы: «Қазыбаев Оңғарбай, сен конкурстан өттің, саған Мәскеудегі Бауман училищесіне жолдама береміз» демесі бар ма? Төбеме біреу мұздай су құйып жібергендей болды. Сонда қалай, бар болғаны училище ме, OMI мен Қазалыдағы ЖДУ-ды (теміржол училищесін) бітірген жоқ па едім? Бұнысы несі? Менің Бауман училищесінен мүлдем бейхабар екендігімді абдырап қалғанымнан түсінген комиссия төрағасы осы оқу орны туралы аз-кем мәлімет берді. Менің бір түсінгенім – бұл училищенің космосты игеруге қатысты сирек мамандарды дайындайтындығы. Ішімнен бәрібір онша риза болмасам да «жазған кұлда жазық жоқ» демекші, менің пешенеме Мәскеу Бауман училищесі бұйырды».
Үшіншісі, бұл училищенің көптеген ерекшеліктері бар екен. Ең бастысы, өте құпия оқу орны екендігі. Артық сөз айту жоқ, жазған конспект-дәптерлерімізді арнайы жерде қалдырамыз, сыртқа алып шығу жоқ. Сабақ беретін космонавтиканың бас конструкторы С.П.Королевтан бастап басқа да академиктер, профессорлар, мамандар, генералдар дәрісханаға қоңырау шалынған соң бес-он минуттан кейін кіріп, үзіліске сондай уақыт қалғанда шығып кететін көрінеді. Оларды дәлізде ешкім көрмеуі керек. Сонымен алты жыл оқып, оқуды космос корабльдерін жерден жұлып алып шығатын қозғағыш (стартовый двигатель) маманы ретінде үздік бітіріпті. Не деген алғырлық, не деген талапшылдық, не деген білімділік! Сөйтіп Оңғар ағамыз осы білімділігін әрі қарай жоғары біліктілікке ойдағыдай ұластырған көрінеді. Оған дәлел – о кісінің мемлекеттен, космос саласы басшыларынан алған көптеген сый-сияпаттары. Бұның бәрін бір келгенімде асықпай көріп, көзімнің жеткені бар.
Төртіншісі, ағамыздың үйленіп, орыс келінді алғаш рет ауылға алып келгені тіпті қызық. Ауылға келердің алдында жеңгемізге қазақ халқының салт-дәстүрі туралы біраз «лекция» окып, о кісіні жақсылап дайындаған көрінеді. Бұл жерде ең бастысы, келінге сәйкес көйлек кигізіп, ауыл адамдарына сәлем салуды үйретіпті. Арал бекетіне келіп, пойыздан түскен бойдан Раиса жеңгеміз жаңа келін ретінде күтіп алған адамдардың бәріне бірдей иіліп сәлем бере беріпті. Бұл жайт ауылына жеткен соң да жалғасын тауыпты, тіпті жас балаларға дейін сәлем салудан жаңылмапты. Ағам «бұл көрініске ауыл адамдары бір мәз болып қалған еді» деп айтып отыратын.
Сөз соңында айтарым, Оңғар ағамыз саналы өмірінің көп бөлігін елден жырақта өткізсе де, еш уақытта өзінің нағыз ұлттық, шынайы қазақылық болмысын жоғалтпай сақтап қалған ерен тұлға. Әрине, о кісінің тағдыры сол заманның үрдісіне, сұранысына сәйкес келді. Еліне, халқына, бауырларына деген нәзік сағынышымен қатар, іске асыра алмаған арман-тілектерінің, "әттеген-айларының" болуы да әбден мүмкін. Ендігі жерде Оңғарбай Қазыбаев ағамыздың еңбек жолын тағы да жан-жақты сүзгіден өткізіп, Раиса жеңгеміздің салауатты жүрген кезін пайдаланып, осы қайталанбас тұлғаның атын болашақта еске сақтау үшін біршама іс-шаралар өткізу орынды деп есептеймін. Бұл шаруа, айналып келгенде, Арал ауданы басшыларының, әртүрлі коғамдық ұйымдардың, оңғартануға бей-жай қарамайтын жұртшылықтың еншісінде. Бұндай шаралар болып жатса, катысуға дайынмын.
Орақ АЛИЕВ,
экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан экономикалық ғылымдар академиясының академигі, Қызылорда облысы, Қазалы ауданынын құрметті азаматы